23 октября 2025 г. 18:10

АҚШ vs Қытай: Сауда соғысы қайта өршіді

Фото: Фото: ғаламтордан

2025 жылдың 1 қарашасынан бастап АҚШ Қытай тауарларына 100 пайыздық баж салығын енгізбек.   Бұл шешім халықаралық экономикалық қатынастарға айтарлықтай әсер етіп, жаһандық нарықта жаңа серпіліс туғызды. 

Сауда саясатындағы бұл өзгеріс жайында АҚШ президенті Дональд Трамп өз әлеуметтік желісі Truth Social-де мәлімдеген еді.

«1 қарашадан бастап, не Қытайдың іс-қимылына байланысты одан да ертерек АҚШ бұрынғы баждарға қосымша 100 пайыздық жаңа салық енгізеді. Сонымен қатар 1 қарашадан бастап біз өмірлік маңызы бар кез келген бағдарламалық қамтамасыз етуге экспорттық бақылау шараларын енгіземіз. Бұл барлық елдерге әсер етеді және Қытай бұл жоспарды бірнеше жыл бойы дайындаған сияқты», – деп жазды АҚШ президенті

Трамптың айтуынша, бұл шешім Қытайдың 1 қарашадан бастап елде өндірілетін өнімдердің басым бөлігіне экспорттық шектеулер енгізетіні туралы мәлімдемесіне байланысты қабылданған. АҚШ тарапы Қытайдан шығарылатын тауарларға салынатын орташа баж мөлшерлемесін 30-40 пайыз көлеміне дейін төмендетті. Бұған дейін бұл көрсеткіш 145 пайызға дейін жетіп, Қытай экспортына айтарлықтай кедергі келтірген еді. Өз кезегінде Қытай да жауап ретінде АҚШ өнімдеріне салынған 125 пайыздық жоғары мөлшерлемені төмендетуге келіскен болатын. Бұл өзара қадамдар жаһандық сауда қатынастарындағы шиеленісті азайтып, екі ел арасындағы экономикалық серіктестікті біршама тұрақтандыруға әсер етті.

Жаңалық жарияланғаннан кейін біраз уақыт өткен соң, Қытай Халық Республикасының Сауда министрлігі АҚШ тарапынан енгізілетін 100 пайыздық баж салығына жауап ретінде қарсы шаралар қабылдайтынын хабарлады. 

«Қытайға әр жолы жоғары баж салығын саламын деп қысым көрсету - қарым-қатынас орнатуыдың тиімді тәсілі емес . АҚШ бұл ұстанымынан бас тартпаса, Қытай өз мүддесін қорғау мақсатында заң аясында жауапты шаралар қабылдауға мәжбүр болады. Қытай тарифтік соғысты қаламайды, бірақ қажет болса, оған қарсы тұруға дайын. Біз АҚШ-ты бұл бағыттағы қателігін тез арада түзетуге үндейміз. Екі ел өзара айырмашылықтарды ескеріп, сауда-экономикалық байланыстарды тұрақтылық пен өзара тиімділік негізінде дамытуы тиіс»-делінген ресми хабарламада.

Экспорт құрылымын әртараптандыру еліміздің ұзақмерзімді экономикалық стратегиясындағы басты бағыттардың біріне айналып жатқаны рас. Ал, АҚШ пен Қытай арасындағы баж салығына қатысты саясаттың өзгеруі Қазақстан экономикасына қандай әсер беретіні жайында экономист Бауыржан ИСКАКОВ NEGE тілшісіне былай түсіндірді:

Фото: ғаламтордан

АҚШ пен Қытай арасындағы шиеленістің бәсендеуі - ең алдымен шикізат пен энергия ресурстарына деген сұраныстың артуына ықпал етеді. Қазақстан үшін бұл - экспорттық кірістердің ұлғаюы, мұнай, мыс, уран секілді негізгі тауарлардың әлемдік нарықтағы бағасының тұрақтануы және жаңа сауда мүмкіндіктерінің пайда болуына оң әсер етеді. Сауда ағындарының қайта қалпына келуі Азия мен Еуропа арасындағы транзиттік бағыттарда, әсіресе, орта дәліз арқылы өтетін контейнер тасымалдарының артуына себеп болуы мүмкін. Бұл - Қазақстанның логистикалық әлеуетін күшейтіп, көлік-логистика саласында жаңа инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Геосаяси тәуекелдердің төмендеуі мен сауда серіктестіктерінің тұрақтануы шетелдік капитал үшін қолайлы инвестициялық климат қалыптастырады. Яғни, инвесторлар Қазақстан нарығына сеніммен келе бастап, өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол ашады.

- Геоэкономикалық тұрғыдан алғанда, Қазақстан бұл сауда текетіресінде қандай ұтымды позиция ұстана алады?

-Қазақстан өзінің географиялық орналасуы мен саяси бейтараптық ұстанымының арқасында бірқатар геоэкономикалық артықшылықтарға ие. Еліміз Еуропа мен Азия арасында табиғи көпір қызметін атқара отырып, Қытай, Ресей және Орталық Азия нарықтарымен тең деңгейде ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік алып отыр. Бұл артықшылықты нығайта түсетін тағы бір фактор – Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясаты. Ол елімізге біржақты емес, теңгерімді ұстанымды ұстануға мүмкіндік береді. Осындай геоэкономикалық жағдайда Қазақстан үшін тиімді стратегиялық бағыттардың бірі – Орта дәліз (Trans-Caspian International Transport Route) жобасын дамыту. Бұл транзиттік инфрақұрылымды жетілдіріп, елдің логистикалық және көлік әлеуетін арттыруға жол ашады. Сонымен қатар, Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саяси ұстанымы маңызды рөл атқарады. Стратегиялық тұрғыдан алғанда, орта дәлізді дамыту арқылы транзиттік инфрақұрылымды жетілдіру көзделіп отыр. Бұдан бөлек, шикізат емес, өңделген өнім экспортын арттыру да негізгі басымдықтардың бірі болып табылады. АҚШ, Қытай және Еуропа елдері арасындағы тепе-теңдікті сақтау арқылы Қазақстан инвестициялық сенімді ел ретінде өзінің мәртебесін нығайта алады. 

-Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бастамасына бұл өзгерістердің әсері бола ма?

-АҚШ пен Қытай арасындағы сауда қатынастарының қайта жандануы Қытайдың сыртқы инвестициялық белсенділігін арттырады. Бұл өз кезегінде «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобаларға жаңа серпін беруі мүмкін. Атап айтқанда, Қазақстан аумағындағы автожол, теміржол және логистикалық инфрақұрылымдарға бағытталған жобалар өз қарқынын сақтап қана қоймай, келесі даму кезеңіне өтуі ықтимал. Екіншіден, Қытай тарапынан инвестициялардың құрылымында да өзгерістер болуы мүмкін. Бұған дейін басымдық көбіне инфрақұрылымға берілсе, енді өндіріс саласы мен технология трансферіне бет бұрылуы ықтимал. Ендігіде Қазақстан үшін тек инфрақұрылымдық емес, инновациялық және өндірістік жобаларға да қатысуға жол ашылады. Осы жобалар аясында жергілікті кәсіпорындардың, отандық өнім мен кадрлардың қатысу үлесін арттыру маңызды болып отыр. Сол арқылы Қазақстан өз экономикасының ішкі әлеуетін дамытып, Қытаймен ынтымақтастықты тең деңгейде жүргізе алады.

-Сауда шиеленісі бәсеңдеген жағдайда, Қазақстан үшін қандай жаңа экономикалық мүмкіндіктер туындауы мүмкін?

-Ең алдымен, бұл логистика мен транзит салаларының жандануына ықпал етеді. Контейнерлік тасымал көлемінің артуы, кедендік сервистердің кеңеюі мен теміржол желілері арқылы түсетін кіріс көлемі көбейеді. Сонымен қатар, жаһандық жеткізу тізбегін әртараптандыру аясында Қазақстан өңдеу және құрастыру орталығы ретінде өзін көрсетуге мүмкіндік алады. Бұл бағытта жаңа өндірістер ашу, шетелдік инвестиция тарту, әрі технологиялық жаңғырту бойынша маңызды алғышарттар қалыптасады. Ауыл шаруашылығы мен жасыл экономика салаларында да әлеует жоғары. Экологиялық таза өнім өндіру, жаңартылатын энергия көздерін дамыту арқылы Қазақстан жаңа экспорттық нарықтарға шығуға мүмкіндік алады. Бұдан бөлек, қаржы, логистика және сақтандыру қызметтері бойынша өңірлік хаб ретінде қалыптасу перспективалары да арта түседі.