Жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігі: Төтеншеліктердің дайындығы қандай?

Елімізде жылыту маусымы басталғалы бері өрттің алдын алу шаралары тұрғындарға жан-жақты түсіндіріліп жатыр. Сол себепті төтенше жағдайлар қызметкерлері халыққа барынша сақ болуды ескертеді.
Жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігіне төтеншеліктер қалай дайындалып жатыр? Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» ұйымдастырған брифинг барысында ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіков пен Төтенше жағдайлар қызметкерлері баяндама жасады.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен «Жылыту маусымы кезеңіндегі өрт қауіпсіздігі» тақырыбындағы жиында NEGE-нің тілшісі Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдеріне бірнеше сауал жолдаған болатын. Министрлік өкілдері төмендегі деректерді келтірді.
Өрт қауіпсіздігін алдын алу кезінде құтқарушылардың жауынгерлік және дене шынықтыру дайындығы қалай жүргізіледі? Қандай оқу-жаттығулардан өтеді?
Бұл сауалға Өртке қарсы қызмет комитеті Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары басқармасы бастығының орынбасары Мәдиев Тілеуберді Серікбайұлы жауап берді.
«Бізде жыл көлемінде, қыс болсын, көктем, жаз, күз мезгілінде болжанған төтенше жағдайға байланысты іс-қимылдар жүргізіледі. Жеке құрамда соған байланысты дайындық өтеді. Дайындық сабақтарында олардың барлығы қарастырылған. Яғни, қыс көлемінде техниканы дайындау, сонымен қатар жергілікті жер үйлердегі өрттерді сөндіруге байланысты басқа да сабақтар бағдарламаға енгізіледі. Бұл бағытта жауынгерлік дайындық жүргізіліп жатыр. Жылыту маусымы аяқталғанға дейін оқу-жаттығулар үздіксіз жүргізіліп отырады», – деді басқарма бастығының орынбасары.
Жылыту маусымы өртке өте сақ болуды талап ететін кезең. Көпшілігі өрт қауіпсіздігін ойламайды. Осы ретте Республика бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарына тиесілі тұрғын үйлердің жалпы саны есептелді ме? Төтеншеліктер тек ескертпе беруден басқа қандай шаралар қолданды? Қауіпсіздікті сақтамағаны үшін қанша айыппұл салынады?
Вице-министрдің айтуынша, дәл қазіргі уақытта әлеуметтік осал санаттар тұратын 106 мыңнан астам тұрғын үй анықталған. Бұның барлығы рейдтер мен аралаулардың нәтижесінде тіркелгендері. Олар өрттің алдын алудың арнайы нұсқаулығын береді.
«Марат Мұхаметқалиұлы бұл сұраққа жауап беріп өтті, десе де толықтыра кетейін. Қазіргі таңда еліміздегі әлеуметтік осал топтарға 106 мыңнан аса адам тіркелген. Бұл азаматтарға жергілікті инспекторлық құрам, төтенше жағдай басқармалары жыл сайын профилактикалық жұмыстар жүргізеді. Олар тұрғындарды аралап, пешті, не болмаса жылыту көздерін қалай дұрыс қолдану керектігін көрсетеді. Сонымен қатар біз бұл азаматтарға айыппұл сала алмаймыз. Тек қана ұсыным ғана береміз», – деп ескертті Тілеуберді Серікбайұлы.
Өрттің алдын алып, адамдардың өмірін сақтап қалу үшін «өрт датчиктерін» орнату тиімді болып отыр. Аталмыш құрылғылар өрт қаупі төнген кезде алдын ала белгі береді. Төтеншеліктер ресми деректерді келтірді. Мысалы, соңғы 3 жылда тұрғын жайларда 153-тен астам өрт датчигі орнатылып, соның арқасында 170 адам өлімнен аман қалды.
Осы тұста өртке қарсы қызмет органдарының қызметкерлері улы газ датачиктерін орнатуға әрбір азасатты міндеттей ме? Жолданған сауалды ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіков нақтылап өтті.
«Сол датчиктердің көмегін ескере отырып, азаматтық қорғау орындары оларды үйлерінде орнатудың артықшылықтарын айтады. Біздің міндет тек кеңес ретінде ұсыну ғана», – деді вице-министр Марат Күлдіков.
Қазіргі таңда, әсіресе, ірі қалаларда тұрғын үйлер көптеп салынып жатыр. Аулаларда көліктен бос орын қалмайды. Сонымен қатар заңсыз шлагбаум орнатып, жауып алатындар да бар. Аулаларды заңсыз жабуға байланысты жедел-жәрдем де, өрт сөндіру көлігі де кіре алмай жатады. Осы сынды мысалдар өте көп. Өрт сөндірушілер қандай кедергілерге тап болып жатады?
«Заң жүзінде әрбір ғимаратқа, салынған құрылыс алаңдарына өртке қарсы шұғыл қызмет органдары еш кедергісіз кіре алуы керек. Дей тұрғанмен, көп жерлерде шлагбаумдар орнатылған, тіпті бетон қойып тастайтындар да бар. Бұл бағытта біз жергілікті Төтенше жағдай басқармалары арқылы әкімшіліктерге хат жазып, осы сынды жағдайлардың алдын алып жатырмыз. Қазіргі таңда жылыту маусымы басталған кезеңдерде болсын, жалпы жыл соңына дейін әкімшіліктерге әрдайым хат жазылады. Бұның барлығы қарастырылған», – деді Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары басқармасы бастығының орынбасары.
Тұрғын үйлерден шыққан өрт ресми статистиканың дерегі бойынша алдыңғы қатарда. Тұрғындардың абайсыздығының салдарынан өрт шығып жатыр. Соңғы мәліметтерге сәйкес, еліміз бойынша 835 өрт оқиғасы тіркелді, өкінішке қарай 16 адам қаза тапты.
Төтеншеліктер үгіт-насихат шараларын үнемі өткізіп отырады. Жергілікті департамент мамандары өздеріне қарасты тұрғындарды барынша құлақтандырып, өрттің алдын-алу шараларымен таныстырады.
Мысалы, «Жатақхана» профилактикасы жүргізіліп, заңсыз жұмыс істейтін жатақханаларды анықтады. Алдағы уақытта «Улы газдан сақтан» және «Қауіпсіз Жаңа жыл» ақпараттық кампанияларын өткізу жоспарда бар. Шаралардың барлығы халықты ақпараттандыруға бағытталған.
Жылу маусымында қауіпті жағдайлардың бірі - тұрмыстық газды пайдалану кезінде туындайды. Тұрмыстық газды барынша сақтықпен пайдаланған жөн. Ресми статистика жыл сайын 30-дан астам адам газдан уланып, қайтыс болады деген деректерді келтіреді. Ал газ жарылған жағдайда бірден бірнеше адамның өмірін жалмауы мүмкін. Заң бойынша газ баллондарын жанармай бекеттерінен толтыруға Заң бойынша тыйым салынады. Алайда тұрғындардың көпшілігі бұл ескертулерге құлақ аспай жатады.
Құлақ аспаудың өтемі бар екенін ұмытпаған жөн. Қазір жылыту маусымына дайындық барысында республика бойынша 600 мыңнан астам тексеру жүргізілді. Нәтижесінде, өрт қауіпсіздігінің 100 мыңнан астам заң бұзушылығы анықталды.
Әрбір адам өзі тұрып жатқан тұрғын үйдің қауіпсіздігін тексеріп, сақтық шараларын алдын ала ұйымдастырып қойғаны дұрыс. Төтенше жағдайлар қызметкерлері де осы мәселені жиі көтеріп жүр.