Жетісуда «Сиверс алма ағашының гүлденуі» фестивалі өтеді
2026 жылғы 2 мамырда Жетісу облысында көктемнің ең әсерлі табиғи оқиғаларының бірі – «Сиверс алма ағашының гүлденуі» фестивалі өтеді. Бұл – сирек кездесетін ерекше табиғи құбылысқа арналған маңызды шара.
Іс-шара «Жоңғар-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында, Сарқан ауданы Тополевка ауылының маңындағы көрікті жерде ұйымдастырылады. Бұл орын кездейсоқ таңдалған жоқ: дәл осы жерде жер шарындағы Сиверс жабайы алмасының ең ірі тоғайлары орналасқан. Ол – жер бетіндегі барлық мәдени алма сорттарының арғы тегі. Ғалымдардың бағалауынша, осы бірегей алманың әлемдік табиғи қорының шамамен 48%-ы Жетісу өңірінде шоғырланған.
Жылына бір-ақ рет, көктемнің бірнеше аптасы ішінде тау беткейлері нәзік ақ және қызғылт гүлге оранып, алқаптары нағыз көркем табиғи көрініске айналады. Осы кезеңде мыңдаған туристер, фотографтар мен саяхатшылар өңірге келіп, сирек табиғи құбылысты тамашалап, оның тарихымен танысып, фестиваль атмосферасын сезінеді.
Фестиваль туризм саласының өкілдерін, экологтарды, ғалымдарды, БАҚ өкілдерін, тревел-блогерлерді, қолөнершілерді, мәдениет қайраткерлерін, сондай-ақ студенттер мен табиғат сүйер қауымды біріктіреді. Бұл шара экотуризмді дамытуға, табиғи мұраны сақтауға және өңірді халықаралық деңгейде танытуға арналған алаң болмақ.
Іс-шара Қазақстанның республикалық іс-шаралар күнтізбесіне енгізілген, бұл оның маңыздылығы мен туристік тартымдылығын айқындай түседі.
Биылғы фестиваль қонақтары үшін ерекше атмосфера ұсынылады. Хедлайнерлер – Bayansulu және Қуандық Рахым сахнаға шығып, гүлдеген таулар аясында жарқын концерттік бағдарлама ұсынады.
Фестиваль бағдарламасы:
- Сиверс алмасының гүлдеген бау-бақшаларының панорамалық көріністері;
- Plein air форматындағы суретшілер байқауы;
- Мәдени іс-шаралар;
- Ұлттық спорт ойындары;
- Қолөнер көрмелері және шеберлік сабақтары;
- Концерттік және ойын-сауық бағдарламалар.
«Сиверс алмасының гүлденуі» фестивалі – Қазақстанның ең әсем табиғи құбылыстарының бірін тамашалап, таулар мен таза ауа аясында уақыт өткізуге, ұлттық мәдениетпен жақынырақ танысуға және ұмытылмас әсер алуға мүмкіндік береді.