Фейк жаңалықтар ақпараттық қауіпсіздікке қалай әсер етеді?
Заманауи цифрлық коммуникациялық ортада ақпарат сенімділігі мәселесі ең өткір және шешімін таппаған мәселелердің бірі болып отыр. Бұл мәселенің түбегейлі шешу де жиі талқыланады. Айта кету керек, жалпы фактчекинг және жалған ақпаратты анықтау мәселесі журналист пен редактордың кәсіби міндетінен әлдеқайда кең. Редакцияда және әлеуметтік желілерде тараған тексерілмеген ақпараттың құрбанына айналғандар өте көп.
Ақпараттық технологиялар бұқаралық аудиторияға әсер етудің жаңа мүмкіндіктерін берді. Әсіресе, нейро-желілер мен жасанды интеллект дамыған сайын жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды. Олар деректерді жинауға және талдауға, коммуникацияларды болжауға, мазмұнды синтездеуге және адамдардың пікірлері мен мінез-құлқына әсер етуге қызмет ете бастады. Ал өз кезегінде, технологиялық прогрестің нәтижелерін барлау органдары қаржылық және саяси пайда алу үшін өз мүдделеріне қолдана бастады. Атап айтқанда, технологиялар экономикалық және саяси (халықаралық немесе ішкі) процестерге әсер ету, сондай-ақ ақпараттық соғыстар жүргізу мақсатында БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы таратылатын «фейк жаңалықтарды» пайдалана бастады.
Цифрлық орта жалған ақпарат пен қауесеттерді лезде және мақсатты түрде тарататын фейк жаңалықтардың, электронды БАҚ-тың, көптеген әлеуметтік желілердің, форумдардың және мессенджерліктердің тиімділігіне ықпал етеді. Олардың резонанс тудыру қабілетін арттырады. Осыған байланысты жағдайды айтарлықтай тұрақсыздандыратын және көптеген қауіп-қатер төндіретін «жалған жаңалықтармен» күресу үшін ақпараттық қауіпсіздік саласындағы қызметтің маңыздылығы артып келеді.
«Фейк жаңалықтар» феномені бүгін ғана дами бастаған жоқ. Оның дамуына интернет сбеп емес. Ол бұрыннан келе жатқан дүние. Өз кезегінде, сенсация түріндегі жалған жаңалықтар адамзат өркениеті пайда болғаннан бері бар. Мысалы, мысырлық перғауын Рамсес II шайқаста жеңіліске ұшырағанымен, Кадеш шайқасындағы жеңіс туралы қауесет таратқан болатын.
Орта ғасырлардағы ақпарат көздері саяси және діни қайраткерлер, саудагерлер мен саяхатшылар болды. Олар жеткізген фактілер қиялмен, қауесеттермен және өтіріктермен қатар жүрді. Ал сол деректерді тексеру өте қиын, кейде мүмкін емес еді. Ол ең күрделі мәселе болатын.
Мысалы, XV ғасырдағы итальяндық публицист П.Аретино (оны кейбір тарихшылар «журналистиканың атасы» деп атайды) компроматтар мен сенсацияларды сатумен айналысқан. Оның бағытын бүгінгі тілмен «сары басылым» деп атауға толық негіз бар. Орта ғасырлардағы қоғамдық пікірді айла-шарғы жасаудың тағы бір мысалы ретінде әртүрлі қатыгездіктің пайда болуына әкеліп соқтырған өсек-аяңдар арқылы әлеуметтік дүрбелең тудырған белсенді инквизиция кезеңін айтуға болады.
Баспаның пайда болуымен жалған жаңалықтардың таралуы бұрынғыдан да жеңілдеп, ақпарат билік пен мүдде үшін күресте нағыз қаруға айналды. Тиражды көбейту үшін баспа иелері дүрбелеңнен қарулы қақтығыстарға дейінгі салдарға әкелетін жалған сенсацияларды жариялады. Мысалы, ғалымдар америкалық медиамагнат В.Херсттің бақылауындағы баспасөзде фактілерді бұрмалайтын мақалалардың жариялануы 1989 жылы АҚШ пен Испания арасындағы соғысқа әкелді деп есептейді.
«Фейк жаңалық» бұрыннан келе жатқан құбылыс болса, неге қазір әлі де қоғамның назарында? Мұның бәрі ақпараттық технологияның дамуында. Қазір ол жан-жақты ықпал етіп отыр. Егер Интернетке дейінгі кезеңде бұқаралық ақпарат құралдары ғана бұқаралық аудиторияға қол жеткізе алатын болса және олар таралатын ақпаратқа жауапты болса, қазіргі уақытта БАҚ заңдарына бағынбайтын және бұқаралық ақпарат құралдарының аз реттелетін бөлігі болып табылатын әлеуметтік желілер бар. Әлеуметтік желі кеңістігі барлық пайдаланушыларға тегін, тәулік бойы ақпарат таратуға мүмкіндік береді.Егер 20 ғасырда БАҚ саясат пен экономикаға әсер еткен жалған жаңалықтарды жариялай алатын болса, бүгінде фейкті іске қосу әлдеқайда жылдам болып отыр. Толық цифрландыру дәуірінде, өмір виртуалды әлемге өтіп жатыр. Қазіргі жағдайда ғалымдар соңғы жылдарды фактілерді өтіріктен ажырату қиынға соғатынын алға тартып жатыр.
Бірқатар зерттеушілер, атап айтқанда Д.Беккер жалған жаңалықтарды кез келген сенімсіз ақпарат екенін атап өтеді. Фейктер (дезинформация) манипуляция психологиясында жұмыс істейді. Адамдардың көпшілігі жаңалықтарда көрсетілетін құбылыстардың қатысушылары және оқиғалардың куәгерлері емес, сондықтан олар ақпарат көздеріне сенуге мәжбүр. Оқырмандар әдетте таныс дереккөздерге сенеді және баламаларын елемейді. Сондықтан тиімді әсер ету үшін фейк өзін шындыққа жанасатын ресурстар ретінде көрсетеді.
«Фейк жаңалықтардың» пайда болуы әртүрлі себептерге байланысты, соның ішінде қарсыластың (мекеменің, тұлғаның, ұйымның) беделіне нұқсан келтіру үшін жасалады. Фейк жаңалықтар жасаушыдан әлеуетті тұтынушыларға дәстүрлі және электронды БАҚ, порталдар, веб-сайттар, вирустық жарнама, әлеуметтік желілер, мессенджерлер, боттар, заңсыз кибершабуылдар арқылы жетеді. Оларды қолдау үшін жалған аккаунттар, растайтын және мақұлдайтын пікірлерді таратуға арналған бағдарламалар мен «лайк» жиі пайдаланылады. Жалғандарды жаппай тарату үшін бот фермалары, синтезделген медиа-контентті генерациялауға арналған жасанды интеллект технологиялары, «желілік тролль фабрикалары» белсенді қолданылады.
Фейк жаңалықтардың бақылаусыз таралуы үрей туғызады, қоғамды жалған жау іздеуге мәжбүр етеді, деструктивті әрекеттер мен тәртіпсіздіктерге итермелейді, қоғамды тұрақсыздандырады, алаңдаушылық пен белгісіздік сезімін тудырады. Олардың ерекше ықпалы мемлекеттің ақпараттық қауіпсіздігіне де қауіп төнуі мүмкін. Сол себепті адамдардың сауатын арттырып, жалған ақпаратқа сенбеу иммунитетін көтеру маңызды. Сол үшін көптеген мемлекеттерде жалған ақпаратпен күрес үшін арнайы бағдарламалар жүзеге асырылады. Елдің қауіпсіздігін сақтау барынша қолға алынады.