10 Қаңтар 13:27
...

Журналистерден ПТР-тест талап етіп жатыр

Фото:

Nege.kz тілшісі Арман Құдайберген де қаладағы №399 сайлау учаскесіне дауыс беруге және редакцияның тапсырмасын орындауға барған еді. Бірақ комиссия төрағасы журналистің өз міндетін атқаруына кедергі келтіруге тырысқан.

Бүгін Қазақстанда Парламент мәжілісі және мәслихат сайлауы өтіп жатыр. Бұған дейін Алматыда «Азаттық» тілшісін сайлау учаскесінен күштеп шығарып жібергені туралы ақпарат жарияланды. Бүгін таңертең Алматы қаласы мен облысындағы сайлау учаскелеріне ақпарат тарату үшін барған «Азаттық» тілшілерін «ПТР-тест жоқ» деп сайлау учаскесіне есіктен кіргізбепті. Алайда, бас санитар дәрігердің қаулысында ақпарат құралдарының өкілдері ПТР-тест тапсыруға міндеттелмеген. Мұны учаскедегі комиссия төрағалары білмейтін болып шықты.

Бұл туралы Алматы қаласы Сайлау комиссияның төрағасы Жанна Асанова былай жауап берді. Оның айтуынша,   қалада 1 млн 132 мың адам дауыс береді деп күтілген. 109 мыңнан астам адам дауыс берді. Ал «Азаттық» тілшісінен ПТР тест талап еткен 173 сайлау учаскесіндегі комиссия төрағасының әрекетіне қатысты:   «ПТР тест журналистерден талап етілмейді» деп ресми түрде айтылды. 173 учаскесіндегі жағдай бойынша айтарым, сайт тілшісі өзін бақылаушы ретінде таныстырған. Редакцияның құжатын көрсетпеген. Бақылаушы деген соң одан анықтама сұраған.  Сондықтан тілші мен комиссия төрағасы арасында түсініспеушілік болған», – деді Жанна Асанова.  

Nege.kz тілшісі Арман Құдайберген де қаладағы №399 сайлау учаскесіне дауыс беруге және редакцияның тапсырмасын орындауға барған еді. Бірақ комиссия төрағасы журналистің өз міндетін атқаруға кедергі келтіруге тырысқан. «Дауыс беріп болған соң, менде редакциядан тапсырма бар. Суретке және бейнетаспаға түсіруге рұқсат беріңіз» дедім. Сөйтсем, «Редакция берген анықтамада учаскенің нөмірі неге жазылмаған?» деген уәж айтты. «Біз журналист ретінде бір ғана учаскеге бармаймыз. Бірнеше сайлау учаскесіне бас сұғуымыз мүмкін» деп тағы да түсіндірген болдым», – дейді Nege.kz тілшісі.

  –  Суретке түсіріп  жатсам, комиссия мүшелері де қарсылығын танытты. «Бізді неге бейнетаспаға, суретке түсіріп жатырсыз?» деген сұрақ қойып жатыр. Сәлден соң не сылтау табарын білмеген комиссия төрағасы «Сізде ПТР анықтама бар ма?» деп шықты. «Жоқ» деп едім, «Өкінішке қарай, онда сізге түсіруге рұқсат бере алмаймыз. Сізден ПТР анықтаманы кіреберестегі қызметкер сұрауды ұмытып кетіпті» деді. «Неге бұл туралы кірген бетте сұрамайсыздар?» десем, «Онда сайлаудың өтуіне кедергі жасады деп хаттама толтырамыз» деп дүрсе қойды. Бір қызығы, мұндағылардың өзі бас санитар дәрігердің қаулысын да білмейтін болып шықты. «ПТР-анықтаманы кімнен талап ететінін білесіздер ме?» десем, оны да білмейді. Одан кейін неге рұқсат етілмейтінін қағазға түсіріп, жазып беріңіздер деп талап етіп едім, әйтеуір артынан «жарайды, тек арақашықтық сақтап түсіріңіз» деді.  

Бас санитар дәрігердің 29 желтоқсанда қабылданған қаулысына сәйкес, сайлау кезінде тек партияның сенімді өкілдері, сайлау комиссиясы мүшелері мен бақылаушылардың ғана ПТР-тестен өтуге міндеттелген. Онда бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне ПТР-тест қажеттігі айтылмаған.

Тегтер: