Мақсат ЖАҚАУ, саясаттанушы: САЯСИ мәдениетсіз САЙЛАУ туралы сөз қозғау да мүмкін емес
Сайлау науқанының көрігі қызып келеді. Додаға түсіп, бақ сынап көремін дегендердің қарасы көп. Тәуекелге бел буғандардың бірінің жолы болса, екіншісі тәжірибе жинап көрмек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлаудың әділ өтуіне кепілдік беруі де үміткерлердің көп болуына түрткі болып отырғаны сөзсіз.
Сайлау науқанының бет алысы жөнінде NEGE тілшісі саясаттанушы Мақсат ЖАҚАУҒА сұрау салды.
– Бұрынғы сайлауларға қарағанда, осы жолғы сайлаудың қандай ерекшелігін байқадыңыз?
– Биылғы парламент және мәслихат сайлауы демократиялық өзгерістерге аяқ басқалы бері халқымыз ұзақ күткен науқан десек, қатты қателеспейміз. Бұл сайлаудың басты ерекшелігі, мажоритарлы жүйе бойынша тәуелсіз үміткерлер, тәуелсіз ұйымдардың өкілдері қатысып жатыр. Саяси бәсекелестіктің көрігін қыздыратын ерекше сайлаудың түрі осы.
Бұл жүйе бойынша көп қатысушы бар. Мысалы, партиялық тізім бойынша 283 орын, ал бір ғана партиялық тізімде 600 үміткер бар. Бұл – жергілікті мәслихат үшін тартыс.
Ал парламентке үміткерлердің саны аздау. Бұл мандаттың белгілі бір дәрежеде шектелуіне байланысты. Бір орынға 63-69 адам таласып жатыр. 29 орынға мұншама үміткердің таласуы – бұрын-соңды болмаған демократиялық дүмпудің көрінісі.
Мәслихатқа мұнша кандидаттың бәсекелестігі – соңғы он-он бес жылда болмаған жағдай. Сан болмай, сапа да болмайды. Бұл сайлауға барынша қатысу керек. Және алғашқы әттеген-айлардан өту де қажет.
– Кемшін тұсы туралы не деуге болады?
– Жергілікті жерлерде сайлаушылардың руласына, ауылдасына бүйрегі бұрылып кетуі әбден мүмкін. Бірақ үміт артқан кандидаты уәдесін орындамаса, кәсібилігін көрсетпесе, заң бойынша оны қайтарып алатындай мүмкіндік беріліп отыр. Мұның бәрі үміткерлерді сапалы іріктеуге, сайлаудан сайлауға жаңа деңгейлерге көтерілуге мүмкіндік береді.
Осы жолы парламенттен де, маслихаттардан да сапалық деңгейді көреміз. Бірақ әлі қателіктер болады. Әкімшілік ресурстарды қолдану секілді бұрынғы ескі әдетке қайта басуы әбден мүмкін. Десе де, заң аясында көп нәрсені түзеуге болады. Сауатты кандидаттар, сауатты заңгерлер болса, әкімшілік ресурстардың қолданылғанын дәлелдеуіне мүмкіндігі бар. Халықтың дауысын ұрлағандарды жазаға тартып жатса, бұл да әділ сайлаудың, жаңашылдықтың көрінісі болар еді. Біз осыдан да өтуіміз керек.
«Ауру қалса да, әдет қалмайды» деген сөз бар. Сол жаман әдеттерден арылған сайлау көп мүмкіндікке жол ашады. Осыны анық көрсетеді. Кейінгі сайлаулардың бұдан адал, таза өтуіне мүмкіндік береді.
– Бұрын сайлауға тіркеудің өзінде де үлкен мәселе бар еді. Қазір басқаша көзқарастардағы адамдар да еркін тіркеуден өтіп жатыр. Мұның өзі де ілгері басушылық дей аламыз ба?
– Конституция бойынша ортақ талаптарға сай кез келген азамат сайлауға түсе алады. Әркімнің де үміткер атануға толық құқығы бар.
Екінші мәселе, салық декларациясында 10-15 теңге көрсетілмесе, немесе бір банк картасы жабылмай қалса, меншігі толық көрсетілмесе, мұның кедергі болатыны рас. Бұл үшін құжат тапсырған кезде тыянақтылық, сауаттылық керек. Мәжіліске өзім де екі мәрте кандидат болдым. Мұндай процестен өткенмін.
Өзіңіздің және жұбайыңыздың банктік картаңыздың тиынына дейін көрсету қажет. Мәслихатқа баратын адам құқықтық тұрғыдан өте сауатты болуы тиіс.
Көп үміткер қателік жіберіп алады да, тіркеуден өтпей қалып жатады. Халықтың алдына шығып, халықтың мүддесін қорғаймыз десеңіз, ең алдымен жеке басыңызға жауап бере алатындай болуға міндеттісіз. Салықты дұрыс төлеп, құжаттарыңызға мұқиятты болғаныңыз жөн. Сонда тіркеуден түсіп қалмайсыз. Егер осы жағы ақсап жатса, кінәні саясаттан емес, өзіңізден көруіңіз керек. Өйткені, заң бәріне ортақ. Үміткерлер де сайлау туралы заңға сәйкес әрекет етіп, кандидаттығын ұсынуы тиіс.
– Қара PR деген де түйткіл бар? Бұған көзқарасыңыз қандай?
– Сайлау – саяси науқан. Бұл жерде PR-дың ағы да, қарасы да бола береді. Саяси технологиялардың құйтырқылығы да, ұтымды тұсы да бар. Бұған да үміткер дайын болуы тиіс. Сайлау арқылы адам саясатқа барады. Саясаттың өз заңдылықтары, өнері бар. Саясатқа тек қана адалдықпен барам десеңіз, ұтылғаныңыз. Бірақ, ең бастысы, халықтың, мемлекеттің мүддесі мен ар-ожданыңызды бәрінен жоғары қоюыңыз керек.
Саясатқа араласуға бел буған адам қашан да қара PR-ға әзір болғаны жөн. Сіздің он жыл, жиырма жыл бұрынғы нәрселеріңізді алдыңыздан шығарып жатады. Кіммен қашан кездесіп, сөйлескеніңізге дейін жіпке тізіп айтады.
Сайлау науқанында дауыс берушілеріңіздің алдында ар-ожданыңыз таза болуы тиіс. Сонда ғана сөзіңізге жауап бере алатын боласыз. Көбі қарсыластарыңызға да байланысты. Кейбірі оған мән бермесе, енді бірі тайталасып кетеді.
Менің түсінігімде, саяси мәдениет қалыптасуы тиіс. Онсыз саясат, сайлау туралы да сөз қозғау мүмкін емес. Саяси мәдениеті жоғары қоғам орнатамыз десек, мұндай әрекеттерге дайын болып, халық алдында жауап бере алатындай жұмыс істеуіміз шарт.