Студенттің көзімен: Мен НЕГЕ Еуропаны таңдадым?
Журналист қыздарыңыз мен – Аружан жарты жылға жуық Польша мемлекетінде журналистика бойынша тәжірбиемді шыңдап келдім. Польшада оқып қана қоймай, алты ай ішінде Франция, Италия, Германия, Испания сияқты мемлекеттерге саяхат жасадым. Шыны керек, сол уақыт ішінде Еуропа мәдениеті мен адамдарына тәнті болдым. Айырмашылықтары мен өмір сүру әдептері Орталық Азия елдерінен қарағанда ерекше. Еуропа десе жұрттың барлығы неге аң-таң болатынын енді түсініп, өз көзіммен көріп келдім.
Польша көшелерінде НЕГЕ камера жоқ?
Біріншіден, Польша мемлекетінде көшеде бірде-бір камера жоқ. Яғни, жылдамдықты асырғаның үшін, жолақты басып кеткенің үшін, әлдебір жол ережесін бұзғаның үшін айыппұл төлемейсің. Рахат қой, иә? Сіз қазір мүмкін емес дерсіз, көшеде ешқандай камера болмаса да, көлік жүргізушілерінің барлығы тәртіппен жүреді. Олардың түп саналарында адам өмірі бірінші орында. Тіпті, бағдаршамсыз, пешеходсыз жерде жаяу жүргінші ретінде жолды кесіп өтіп бара жатсаңыз да көліктер тоқтап, сізге жол береді. Жол апаты болды, соның салдарынан адам өлді дегенді жарты жыл уақыт ішінде бірде-бір рет естімедім де, көрмедім де. Көлік жүргізушілері өздерінің де, жолаушылардың да өмірі қымбат екенін жақсы түсінеді.
Ол аз десеңіз, бұл мемлекетте жол кептелісі де өте сирек болады. Себебі, трамвайлардың саны мен бағыты көп. Олар тез жүреді. Көлікпен 30 минутта баратын жерге 15 минутта жетесің. Автобустың жүруіне де бөлек жолақтар сызылған. Ең ұнағаны, әр аялдамада автобус пен трамвайдың келетін уақытына дейін жазылып тұрады. Мысалы, аялдамада 201-автобустың жүмыс күндері, демалыс күндері мен мейрам күндері қай уақытта келетін кестесі тұратын болса, бүгін сағат 15:06 да келеді десе, тура уақытында келеді. Ары кетсе, 2-3 минутқа ғана кешігуі мүмкін.
Келесі кезек – газды сусындар мен супермаркеттерде. Еуропаның кез-келген елінде газды сусындар табиғи шырындарға қарағанда қымбатырақ тұрады. Егер апельсин шырынының бір литрі шамамен 600 теңге тұрса, коланың 1 литрі 900 теңге. Демек, өз денсаулығыңызға зиян келтіремін десеңіз, қосымша ақша төлейсіз.
Супермаркеттерге барсаңыз, кіре берістен бастап тек қана жеміс-жидектер, әртүрлі шөптер, смузи мен сүт өнімдері ең бірінші болып көзге түседі. Чипсы-кирешки деген сияқты зиянды заттарды тек супермаркет артынан ғана табасыз.
Еуропалықтар НЕГЕ жас көрінеді?
Спорт – тек денсаулық кепілі ғана емес, мәдениет пен тәртіптің бір бөлігі. Еуропада қай жерде болмасын, спортпен айналысып жүргендерді көп кездестіруге болады. Міндетті түрде спорт залда болмаса да, көшеде, паркте жүгіріп, жаттығу жасағандар жетерлік. Сол үшін болар, Еуропаның адамдары әлдеқайда жас көрінеді. Қазақстанда спортпен айналысатындар саны артқанымен, ол әлі де көпшілік үшін күнделікті дағдыға айналмаған.
Халқына келсек, үлкендері сабырлы, мәдениетті болса, жастары тым еркін. Польшаның жастары үшін 18-19 жаста жетістікке жету таңғаларлық нәрсе емес. Олар біреудің әрекетін талқыламайды, жеке өміріне араласпайды, өсек айтпайды. Әлеуметтік желіге «жатып алу» деген нәрсе жоқ. Керісінше, оқуға, білім алуға, жақсы дағдыларға құмар.
Сонымен қатар, еуропалықтардың барлығы дерлік демала біледі. Жексенбі мен мейрам күндері ойын сауық орталықтары, супермаркеттер жұмыс істемейді. Одан бөлек, супермаркеттерде 24/7 жұмыс істеу деген жоқ. Түнгі сағат 23:00-ден кейін міндетті түрде жабылады. Еуропалықтап сапалы өмірге, жақсы демалысқа құмар. Бір сөзбен айтқанда, уақыт пен денсаулықтың қадірін біледі.
Қазақстандық студенттер НЕГЕ алғыр?
Еуропадағы білім жүйесіне ілесу маған оңай болған жоқ. Көш соңында қалмас үшін барымды салдым. Себебі, оқу өзіңе керек. Семестр басталарға аз уақыт қалғанда, сайт ашылады. Сайттан әрбір студент өзіне керек сабақтарды таңдап алады. Яғни, студент университет оқуға міндеттеген сабақтарды емес, өзіне ұнайтын, өзіне қызық сабақтар мен профессорларды таңдауға құқылы.
Екіншіден, группамен оқу деген жоқ. Әр сабақта әртүрлі студенттермен бірге оқып, тәжірбие алмасасың. Мұндағы студенттер өздері қалаған пәндерді ғана оқығандықтан болар, бір саланы ғана жақсы біледі. Оларға қарағанда, Қазақстан мен Ресейдің студенттері алғыр және бірнеше саланы меңгерген. Әрине, бұл мәселеге біржақты қарауға болмас, дегенмен айырмашылық білініп тұрады.
Польша университеттерінде оқу үшін барлық жағдай жасалған. Зерттеу кабинеттері мен ондағы құрылғылар соңғы үлгіде жабдықталған. Биологтар мен географтар орман ішінде түрлі зерттеулер жасай алады. Қысқасы, қандай мамандық таңдасаңыз да, сапалы білім алып шығуға мүмкіндік зор.
Цифрландырудан біз НЕГЕ озып кеттік?
Қазақстан цифрландыру жағынан Еуропадан әлдеқайда озық. Кейбір деректерге қарағанда, әлем бойынша, 24-орында тұрмыз. Еуропада кез келген төлемді почта арқылы төлейсіз. Ол ақша да бірден аударылмай, бір апта көлемінде ғана адресатқа жетеді. Егер, банктен карта ашатын болсаңыз, картаның дайын болғанын 7-8 күндей күтуге тура келеді. Төлемдерді QR код арқылы төлеу деген атымен жоқ. Картаңызды өзіңізбен алып жүруіңіз керек.
Білуімізше, мұның да артық-кем тұстары бар. Мәселен жуырда қазақстандықтардың жеке мәліметтері жария болып кетті. Бұл да жаппай цифрландырудың бір кемшін тұсы болса керек.
Еуропалықтар жеке мәліметтеріне аса мұқият қарайды. Бәлкім, әлі де пошта арқылы ақша аударым төлем картасын қалсатына салып жүргені содан шығар...
Қалай дегенмен де, туған жер бәрібір ыстық. Еуропада білім алып, көп нәрсе үйренсем де, Еуропада қалып қою немесе одан әрі «мұхит асу» туралы еш ойлаған емеспін. Сол себепті де оқыған-тоқығанымды, білген-түйгенімді еліме жұмсаймын, пайдамды туған еліме тигіземін деп шештім. Сіз де сөйтіңіз, замандас!