22 апреля 2023 г. 14:56

«Арадағы ҚАМАЛ бұзылды» – Сәбит ӘБДІХАЛЫҚОВТЫҢ ұлы сырын ақтарды

Фото:
Сәбит Әбдіхалықов пен Айгүл Иманбаеваның ұлы Асылжан Абдумуталиев те өзін шығармашылықтан тапты. Дебютті туындысын әкесіне арнаған ол

: «Әкеммен арадағы қамал бұзылды», – дейді. Оған не себеп болды?

Асылжан, Қазығұрт тауы жайлы мистикалық фильм түсіріпсің.

– Иә, ел арасында «Қазығұрт» тауы жайлы тараған аңыз бойынша «Құрт» атты  қысқа метражды фильм таспаладым. Фильмді алыс-жақын шетелдегі кинофестивальдерге қатыстырып жатырмыз. Алда өзіміздің елде өтетін «Еуразия» және «Байқоңыр» фестивальдерінде көрермен назарына ұсынсақ деп отырмыз. Мистикалық шығарылым болғандықтан, көпшілік  дұрыс түсінбей қала  ма деген үрей де бар.

– Жалпы біздің елдегі фильмдердің дені шетелдік фестивальдерге арналып түсірілетін сияқты. Себебі алғаш болып тұсауы өзге елде кесіліп жатады. Неге?

– Өзгелер туралы айта алмаймын. Біріншіден, біздің елде қысқа метражды фильмдерді сарапқа салатын арнайы байқаулар жоқтың қасы. Ал оны ютубқа салсаң, шыққан шығын ақталмайды. Бізде АҚШ-тағыдай Netflix, Ресейдегідей Кинопоиск сынды интернет-серфис те жоқ. Сондықтан шетелдік байқауларға қатыстырып, тілеуін тілеп отыруымызға тура келеді.

– Биыл мүйізі қарағайдай режиссерлердің фильмі Ұлттық киноны қолдау орталығының питчингінен өте алмай қалыпты. Сенікі ше?

– Менің сценариім алдыңғы жылғы питчингтен өтті ғой. Ол кезде Жүргенов атындағы өнер академиясынан диплом алуға дайындалып жатқан болатынмын.

Бірде академияда жас режиссерлерге қолдау көрсетіледі, сондықтан сценарий жазып өткізуімізге болатынын ескертті. Сөйтіп, үш студенттің бағы жанып, жазбамыз қабылданды.

Түсіріп біткен соң да арнайы құрылған  комиссия туындымыздың  сапасын тексерді, оның бәрінен сәтті өттік.

– Сені әлемдік блокбастерлер қызықтыра ма, әлде қазақ киносының алтын қорында қолтаңбасы қалған Шәкен Айманов, Сұлтан Қожықовтай тұлғалардың туындыларынан шабыт аласың ба?

– Екі жақты да  тең тамашалауға тырысамын. Дегенмен, Шәкен атамыздың комедияларына тамсанбау мүмкін емес. Таңдап алынған актерлер мен образ бір-бірімен өте үйлесімді астасып жатады. Оған туа біткен шеберлік қажет сияқты.

Қазір де комедия жанрынан кенде қалып жатқан жоқпыз ғой. Соның барлығын қосқанда кешегі Аймановтың бір киносына татымайтын сияқты көрінбей ме?

– Әрине, қазіргі кезде комедия қаптап кетті. Бірақ бұл нарықтың заңдылығы сияқты көрінеді. Себебі, мен Чехияда оқыған кезде әлемдік киноиндустрияны зерттедік. Сонда қазір атағы аспандап тұрған Голливудтың өзінде алдымен комедия жанры дамығанына көз жеткіздім. Оған  күлдіргіш Чарли Чаплиннің оқиғалары негіз бола алады. Содан кейін көрермен комедия атаулыдан шаршайтын уақыт келеді. Сол кезде өзге жанрдағы фильмдер түсіруге жол ашылады. Біз қазір осындай даму кезеңіндеміз.  

– Әншісі бар, актері бар, барлығы бірдей кино түсіргіш болып кетті ғой. Маман ретінде мұның пайдасы мен зиянына тоқталып өтші.

– Әуесқойлар түсірген фильмдердің пайдасынан гөрі зияны көп. Егер жарнамасы күшті болса, кассалық жағынан жеке өздеріне пайда әкеліп, қалаберді бәсеке қалыптастыруға септігін тигізуі мүмкін.

Бірақ шынайы өнерге сусаған көрермен үшін арзан күлкіден басқа берері жоқ деп ойлаймын.

Ашығын айтқанда, ондай фильмдер  халықтың талғамын түсіріп жатыр. Комедияны да түсіре білу керек. Арасында арнайы мамандардың көмегіне жүгініп жатқандары бар. Ал өзі ойнап, өзі түсірген  әртістердің шикілігі көп.

 Кино саласында қандай туындылар арқылы қолтаңбаңды қалдырғың келеді?

– Кино өмірдің айнасы іспетті ғой. Қоғамда болып жатқан құбылыстарға көз жұмып қарасақ, фильміңнің көрермен жүрегіне жол табуы екіталай. Мені толғандыратыны – отбасындағы ажырасу мәселелесі. Мәселен, біз салт-дәстүріміздегі тәрбиеден алшақтап кеттік. Бұл кемшілікке Кеңес үкіметінің қосқан «үлесі» зор. Авторлық фильмдер түсіру арқылы теңізге тамған тамшыдай болсын осы олқылықтың орынын толтырғым келеді. Қалғанын уақыт көрсетеді. Идея деген жүре, көре келе туындайды.

Анаң алдағы күндері Астанада үлкен концерт бергелі жатыр екен. Оған қандай үлес қосасың?

– Анамның сұрауы бойынша онымен бірге әзілге құралған ән  айтып шығамын. Ар режиссер есебінде үлкен экраннан көрсетілетін роликтерін өзім түсіріп бердім.

– Айсұлтан Сейітов батыстың жұлдыздарына клип түсіріп, атағы аспандады. Осындай талантты азаматтардың санын арттыру жолында қайтпек керек?

– Мысалы, бір ғана Жүргеновтың өзінде өзіммен қатарлас небір талантты балалар оқып бітірді. Солардың дені режиссер болып кетті десем, күлкілі болар. Неге десеңіз, идеясы мығым болғанымен қолы қысқа таланттар көп. Телеарналар мен Қазақфильм және Ұлттық киноны қолдау қорынан соларға мүмкіндік берілу керек деп ойлаймын.

Мәселен, Айсұлтанның  АҚШ-қа барып-келуге мүмкіндігі болды. Ал ауылдан аса алмай жүрген біз білмейтін қаншама таланттар бар.

Осы орайда жас мамандарға арналған бағдарламалар қолға алынса, біраз шаруа шешілер еді. Жалпы, біздің елде өнердің айналасында  толыққанды реформа жасалу керек деп санаймын.

– Әкеңнің ұзақ жылдан бергі досы Мейрамбек Беспаев «Әке жолы» атты фильміңде: «Әкеңмен тіл табысу арқылы сен үлкен  өмірге қадам жасадың. Енді сенің өмірің түбегейлі өзгереді», – деді.  Солай болды ма?

– Иә, өмірім айтарлықтай өзгерді. Бойым мен ойымда жеңілдік пайда болды. Анығын айтқанда, әкемнің ризашылығын алу маған үлкен қуат берді. Өзінің жүрегі ауыратыны бар. Сондықтан қолында мейірімін көрмей өссем де, қалай да қуантсам деген ой болды. Фильм түсіретінімді естігенде төбесі көкке жетті. Сосын бұрын қандайда бір істі қолға алсам, нәтижесі қандай болар екен деп тартыншақтаушы едім. Қазір арқа сүйер адамның бар екенін сезінемін.

Сонда әкеңнен бала күннен алшақ өстің бе?

– Жоқ, араласып тұрдық. Анам да «әкеңнен алшақтама» деп үнемі айтып отыратын. Қазақ-түрік лицейіне де әкем өзі апарып түсірді. Бірақ арамызда суық қамал тұрғанай көрінетін. Ол жайлы деректі фильмім осы кедергіні жойып, екеуіміздің бір-бірімізді жақын тануымызға дәнекер болды.

Әбдімүтәлі атаңды да арнайы іздеп барып,  жүздескен екенсің. Разы болды ма?

– Фильмде көрсетілгендей, берген батасына қарап көпшілік мені  атасымен енді қауышты деп ойлаған тәрізді. Атама бала күнімнен барып тұратынмын. Бір малын сойып, бала емес, ақсақал келгендей арқа-жарқа болып күтіп алады.  

– Анаң әкесімен қырық үш жылдан кейін қауышты. Нағашы атаңнан да ақ бата алған боларсың?

– Нағашы аттаммен кейіннен таныстым. Былтыр анам 45 жасқа толғанда өмірбаяны жайлы ролик түсіріп беруімді өтінді. Сол кезде камерамды арқалап Қордайдағы Серікқұл атамның үйіне бардым. Жік-жапар болып, құшақ жая қарсы алды.

– Әкеңнің өзге некелерінен туған іні-қарындастарыңмен араласып тұрасың ба?

– Әрине, біз бір әкенің кіндігінен тарағандықтан жақын араласамыз. Аналары да ешқашан арамызға кесе-көлденең тұрған емес. Алтынай әпкемнің үлкен қыздары Айнара таспагерлікті оқып жатса, Аяулым продюсер мамандығын меңгеріп жүр. Бір-бірімізбен хабар алмасып, кездесіп тұрамыз.

Тегтер: