20 июня 2023 г. 17:11

Буллинг: Алматылық оқушылар қоғамдағы мәселені қозғайтын спектакль қойды

Фото:

Буллинг – бұл қорқыту, қорлау, бір адамды екінші адамның немесе топтың агрессивті түрде қудалауы. Өкінішке қарай бұл қоғамда қарқынды түрде белең алып бара жатқан мәселе. 

Басқа адамды қорлау арқылы үстемдікке ұмтылғысы келетіндер жоқ емес. Әсіресе, қазіргі білім беру жүйесі осы мәселеге тап келіп жатыр. Осы тақырыпты қозғауды ұйғарған алматылық оқушылар қоғамның жан айқайын спектакль арқылы жеткізді. «Артишок» театрының сахнасында балалар арасындағы кемсіту, қудалау туралы қойылған сахналық қойылымның тұсауы кесілді. 

«Всё, что тебя задевает» атаумен сахналанған қойылымда буллинг, жастардың өз-өздеріне қол жұмсауы, есірткіге әуестену тақырыптары қозғалды. Аты аталған әлеуметтік мәселемен кез келген жасөспірім бетпе-бет келіп жатады. Баланың әлемі шыныдай өте нәзік, сынғыш келеді. Кішкентай болса да дұрыс айтылмаған пікір олардың сағын сындырып, келешекте өмірлеріне кері әсер етуі мүмкін. Бұл жерде ата-ана әрбір баланың өмірінде ерекше рөл атқарады. Маңызды орынды иеленіп тұрған ата-ананың баласын түсінбеуі көптеген мәселеге себепші.

Театр қойылымы көрермендердің оң бағасын алды. Өйткені ол сіз бен біз өмір сүріп отырған қоғамдағы өмірге ұқсас, айналамыздағы болып жатқан оқиғалардың желісіне негізделген. Қойылымды «Қадам» жастарға арналған әлеуметтік орталықтың дарынды балалары қойды. «Қадам» орталығы 2018 жылдан бастап халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы дарынды балаларды оқытумен айналысып келеді. 

«Орталықта балалар актерлік шеберлік, графикалық дизайн, SMM, қаржылық сауаттылық сияқты заманауи мамандықтарды тегін оқиды. Орталық ашылғалы 1500-ден астам студент білім алған, кәмелетке толғандардың 60 пайыздан астамы жұмысқа орналастырылды. Іс-шараны «Алматы Дарыны» орталығы мен Алматы қаласы Білім басқармасының қолдауымен «Қадам Орталығы» ҚҚ ұйымдастырды», - делінген хабарламада. 

Автордың негізгі мақсаты жасөспірім балалар мен ата-аналарының пікірін қалыптастырып, көзқарастарына әсер ету, бір-бірін түсінуді үйрету. Өзге балалардың тарапынан буллинг болған кезде балалар ішіндегісін жақындарына айта алмай, іштей тынып жүреді. Ал ата-анасымен сенімді байланыста болған, олардың қолдауын сезінген бала ішінде сыр бұқпайды. Болып жатқан келеңсіздіктерді жақындарына айтып, жағдайдың алдын алады. Олар бар жағдайды қорықпастан баяндай алады. 

Буллинг те зорлық-зомбылық түрлеріне жатады. Ол тек жәбірленуші үшін ғана қауіпті емес. Бұл сынып ішінде жағымсыз жағдайларды қалыптастырады. Озбырлық жасап, үстемдік етуді үйренген оқушылардың келесі құрбанына айналудан қорқып, мұндай сұмдық жайлы жақ ашпай жүре беретін балалар бар. Себебі барлығы келесі болудан қорқады. Сондықтан буллингті анықтап, кез келген қорлауға жауап беріп, мектептегі әлімжеттіктің алдын алу жоспарын жасау міндетті. 

Буллингтің, жанжалдан айырмашылығы, қайталанатын, жүйелі әрекет. Балалар ұрыса алады, тіпті төбелеседі, бірақ мектептегі буллинг кезінде әрқашан балалар арасындағы күштердің теңсіздігі болады: физикалық (біреу күшті, біреу әлсіз), статус (біреуі танымал, бай, екіншісі жоқ).

Ересек жастағы балаларда қорқыту көбінесе жасырын түрде өтеді, бұл буллингті анықтау барысын қиындатады. Бұзақылық мұғалімнің көзінше жасалмайды, оны шалмайды, теппейді, сөмкесін лақтырмайды. Барлығы тып-тыныш болып көрінгенімен бала сыныптастары тарапынан үнемі моральдық қорлауларға ұшырап отыруы мүмкін. Көп жағдайда буллингтің кесірі үлкен зардапқа алып келеді немесе баланың өз-өзіне қол жұмсауымен аяқталады. 

Буллинг тек балалармен дұрыс жұмыс істемейтін мектептерде, немесе, керісінше, тек жабық, элиталық мектептерде болады деген миф бар. Шын мәнінде, кез келген адам кез келген ортада  буллингтің құрбаны болуы мүмкін. Тіпті, темірдей тәртіп орнатылған үздік мектептердің өзінде балалар буллингпен бетпе-бет келіп жатады. Мәселе белгілі бір баланың қабілетінде емес, бұл құбылыстың артында тұрған механизмнің өзінде. Қойылым барысында осы жайттар анық түсіндірілді. 

Буллинг  қарым-қатынастар үстемдік пен мойынсұнуға негізделген жерде болады. Бала мұндай тәжірибені отбасында немесе мектепте басынан өткізуі мүмкін. Қорқытуды үйренген адам қарым-қатынасты басқаша құруды білмейді. Сондықтан ол көрген-білгенін қайталайды. Мектепте бұзақылықтың алдын алу үшін балалардың агрессивті мінез-құлқына назар аудару қажет.

Оқушылар тіпті мұғалімнің тарапынан да буллингке ұшырауы мүмкін. Егер мұғалім бағынуды талап етсе, оқушылар арасында «сүйіктілері» болса, балаларды қорлауға рұқсат етсе, олардың сәтсіздіктерін немесе ерекшеліктерін мазақ етеді, мәлімдемелерін кемсітуге мүмкіндік береді. Мұғалім өзіне жағымсыз болған баланы осылайша шеттетіп, ар-ожданына тиетін мазақ сөздерді айтатын жағдайлар кездесіп жатады. Мұның барлығы бүгінгі қоғамда кездесіп жатқан әлеуметтік мәселе. 

Кез келген бала физикалық, интеллектуалдық қабілеттеріне немесе отбасылық жағдайына қарамастан қорлаудың құрбаны болуы мүмкін. Психологиялық қысымға буллинг көрсетілгендер ғана емес, оның куәгерлері де ұшырайды. 

Спектакль барысында осындай үлкен мәселе тақырыпқа арқау болды. Қойылым осындай келеңсіздіктерге ұшырағанда қалай әрекет ету керектігіне жол көрсетті. 

UNESCO баяндамасында әлем мектептеріндегі әрбір үшінші оқушы буллингке тап болатыны айтылған. 

Еуропаның әртүрлі елдері бұл мәселені шешудің тәсілдерін іздестіріп жатыр. Қазақстанда да бұл мәселемен күрес жүргізілуде. ҚР Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 21 желтоқсандағы бұйрығымен Баланы жәбірлеудің (буллинг) алдын алу ережесі бекітілген болатын. 

Қағидаға сәйкес, білім беру ұйымы әкімшілігінің келісімі бойынша баланы жәбірлеудің (буллингтің) алдын алу жөніндегі жұмысқа ата-аналар жұртшылығының, қызметі білім беру процесіне қатысушылардың құқықтарын қорғауға қайшы келмейтін мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері тартылады.

Тегтер: