Ниетбай Оразбаев: Қазақстанның азаматы болсам да, маған іздеу жарияланған
Қарақалпақстандағы дүрбелең Қазақстанға да салқынын тигізіп отыр. Өзбекстанның сұрауы бойынша, Қазақстан полициясы елде тұрып жатқан қарақалпақтың бес белсендісін қамауға алды. Олардың ішінде блогер-диссидент Қошқарбай ТӨРЕМҰРАТОВ, оппозиционер Жангелді ЖАҚСЫМБЕТОВ, врач-кардиолог Раиса ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА, Зиуар МИРМАНБЕТОВА және Тілеубике ЮЛДАШЕВА да бар.
Таразының бір басында халықаралық құқық қорғау ұйымдары тұр. Мәселен, Human Rights Watch Қазақ билігін бұл адамдарды Өзбекстанға қайтармауды талап етіп отыр. Ұйымның пікірінше, отанына қайтарса, бұл адамдардың үстінен саяси тұрғыдан қылмыстық іс қозғалып, азаптауға ұшырауы мүмкін.
Өзбекстан ұстап беруді талап еткендердің арасында Қазақстан азаматын алған қарақалпақтар да бар екен. Соның бірі – Маңғыстау облысындағы қарақалпақтар диаспорасының төрағасы Ниетбай ОРАЗБАЕВ.
Ол NEGE тілшісіне берген сұхбатында мән-жайды егжей-тегжейлі баяндап берді.
– Қазақстандағы қарақалпақ белсенділерінің тұтқындалыпты. Бұл адамдар кімдер? Не үшін ұсталып жатыр?
– Қарақалпақстаннан шыққан белсенді азаматтарды ұстап жатыр. Өзбекстанның ішкі істер министрлігінің талабы бойынша, олардың үстінен мемлекетаралық іздеу жарияланған.
Бүгінде бес белсенді қамауда. Соның екеуі – ер адам, үшеуі – әйел. Соңғы ұсталған Тілеубике Юлдашованы Ақтөбе облысынан Ресейдің Орынборына өтпек болған жерінен қазақ шекарашылары ұстаған.
Бұл істермен Халықаралық құқық қорғау ұйымдары айналысып жатыр.
– Бұл адамдарға қандай айып тағылды?
– «Өзбекстан Республикасының конституциялық құрылымына қарсы іс-әрекет жасады» деген айып тағылып отыр. Бұлар – Өзбекстанның азаматтары. Үшеуінің Қазақстанда тұруға ықтияр хаты бар. Қ.Төремұратовтың жұбайы да, балалары да Қазақстан азаматы. Отбасына қосу бағдарламасына жатқызылған. Тұруға ықтияр хаты ғана болған. Ертеректе Ислам Каримовтың кезінде Өзбекстанға барған кезде оны ұстап алып, қамап, 4 жылға бас бостандығынан айырған-ды. Жағдай осындай.
– Олар қазір қайда? Қазақстанда ма?
– Әзірге Қазақстанда. Себебі, Еуроодақтың басшысы келмей тұрып, Human Rights Watch атты халықаралық құқық қорғау ұйымы Өзбекстанға бермеу жөнінде Қазақстанға талап қойды. Бұл ұйым өз жұмысын жасап жатыр.
– Қазақстан белсенділерді қандай себеппен ұстады? Өзбекстанның талабы бойынша ма, әлде басқа да іліктері бар ма?
– Өзбекстан 1 қыркүйекте мемлекетаралық іздеуге берген. Мұның бірден-бір себебі – 26 қыркүйекте ОБСЕ-нің Варшавада өткен халықаралық конференциясы. Құқық қорғаушылар бұған Қарақалпақстандағы жағдай туралы арнайы хат жолдаған. Ташкент соның алдын алмақ болған. Іздеуге берген адамдардың қатарында Қазақстан азаматы болсам да, мен де бармын.
– Сізді де қудалады ма?
– Бұл жөнінде маған Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің қызметкерлері келіп, мән-жайды айтып, қолыма анықтама қағазын беріп кетті. Онда Өзбекстанның ішкі істер министрлігі тарапынан 1 қыркүйекте мемлекетаралық іздеу жарияланғаны, 159-баптың 4-тармағы бойынша, яғни, «Өзбекстан Республикасының конституциялық құрылымына қарсы әрекет жасады» деген айып тағылғаны көрсетілген.
Мен қазіргі кезде Маңғыстау облысы прокуратурасына хат жолдап, жауабын алдым. Осы жауап пен полиция департаментінің анықтамасын қосып, Қазақстанның Бас прокуратурасына хат жазып, жауап алдым. Өзбекстан тарапынан маған қандай айып тағылғаны, қандай іс қозғалғаны, соның бір көшірмесін сұратыпты.
Заң бойынша, мен Қазақстанның азаматымын. Үстімнен нақты бір қылмыстық іс қозғалған жоқ. Ресей Федерациясына қарасты Басты сараптамалық орталық деген бар. ТМД елдерінің келісімі бойынша, осы орталыққа Өзбекстан Республикасының ішкі істер министрлігі тарапынан маған мемлекет аралық іздеу жариялаған. Осы орталықтың Қазақстанның ішкі істер министрлігінің базасына кіруге құқығы бар. Сол жерге ендіреді екен. Сол базаға енгізілсе, тізімдегі адамдарды алып тастауға Қазақстанның құқығы жоқ екен.
– Демек, қарақалпақ белсенділерін Ресейде немесе басқа да ТМД елдерінде ұстауы мүмкін бе? Бүгінге дейін басқа елдерде де ұсталғандары бар ма?
– Әзірге ондай дерек болған жоқ. Тек Қазақстанда ұстап жатыр. Алдымен қырық күнге, сосын тоқсан күнге қамады. Әлі де қамау мерзімін ұзартып жатыр.
– Бұл жайтқа қандай баға берер едіңіз?
– Бұл екі елдің арасындағы келісім бойынша жасалынып жатқан нәрсе. Өз тарапымнан айтсам, өкінішті жайт. Қазақстан айналып келіп, соларды қолдап жатыр. Өзара келісім шарттарды орындау үшін бе, басқа ма, ол жағын білмедім. Шынын айтқанда, өкпеліміз.
– Қарақалпақстандағы қазіргі жағдай туралы хабарыңыз бар ма?
– Ресми дерекке сүйенсек, Қарақалпақстандағы 1-2 шілдедегі оқиға бойынша қамалғандардың 170-і босатылған. Жоғарғы кеңестің қоғамдық келісімінің кепілдігімен. Яғни, ұсақ-түйек айып тағылған адамдарды үйлеріне қайтарған. Бірақ негізгі айып тағылғандар шыққан жоқ. Оларға да 159-баптың 4-тармағы бойынша, яғни, «Өзбекстан Республикасының конституциялық құрылымына қарсы әрекет жасады» деген айып тағылып отыр. Бұдан бөлек, «билікті басып алу» деген айыпқа іліккендер бар.
Ресми мәлімет бойынша, 500-ден аса адам қамалған. Оның 170-сі босады дейік. Қалғаны әлі түрмеде. Бейресми мағлұмат бойынша қамауға алынғандардың саны бұдан әлдеқайда көп – мыңнан асады. Адвокаттар оларды қорғай алмай жатыр.
Абақтыдағыларға айына тек екі рет қана сәлемдеме бергізеді екен. Бірақ туыстарымен кездестіріп, сөйлестірмейді. Президент тарапынан құрылған комиссияның қорытындысы әлі жоқ. Не істеп, не қойып жатқанын ешкім білмейді.
Комиссия мүшелерінің барлығы – мемлекеттік қызметкерлер. Ішінде сотталып шыққан адамдар да бар. Бірақ бәрі қағаз жүзінде секілді.
Өзбекстанның маған қолданбақ шарасы – тұтқындау. Егер полиция қызметкері ұстап, планшетпен тексерсе, мен халықаралық іздеудегі адам болып шығамын. Сауатты полиция болса, жақсы. Түсініп, босатады. Сауаты, тәжірибесі аз полиция қызметкері болса, мән-жайды анықтағанша мені қамауға алуға толық қақысы бар.
– Сонда үйқамақтасыз ба?
– Жоқ, мен полициядан анықтама алдым. Қолымда Маңғыстау облысының прокуратурасының жауабы бар. Бас прокуратураның Өзбекстаннан менің үстімнен қозғалған қылмыстық істің көшірмесін сұратқаны жөнінде қағазы бар. Бірақ негізгі қылмыстық іс жоқ. Мен бұл іс бойынша жауап беруге әзірмін. Тек істі көрсетсін.
– Жауап беруден қашпайсыз ғой?
– Полиция қызметкері маған өзбекше жазылған бір құжаттарды көрсетті. Өзбекстанның Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі мен Бас прокуратурасы шығарған екі қарарда мені «2 шілдедегі оқиғаға тікелей қатысы бар» деп айыптапты.
Шынтуайтында, ол жаққа бармағаныма бір жылдан асып кетті. Ешқандай негіз жоқ. Олардың мақсаты – мені ешқайда шығармай, тұсаулау. Және Қазақстандағы этномәдени ұйымымызды жабу.