Жыл басынан бергі жаһандық өзгерістерге шолу
2026 жылдың алғашқы тоқсаны жаһандық жүйенің тұрақсызданып, жаңа тепе-теңдікті іздеген кезеңіне айналды. Таяу Шығыстағы шиеленіс, мұнай бағасының өсуі және ірі державалар арасындағы текетірес – мұның бәрі әлемдік тәртіптің қайта қалыптасып жатқанын аңғартады. NEGE редакциясы жыл басынан бері болған жаһандық оқиғаларға шолу жасады.
Астана, NEGE. Биылғы жыл жаһан жұрты үшін тыныш басталған жоқ. Әлемдік сахнада бұрыннан қордаланып келген қайшылықтар қайта бой көрсетіп, ірі державалар арасындағы бәсекелестік жаңа кезеңге өткендей әсер қалдырады.
Таяу Шығыстағы шиеленіс
2026 жылдың 28 ақпаны Таяу Шығыс тарихындағы тағы бір қаралы әрі шешуші күндердің бірі болды. Осы күні АҚШ пен Израиль Иранға қарсы ауқымды әскери операция бастап, зымырандар мен дрондар арқылы ел аумағындағы стратегиялық нысандарға соққы жасады. Олардың қатарында әскери инфрақұрылыммен бірге «Хезболла» ұйымының Ливандағы базалары да болды.
Алғашқы соққылардың өзінде мыңға жуық адамның қаза тапқаны айтылды. Иранның жоғары басшылығына бағытталған бұл әрекеттер өңірдегі билік теңгерімін шайқалтып жіберді. Жауап ретінде Тегеран Израиль аумағына және аймақтағы АҚШ базаларына соққы берді.
Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздердің толық күйреуі осы қақтығысқа себеп болды. Осылайша, дипломатия тоқтаған жерде қару сөйлейтіні тағы бір рет дәлелденді деуге болады. Бұл тек үш ел арасындағы әскери текетірес емес, әлемдік экономикаға да соққы болған оқиғаға айналды. Иран Ормуз бұғазын жауып, әлемдік мұнай тасымалының шамамен 25%-ын тоқтатты. Соның салдарынан мұнай бағасы күрт өсті. Ақпан айының соңында 72 доллар болған Brent маркалы мұнайдың бағасы сәуір айының басында 100 доллардан асып, кейбір болжамдар бойынша 120 долларға дейін жетуі мүмкін екені айтылды. Бұл жағдай авиациялық отын тапшылығын туғызып, логистикалық тізбектердің бұзылуына әкелді. Еуропада жанармай мен жылу бағасы бір айдың ішінде шамамен 20%-ға қымбаттады. Сонымен қатар қақтығыс аймақтық деңгейден асып, оған Катар, Кувейт және Ұлыбританияның әскери күштері де жанама түрде тартылды.
Қауіпсіздік жүйесі
Әлемдегі тұрақсыздық тек Таяу Шығыспен шектелмейді. Бірқатар елдерде жыл басынан бері жаппай наразылықтар мен қақтығыстар тіркелді. Бұл жағдай халықаралық қауіпсіздік жүйесінің әлсіреп, жаңа форматқа өтетінін аңғартады.
Осы жағдайда НАТО альянсы түбегейлі өзгерістерге бет алды. 2026 жылдың басында ұйым жаңа бюджет қабылдап, қорғаныс шығындарының төменгі шегін 2,5 пайызға дейін көтеруді ұсынды. Бұл бұрынғы 2 пайыздық межеден жоғары, яғни қауіптің артқанын білдіреді.
НАТО-ның 36-саммиті шілде айында Анкарада өтеді. Сарапшылар бұл алқалы жиынды «онжылдықтың бетбұрысы» деп атап кетті. Жиында альянс «тежеу» саясатынан «белсенді қорғанысқа» көшуді талқылайды. Жоспар бойынша, шығыс бағыттағы жедел әрекет күштері 500 мың сарбазға дейін ұлғайтылмақ.
Ірі державалардың тартысы
Әлемдік саясаттың келесі өзегі – АҚШ пен Қытай арасындағы үнсіз бәсеке. АҚШ-та инфляция қайта күшейіп, негізгі мәселеге айналды. Инфляцияға қатысты ресми болжам 2,7 пайыз болса да, тәуелсіз сарапшылар нақты көрсеткіш 4 пайызға дейін жетуі мүмкін екенін айтады. Бұндай пайымдарға энергия бағасының қымбаттауы себеп болған. Мұнайдың 100 доллардан асуы логистика мен азық-түлік бағасын өсіргені тағы бар.
Сондай ақ, бюджет тапшылығы 1,85 трлн долларға жетуі ықтимал. Әскери операцияларға жұмсалған шығын мен мемлекеттік қарызға қызмет көрсету көлемі артқан. Бұл АҚШ-тағы саяси тартысты күшейтіп, қаржы нарықтарына қысым түсіріп отыр.
Ал Қытай бұл кезеңде өз позициясын нығайтуға кірісе кетті. Пекин Таяу Шығыс қақтығысында өзін бейтарап делдал ретінде ұсынып, бітімге шақыруда. Бұл Қытайдың «жұмсақ күш» арқылы ықпалын арттыруға бағытталған қадамы.
Бұдан бөлек Аспан асты елі технологиялық тәуелсіздікке қол жеткізіп, батысқа тәуелділікті азайтты. Цифрлық юань жобасы да доллар үстемдігіне балама ретінде қарастырылуда.
Қорыта айтқанда, 2026 жылдың алғашқы айлары әлемнің бұрынғыдай емес екенін анық көрсетті. Қақтығыс өрті, экономикалық қысым және ірі державалардың бәсекесі – бәрі бірігіп, жаңа жаһандық тәртіптің сұлбасын сызып жатыр.