Хангошвилидің өлімі: Путин НЕГЕ шамданды?

Кеше Парижде өткен Норманд форматындағы саммитте неміс журналисі Ресей президенті Владимир Путинге Берлинде оққа ұшқан Грузия азаматы, этникалық шешен Зелимхан Хангошвилиге қатысты сұрақ қойды. Бұған дейін бұл тақырыптан қашқақтап жүрген Путиннің жауабы ерекше тосын болды.

«Сіздер грузиннің өлімі жайлы айттыңыздар. Ол жәй ғана грузин емес, ол – Кавказда сеператистер құрамында соғысқан адам. Ол, тіпті, грузин ұлтынан да емес. Бұл адам бізде қылмыстық іздеуде тұрған» деп бастаған сөзін президент Путин: «Ол қарақшы, өте қандықол адам. Оның қатысқан бір ғана террорлық актісінде 98 адам өлтірілген. Ол – Мәскеу метросында болған жарылысты ұйымдастырушылардың бірі» деп бір-ақ тоқтады. Алайда, Путин қай метроны тілге тиек еткенін анықтап айтпады.

Одан кейін Путин Хангошвилиге қатысты нендей әрекеттің жасалғанын білмейтінін айтып, «олардың қарақшылық жолдағы адамдар екенін, ондай адамдардың басынан неше түрлі оқиға өтуі мүмкін екенін» сөз етті.

Путиннің шабына неге шоқ түсті? Хангошвили оққа ұшысымен-ақ қолға түскен «Соколов» деген киллердің Ресей азаматы екені өз алдына, оның паспортының жалғандығы, ол жайлы ақпараттың түп-түгел архивтерден қасақана өшірілгені әшкере боп, бұл іс ресейлік жалдамалылар Англияда улап өлтірген Скрипальдің ісінен кейінгі ең даулы халықаралық қылмыс саналды. Орыс тыңшылығының бүкіл әлемге тағы масқара болғаны шамына тисе керек.

Неміс журналистері Берлиннің орталығында кісі атып, тергеушілермен сөйлеспей қойған жалған құжатты қанішердің Ресей азаматы екенін ғана емес, 1965 жылы қазақ жерінде туып, 80-жылдары Бурятияға көшіп кеткенін, 2007 жылы Карелияда, 2013 жылы Мәскеуде болған тапсырыспен кісі өлтіру ісіне қатысы барын анықтаған. Одан бөлек, The Insider, Bellingcat және Der Spiegel басылымының тілшілері Соколов-Красиковтың орыс әскерінің «Вымпел» арнайы жауынгерлік жасағында борышын өтеп, кейінірек кейбір қылмыстық істері қысқартылу үшін ресейлік Бас барлау басқармасына (ГРУ) астыртын жұмыс істеуге келісіп, «Вадим Соколов» деген жалған құжатқа ие болуы мүмкін деген болжамдар жасай бастаған. Жиналған ақпараттың шынайылығы көңілге қонып, қазір барлық құжат Германия Бас прокуратурасына өткізіліп, өтіріктің аясы тарылып келеді. Оның үстіне неміс прокуратурасы тарапынан ресми түрде «Кісі өліміне Ресей федерациясының мемлекеттік органдары арқылы немесе Ресей Федерациясының бір бөлігі боп есептелетін Шешен Республикасының органдарының арнайы тапсырысымен жасалды» деген салмақты айып тағылып отыр.

Тергеуде жатқан Соколов-Красиковқа жолығуға Германиядағы Ресей Елшілігінің қызметкерлері бірнеше мәрте абақтыға барды. Алайда, неміс тарабы сұратқан мәліметтердің бірде-біріне орыстар жауап бермеген.

4 желтоқсан күні ресми неміс билігі «осы іске қатысты әріптестік ниет танытпады» деп айыптап, елшіліктің екі қызметкерін елден шығарды. Қазір Ресей федерациясының Сыртқы істер министрлігі «ГФР билігінің достық қатынасқа жат һәм негізсіз шешіміне орай» жауап ретінде неміс дипломаттарын да елден шығару мәселесін қарастырып жатыр.

Өз кезегінде Германия канцлері Ангела Меркель де бұл мәселе жөнінде Париждегі кездесу барысында Путинмен бірге талқылап, журналистерге «Біз Ресей тарапынан өзара іс-қимылда әріптестік танытуымыз керек екенін нақты ұғындырдым» деді. Яғни Меркель де мінез көрсетуді бастады деген сөз...

Қанат Ескендір

Қазір оқып жатыр

Алматыдағы қағаз зауытына 49,9 млн теңге айыппұл салынды

Польшада қазақстандық әйел қаза тапты

Трамп Ресей мұнайына салынған санкцияларды уақытша алып тастады

Әскерде тағы бір сарбаз мерт болды