Жәнібек Қожық: Сайланған әкімге жоғарыдан заңсыз тапсырма бере алмайды
Елімізде тағы бір маңызды саяси науқан басталды. Жұрт аса мән бермесе де, бұл сайлаудың маңызы президент, парламент сайлауынан бір мысқал кем емес. Әңгіме ауыл әкімдерінің сайлауы туралы болып отыр. Саяси науқан еліміздің түкпір-түкпірін қамтып жатыр.
Мәселен, осы айда Атырау облысына қарасты 2 ауылдық округтің әкімі сайланса, Павлодар облысына қарасты Солнечный кентінде әкім сайлауы айдың аяғында өтетіні белгілі болды. Ал Ақмола облысының 4 ауданындағы 5 ауыл мен ауылдық округте әкім сайлауы өтетіні бүгін жария етілді.
Үміткерлердің арасында саяси партиялардан ұсынылғандар да, өзін-өзі ұсынғандар да бар. Бәсекелестік күшті. Кейбір аймақтарда тіркелген кандитаттардың саны 15 адамнан асып жығылған. Бұл сайлаудың маңызы сол, жарияланған саяси реформаларды, елді демократияландыру ісін қолға алу жергілікті-өзін өзі басқарусыз мүмкін де емес.
«Ауыл, қала, облыс әкімі, тіпті, президент болсын, халық сайлағаны өте орынды. Халық керек адамын сайлайды. Ең бастысы – сайлауды әділ өткізу. Біздің мақсат сол. Ауыл әкімдері халықты ойласа, аудан әкімі оны кез келген уақытта орнынан босата алмайды. Аудан әкімі саяси тапсырмалар бере алмайды. Мәселен, сайлаулар кезінде «өйт, сөйт» деп бұйыра алмайды. Жұмыс бабымен, қызмет бойынша тапсырма береді. Бірақ заңсыз тапсырма бере алмайды. Бұрын «мына партия мынадай дауыс алсын» деген тапсырмалар болатын. Шынайы бәсекелестікпен халық сайлаған әкім оған бармайды. Халық естіп қалса, ертең дауыс бермейтін болады», - дейді Маңғыстаулық қоғам белсендісі Жәнібек Қожық.
Оның пікірінше, ауыл, аудан әкімдерін сайлау – өте орынды іс. Әрине, алғашқы кездерде қателіктер кетуін жоққа шығармайды. Руласын, жақынын сайлап алуы да мүмкін. Бірақ екінші рет ондай қателікке жол бермейді. Себебі, саяси көзқарас өзгереді.
«2021 жылдың тамызында менің ауылымның тұрғандары баламды әкім етіп сайлап алды. Бәсекелестік күшті болды. Тек қана жеті дауыс артық алып, жеңді. Қазір халықтың көңілінен шығатындай жақсы жұмыстар жасап жатыр. Кешегі Парламент сайлауында сайлау таза, әділ өткен біздің ауылдағы участке болды. «Аманат» партиясы біздің ауылда үшінші орын алды», - дейді Жәнібек Қожық.
Оның айтуынша, сайланған ауыл әкімі қандай әрекет жасаса да, алдымен халықпен ақылдасады. Оны қауымдастық деп атайды екен. Оның шешімдері аудан әкімдеріне ұнамауы да мүмкін. Бірақ қауымдастыққа бағынып, дегенін орындауға мәжбүр. Осындай жақсы тұстары бар екенін ерекше атап өткен жөн.
Десе де, «бір кем дүние» деген сөз бар. Кемшіліктер де аз емес. Бастысы – ауыл әкімдерінің қолының қысқалығы, ауылдық бюджеттердің жоқтығы.
«Әкімдердің қолында түк те жоқ. Бюджеті де, көлігі де жоқ. Көлігіне құятын жанармай да қарастырылмаған. Өз көлігімен жүреді. Екі жүз мың теңге айлығының дені көлігінің шығындарына кетеді. Мұндай адамнан не сұрап, не талап ете аласыз?» – дейді Жәнібек Қожық.
Қоғам белсендісін алаңдатып отырған жайт, шағын ауылдардың мәселесі. Мәселен, тендер ойнатып, шешім қабылдайтын – аудан орталығы. Кейбір шағын ауылдарда мәслихат депутаттары жоқ. Олар үлкен ауылдармен бәсекелес бола алмайды. Халқы көп ауыл ұдайы жеңіп кетеді.
«Депутаттар көбіне өзінің туған ауылына бүйрегі бұрады. Шағын ауылдардың мәселесі шешілмей қала береді. Сондықтан ауылдың тұрғындарына сай азды-көпті өз бюджеті болғаны жақсы. Мәселен, ауылға жарық керек болса, ол ауылға барып, мәслихаттың талқысына салады. Ол бекімей қалуы да әбден мүмкін. Одан гөрі ауылдың өз бюджеті болса, мәселесін өздері шешіп алушы еді. Ауылға не керек екенін, алыстағы аудан әкімі емес, тұрғындары жақсы біледі», – дейді Жәнібек Қожық.
Айта кететін жайт, өзін-өзі басқару туралы заң жобасында ауыл, аудандардың өз бюджетін құру қарастырылып жатыр. Жаңа парламент сапалы заң қабылдаса, ауыл халқының түтіні түзу шығар еді деген үміт те жоқ емес.