USD
USD
USD

Бейбіт Құсайынов: Қазақстанда екінші орын алсаң, «бірінші орын алдым» деп есептей беруге болады

Норвегиялық футболшы Эрлинг Холанд Францияны әлем чемпионатының басты фавориттерінің бірі санағандай, Қазақстан Халық партиясы төрағасының орынбасары Бейбіт Құсайынов та алдағы саяси додада кімнің фаворит екенін ашық мойындайды. Ол «"Әділет" партиясын жеңіп, Құрылтайда басым көпшілікке ие боламыз деп айта алмаймын. Бірақ ҚХП екінші орыннан үмітті» деді.

Бейбіт Құсайынов
Фото: Бейбіт Құсайынов

Астана, NEGE. Парламенттің тарайтын уақыты жақындаған сайын саяси алаң да қыза түсті. Алдағы сайлау қарсаңында сайлауалды науқанның лебі сезіліп, мандат үшін күреске дайындық басталғандай. Мұндай кезеңде саяси партиялар бағдарламасын жаңартып, қоғамға жаңа уәде ұсынады. Бірақ әр сайлау сайын қайталанатын бір сұрақ бар: заң шығарушы органға кәсіби саясаткерлер келе ме, әлде танымалдығын саясатқа айырбастағысы келетін шоу-бизнес өкілдері мен блогерлер тағы да бақ сынай ма?

Осы және өзге де өзекті мәселелер жөнінде Қазақстан Халық партиясы төрағасының су жаңа орынбасары Бейбіт Құсайыновпен сұхбаттастық. Әншілік өнерден саясатқа келген адамның депутаттық мандатқа ұмтылуы қаншалықты орынды? Халыққа ұнайтын, бірақ экономикалық тұрғыдан күмәнді уәделердің қаупі қандай? Сондай-ақ саясаткер өзін неге «әнші депутаттардың» қатарына қоспайтынын да сұрадық.

– Бейбіт мырза, сіз Bibo лақап атымен танылған әншісіз. Сұхбатқа келе жатып, бейнебаяндарыңызды қарап шықтым. Пікірлерде адамдар «әншілікке қайта оралмайсыз ба?» деп үміт білдіріпті...

– Мен әншілікті хобби ретінде қабылдап келемін. Осыған дейін негізгі кәсібім энергетика және экология мәселелерімен байланысты болды. Халықаралық қатынастар саласында еңбек еттім. «Үлкен төрттікте», ЕурАзЭҚ-та жұмыс істедім.

Құрылыс саласында да тәжірибем бар. «Самұрық-Қазына» тендерлеріне қатысып, Атырау мұнай өңдеу зауытында мердігер ретінде жұмыс істедік. Жаңғырту жұмыстарына қатыстық.

Өнерлі отбасынан шыққан соң әншілік қанымызда бар. Әкем Болат Құсайынов – Қазақстанның еңбек сіңірген әншісі. Кезінде «Аракс» тобының мүшесі болды. «Қарабауыр қасқалдақ», «Желтоқсан» әндерінің алғашқы орындаушыларының бірі. Сол себепті мен де өнер жолына бет бұрдым. Бірақ бұл ешқашан менің басты кәсібім болған емес.

– Шетелде «непо-бейби» деген ұғым бар. Яғни белгілі отбасының баласы кәсіби жолын бастағанда, оған ықпалды туыстары көмектеседі деген мағынада айтылады. Сізге өнер жолында әкеңіз көмектесті ме?

– Мүлде көмектескен жоқ. Достарым қолдау көрсетті: қаражат бөлді, бейнебаян түсірдік, ән жаздық. Музыка саласында танысқан адамдарымның бірі Иван Бреусов еді. Сол кісіге барып, бірге ән жазып, бейнебаян түсірейік дедім. Сөйтіп, бірге жұмыс істеп, өнер жолына бет бұрдық.

– Әндеріңіз тойға арналмаған екен. Ал Қазақстанда өнер адамдарының көбі той арқылы табыс табады. Сіз әншілікпен ақша таба алдыңыз ба?

– Жалпы, Қазақстанда шоу-бизнес көбіне той-бизнеске айналып кеткен ғой. Сондықтан әншілердің басым бөлігі тойдан табыс табады. Бірақ менің әндерім тойға арналған әндер емес. Сол себепті тойға сирек шығатынбыз. Тойдан көп ақша таптым деп айта алмаймын. 

– Ал саясатқа қашан және не үшін келдіңіз?

– Саясаттағы жолым 5-7 жыл бұрын басталды. Нұрсұлтан Нұрланұлы Шоқанов деген жақын досым бар. Сол кісі партия мүшесі болды. Президент алғаш рет «әкім сайлауын өткіземіз» деп хабарлағанда, партия өкілі ретінде Бесағаш ауылынан әкім лауазымына үміткер керек болды. Ал мен сол кезде сол ауылдың тұрғыны едім.

Ойлана келе, «дивандағы сыншы» болып отыра бермей, іспен де өзімді сынап көргім келді. Сол себепті партияға қосылып, партия атынан үміткер ретінде сайлауға қатыстым. Бірақ сайлауда жеңілдім. Бар болғаны 5 дауыс айырмашылықпен жеңіліс таптым. «AMANAT» партиясынан шыққан үміткер әкім болып сайланды.

Сол кезден бастап ҚХП мүшесі болып қалдым. Екі жылдан кейін Нұрсұлтан Нұрланұлы филиал төрағасы болып тағайындалды. Мені төраға орынбасары қызметіне шақырды.

– Таныстықпен шақырды ма, әлде біліктілігіңізді мойындап шақырды ма?

– Біліктілігіме, тәжірибеме және медиадағы танымалдығыма қарап шақырды деп ойлаймын. Партия өкілі ретінде сұхбат бересің, үгіт-насихат жұмыстарына қатысасың деді. Үгіт-насихат жұмыстарын жүргізетін штабты басқардым.

– Үмітін ақтай алдым деп ойлайсыз ба?

– Әрине. Сайлау кезінде Алматы қаласы бойынша партиямыз екінші орын алды. 33 пайыз дауыс жинап, мәслихатта 3 мандат иелендік.

Мәслихатта талай мәселені қолға алып, іске асырдық. Әріптестерімізбен бірлесіп шешкен, өзіме жақын мәселенің бірі – орфандық ауруларды қаржыландыру. Мемлекет тарапынан қаржыландыру мәселесін шештік. Жыл сайын орфандық аурулардың еміне 250 млн теңге бөлінеді.

Бейбіт Құсайынов
Бейбіт Құсайынов

– Көпшілік өңірлердегі мәслихаттарды әкімдік ұсынған заң жобасы мен қаулыны бекітіп беретін орган деп қабылдайды. Сіздер бұрынғы әкім Ерболат Досаевтың, қазіргі әкім Дархан Сатыбалдының қаулыларын жай мақұлдайсыздар ма, әлде егжей-тегжейлі талқылап, ескерту айтып, бірге шешесіздер ме?

– Менің түсінгенім, адамдардың депутаттарға сенімі төмен. Бірақ мәслихат депутаттары өз еркімен жұмыс істейді. Олар мемлекеттен жалақы алмайды, тегін еңбек етеді. Ал тегін жұмыс істейтін адам біреудің бұйрығын орындауға міндетті емес. Себебі олардың көбі ешкімге мұқтаж емес. Депутаттардың басым бөлігі – жағдайы бар, кәсіпкер адамдар. Бірақ өз уақытының 70 пайызын қоғамдық жұмысқа арнайды.

Біз жергілікті органдармен қоян-қолтық жұмыс істейміз. Бірақ олардың тарапынан ешқандай бұйрық немесе тапсырма түспейді. Бюджет ұсынылғанда, біз оны қараймыз. Ескертулер болса, айтамыз. Олар түзетіп, кейін қайта әкеледі. Сондықтан «әкім не айтса, соны істейді» деу – қате пікір. Әрине, қала басшылығын қолдаймыз. Бірақ өз ұсынысымыз, пікіріміз және талабымыз да бар.

– Тегін еңбек етеді деп қалдыңыз. Сонда мәслихатқа келуге не себеп? Қандай да бір қызығушылық болуы керек қой.

– Көбі «еліме және халқыма қызмет етемін» деп келеді деп ойлаймын. Басқа адамдар үшін жауап бермей-ақ қояйын. Өзімді айтсам, мен партия филиалының төрағасы ретінде жалақы аламын. Сондықтан еркін жұмыс істей аламын.

Мен әу бастан қоғам қайраткері ретінде емес, қоғам қызметкері ретінде келдім. Еліме еңбек етемін, халықтың мүддесін қорғаймын деп келдім. Ал басқалардың не үшін келгенін айта алмаймын. Дегенмен мен білетін әріптес депутаттар – елге жаны ашитын адамдар.

– Партиядағы қызметіңізге көшейік. Жақында ғана партия төрағасының орынбасары болдыңыз. Бұл қызметті сізге кім ұсынды?

– Біріншіден, бұл мен үшін үлкен мәртебе. Екіншіден, бұл қызметті партия төрағасы Ермұхамет Қабидинұлы Ертісбаев ұсынды. Партия төрағасының айтуынша, мені партияның орталық аппаратын күшейту үшін шақырған. Сайлау алдында бізге жаңа күш керек. Жалғыз мені ғана емес, менімен қатар Қарағанды облысы мен Жетісу облысындағы филиал төрағаларын да шақырды.

Ермұхамет Ертісбаев
Ермұхамет Ертісбаев

– Партия төрағасының орынбасары болып тағайындалған кезде «алдағы Құрылтайға кіремін» деп талап қойдыңыз ба?

– Біз ондай талап қоя алмаймыз. Дегенмен ол кісі бізде сондай үміт бар екенін біледі. Партия тізіміне енгіземін деп өзі айтты.

– Бұл тізімді негізі кім жасақтайды? Ермұхамет Қабидинұлының өзі ме, әлде бәріңіз бірлесіп шешесіздер ме?

– Барлығымыз ақылдасып, бірге шешеміз.

– Партияның сайлауалды науқанға дайындығы енді басталған сияқты. Әлде біз білмейтін дайындық бұрыннан жүріп жатыр ма?

– Ермұхамет Қабидинұлының жақсы бір сөзі бар: «Біз сайлауға дайын болғымыз келсе, осы сайлаудан келесі сайлауға дейін жұмысты тоқтатпауымыз керек. Күн сайын белсенді жұмыс істеуіміз керек. Сонда келесі сайлауға абыроймен келеміз».

Міне, үш жылдың ішінде депутаттарымыз, Қоғамдық кеңес мүшелері, филиалдар мен орталық аппарат қызметкерлері белсенді жұмыс істеді. Біз сайлауға кез келген уақытта дайынбыз.

– Партия атқарған ең ұтымды жұмысты атап бере аласыз ба?

– Шешілген мәселелер мен көтерілген сұрақтар өте көп. Осы шақырылымда ҚХП фракциясы бірқатар заң жобасына бастамашы болды. Соның екеуіне Мемлекет басшысы қол қойды.

Заңнамалық бастамалар туралы айтсақ, бірнешеуін ерекше атап өтер едім. Атап айтқанда, біздің өкілдер жаңа Конституция жобасын әзірлеуге қатысты. Ұсыныстарымыздың ішінде еңбек ету құқығын бекіту мәселесі болды. Бұл қағида партияның сайлауалды бағдарламасындағы негізгі тармақтардың бірі еді.

ҚХП-ның тағы бір маңызды бастамасы – мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған ата-аналарды білім грантын өтеу немесе міндетті жұмыс істеу талабынан босату. Бұл норма ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдау бағытынддағы маңызды қадам болды.

Фракцияның тағы бір жетістігі – балаларға паллиативтік көмек көрсету стандарттарын бекіту бастамасы. Бұған дейін Қазақстанда мұндай стандарттар болмаған. Ересек науқастардың ауырсынуды басатын дәрілерді уақытылы алу мүмкіндігі белгілі бір деңгейде болғанымен, ауыр және жазылмайтын дертке шалдыққан балалар мұндай көмектен іс жүзінде шет қалған еді. Ресми деректердің өзіне сүйенсек, Қазақстанда мұндай көмекке шамамен 6 мыңға жуық бала мұқтаж болған.

Бұл бастамаларды ҚХП үшін негізгі жетістіктердің қатарына қосуға болады. Себебі олардың жүзеге асуы азаматтардың, әсіресе әлеуметтік тұрғыдан осал топтардың өмір сапасына тікелей әсер етеді.

– Бұрын «Қазақстан Халық партиясы» коммунистік партия болды. «Коммунистік» деген тіркес болған кезде партияның бағыты түсінікті еді. Қазір сіздердің негізгі электоратыңыз кім және басты бағытыңыз қандай?

– Біздің Коммунистік партияның мұрагері екенімізді бәрі біледі. Адамдарда «коммунизм» деген сөзге қатысты түрлі көзқарас болғандықтан, оны атауымыздан алып тастадық. Бірақ коммунизмнің негізінде жатқан маңызды идея бар: ол – еңбек ететін әр адамға тең мүмкіндік беру. 

Біздің электорат – әлеуметтік әділеттілікті қолдайтын барлық азамат.

– Қазіргі капиталистік қоғамда солшыл партия болу қаншалықты тиімді позиция деп ойлайсыз?

– Өте тиімді позиция. Қарапайым халықтың мүддесін қорғайтын – солшылдар. Оңшылдар да халық мүддесін айтамыз деп ұрандатуы мүмкін. Бірақ олардың бағдарламасы көбіне бизнес пен ірі корпорациялардың мүддесін қорғайды. Ал біз қарапайым қызметкерлер мен жұмысшыларды қорғаймыз.

– «Қарапайым халықтың мүддесін қорғаймыз» деп кез келген партия айтады. Нақты не істейсіздер және қалай қорғайсыздар?

– ҚХП ұсынып отырған бастамалар әлеуметтік және экономикалық бағдарламаға негіз бола алады. Оны Үкімет өз жұмысына алса да болады. Бұл бастамалар қазіргі қазақстандық социализм идеясына сүйенеді.

Біздің социализм – әділ ережелер. Онда адал еңбек қорғалады, ал ұлттық ресурстар көпшіліктің игілігіне қызмет етуі керек. Бұған дейін біз Қазақстанның барлық табиғи байлығы халыққа тиесілі деген конституциялық норманың қабылдануына ықпал еттік.

Қазіргі мақсатымыз – еңбекті қорғайтын, отбасыларды қолдайтын, қолжетімді білім, сапалы медицина, лайықты зейнетақы, әділ еңбекақы және әр адам үшін нақты әлеуметтік лифт ұсына алатын күшті мемлекет құру.

Сонымен қатар ҚХП жеке бастаманы, адал кәсіпкерлікті, шағын және орта бизнесті қолдайды. Біз нақты еңбекпен, қабілетпен және технологиямен жасалған капиталды қолдаймыз.

.
Қазақстан Халық партиясы, gov.kz

– Фракция құрамына Ермұхамет Қабидинұлының өзі кірген жоқ. Сыртта отырған «сұр кардинал» сияқты көрінеді. Осы жолы Құрылтайға кіре ме?

– Ол кісінің ойын айта алмаймын. Барғысы келсе, баратын шығар. Бірақ партия жетекшісі ретінде оның үлесі мол.

– Партия Құрылтайда қанша орын иеленбек?

– Кез келген партия жеңіске жетем деп ойлайды. Ашық айтсам, «Әділет» партиясын жеңеміз деп айта алмаймын. Себебі олардың аппараты үлкен, партия мүшелері де көп. Сондықтан екінші орын аламыз деп ойлаймыз.

– Сонда «Ақ жол» мен Respublika-ны жолда қалдырамыз дегенге сенімдісіз бе?

– Әрине. «Қай сарбаз генерал болғысы келмейді?» деген орыстардың сөзі бар ғой. Қазақстанда екінші орын алсаң, «бірінші орын алдым» деп есептей беруге болады.

– Бұған дейінгі және қазіргі құрамда да блогер-депутаттарды, айтыскер-депутаттарды, әнші-депутаттарды көрдік. Сіз де солар сияқты тағы бір «әнші депутат» болып қалып қоямын деп ойламайсыз ба? Әлде шынымен халыққа пайдасы тиетін депутат ретінде қалатыныңызға сенімдісіз бе?

– Әнші немесе актер депутаттар, расында, сол саланың кәсіби мамандары. Ал мен жоғарыда айтқанымдай, ешқашан кәсіби әнші болған емеспін. Өмір бойы өз саламда жұмыс істеп келемін. Тәжірибем де, қабілетім де бар.

Сондықтан жай ғана «әнші депутат» болып қаламын деп ойламаймын. Белсенді жұмыс істеп, тәжірибемді қолдана отырып, нақты нәтиже көрсетемін деп сенемін.

Қазір оқып жатыр

«Van Cleef алқасын, Dior сөмкесін пара ретінде алған»: Кореяның экс-бірінші ханымы тағы 7 жыл арқалады

Ким Кон Хи

Алматы метросында колледж студентінен оқ-дәрі табылып, қылмыстық іс қозғалды

Оқ

Тоқаев әскерге шақыру мен ант қабылдауды ерекше салтанатпен өткізуді тапсырды

Қасым-Жомарт Тоқаев

Қазақстандықтар енді зейнетақы жинағының 100%-ын сенімгерлік басқаруға бере алады

Зейнетақы жинағы