11 января 2020 г. 10:36

Егескендердің есебі түгел

Фото:

АҚШ пен Иран текетіресінің көлеңкелі тұсы көп. Бір сұмдықтың ізін суытпай екіншінің болуы түрлі ойға жетелейді. Саяси көзқарасты қоя тұрып, логикаға үңілсек, соңғының артынан шырақ алып түсу арқылы алғашқысы назардан тыс қалады. 

Хасан Роухани мен Трамп «түсініспеушілігі» Алматыдағы Bek Air апатынан тұтанған ақпараттық «өртті» әп сәтте өшіргендей болды. Айтайын дегеніміз, Bek Air емес, Сулеймани өлімі украиналық лайнер апатының көлеңкесінде қалды. Біздіңше, мұның бәрі қасақана әрекет немесе жүйелі түзілген жоспар сыңайлы.

Желіде «Қасым Сулейманидің өлгеніне Роухани қуанбаса, қайғырмайды» деген пікір айтылды. Үздік сарбазы қаза тапқанда, қай қолбасшы қуанады?! Boeing 737 құлағанға дейін осы ой орнықты еді. Егер шынымен де Сулеймани өлімі Иран президентін қуантса, онда тікелей тапсырыс беруші деп Роуханиды айтуға болады. 

Қасым Сулейманиды қасақана өлтірген Трамп «өзімізге төнген қауіптің алдын алдық» деп ақталып отыр. АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпео да мұны растады. Тіпті, сенімді түрде баяндап берді. Егер Тегеранның осындай жымысқы ойы болса, сыбысын шығармай, дегеніне жетпей қоймас еді. АҚШ-тың қолы  ұзын, көзі өткір әрі саққұлақ екенін ойға алғанда ирандықтардың қысқа қолды, соқыр және керең, ең бастысы ақылсыз еместігін ескере кеткен жөн шығар. Ендігі жерде екі түрлі нұсқаны назарға алу керек.

Алғашқысы – Қасым Трампқа доқ көрсетіп, соғысты өзі бастады.

Екіншісі – ойын қарсыласқа «оқытып қойған» иран басшылығы жоспарды мүлтіксіз атқарды. Роухани асауды тұсауда ұстай алмайтынын біліп, Трамптан бұрын тыныштығын ойлай бастаған сыңайлы. Өйткені елдегі Сулейманиге деген құрмет президенттен асып түспесе, кем емес еді. Оны жерлеу рәсіміне жиналған жұрттың қарасынан білуге болады. 

Иранның алғашқы басшысы Рухолла Мусавиден кейінгі Али Хаманеиден бастап, Хашеми, Хатами, Ахмадинеджад президент лауазымында 8 жыл отырды. Роуханидың билікке келгеніне биыл жетінші жыл. Бәлкім, жылы орнын Сулеймани тартып алар деп сескенген шығар. Президент қанша жерден күдіктенсе де, Қасымды мінберден тайдырып жіберер қауқары жоқ. Болған күннің өзінде ондай қастықты өз қолымен істей алмайды. Біздің болжам, осы жерде «көмекке» АҚШ жеткен. Өйткені Сулейманиге әлі жететін санаулы мемлекеттің бірі. Әрі Иранға әуелден тіс қайрап жүр.

«Орайы келсе орақ ор» деп АҚШ білек сыбанған, бірақ, Роухани үшін еместігі бесенеден белгілі.

Бас пайдасына берік Ақ үй билігі, тіпті, қазіргі президент Доналд Трамп та тиімсіз іске бармағын қимылдатпайтынын былайғы жұрт біледі. 

Мына заманда бомбалап, жүздеген адамды қырып салу үшін қай мемлекет болмасын тәуекелге баратыны рас. Трамп та, Ақ үй де біраз ойланған шығар. Жоғарыдағы мысалдар шындыққа жанасса, Роухани Трампты қалай көндірді? Келісіп пішкен тон секілді одақтасқан «соғыс» тағы кімге пайда әкелді? 

Сулеймани өлімінің ақиқаты ашылып қалмауын Роухани негізге алған. Генерал өлімін қазбалайтын БАҚ пен саясаттанушыларды шатастыру үшін Тегерандағы украиналық лайнер апаты қолдан жасалған болуы мүмкін. Тегеран білместікпен бір ұшақты жарып жібердік деп отыр. Әсілінде, Трамп қойған талаптың бірі осы сыңайлы. Екінші талап Иран жүрісі кезінде АҚШ жұртшылығы жапа шекпеу керек. Біздің нұсқамыз осы. Әйтпесе, қанға қан, жанға жан дейтін кек қуғыш ирандықтардың сөзін екі еткен сәті болмаған. Қарсы шабуылда АҚШ-тың еш зиян көрмеуі осы ойға тарта береді. 

2020 жыл басталғалы жаһандық БАҚ соғыс өрті тұтанап кетуге шақ тұр деп дабыл қақты, АҚШ пен Иранның қабағын бақты. Бір сөзбен айтқанда, қару-жарақ өндірушілерге бұл «соғыс» майдай жақты. Жуырда Nege.kz тілшісінің «АҚШ пен Иран: Кім күшті?» атты инфографикасында екі елдің қорғанысқа қанша қаржы құйғаны айтылды. Төменде қорғаныс күштерінің рейтингінде 54 орында тұрған Қазақстан мен алғашқы 10 мемлекеттің қауіпсіздікке қанша жұмсайтынын көрсеттік. 

Аталған жағдайдан кейін әр мемлекет қауіпсіздік пен қорғанысқа аямай қаржы құйғалы тұр. Бұл ретте Американың есебі түгел. Әлемдік қару-жарақ өндірісінің басым бөлігі осы елге тесілі. Ол болмады дегеннің өзінде халықаралық сауда айналымы АҚШ долларымен жасалады. 

Қоғам белсендісі Марғұлан Сейсембай осы оқиғаға қатысты желіге жазба қалдырды. Және өзінің ойын мақсатына жеткендерді тізіп аяқтаған.

Инвестордың пайымынша, әлемдегі арнайы қызметтің бюджеті көбейіп, құқықтары мен ықпалы күшейе түседі. 

«Әскери-өнеркәсіптік кешен әртүрлі қару-жарақ түрлерін шығару үшін өте көп жаңа келісім-шарттарға отырады, қауіпсіздік жүйелерін өндірушілер байи түседі. Мемлекеттер азаматтарын бақылауды күшейтіп, саясаткерлер терроризмге, діни экстремизмге (әлемдегі ешбір дін соғысты үгіттемесе де) деген қорқынышын туғызып ойнайды. Әлем поляризацияланып, дос пен жау болып бөліне береді. Ал, демократияны қауіпсіздікті күшейту сылтауымен әрі қарай шектей береді», – деп жазды Марғұлан Сейсембай. 

Қоғам белсендісін қайдам, бірақ, біздің жазбамыз миллион болжамның бірі. Осыны хатқа түсіріп отырып, британдық агент Джон Коулман жазған, зерттеген 300 комитет расымен бар да шығар деген ойға келдік. 

Арман Құдайберген

Тегтер: