Жеңгелер мектебі. Жыныстық тәрбие туралы арнайы пән енгізу керек пе?

Қоғамда бұған дейін де жасөспірім қыздар арасында ерте жүкті болу дерегінің көбейіп кеткені сан мәрте айтылып келді. Осыдан бір ай бұрын сенат депутаты Нұртөре Жүсіп соңғы бес жылда жүктіліктің 1,5 есеге артқанын, ерте босану жағдайлары Жамбыл, Түркістан, Маңғыстау облыстарында көбейгенін қинала жеткізген еді.
Депутат өз пікірінде Оқу-ағарту және Денсаулық сақтау министрлігіне мектептегі бақылауды күшейту қажеттігін қаперге салған. «Ерте ана болу жас қыздар мен олардың балаларының денсаулығына кері әсерін тигізеді. Бұл білім алу мен толыққанды даму мүмкіндіктерін шектейді. Сондықтан да профилактикалық шараларды күшейтіп, жастардың хабардарлық деңгейін арттыру қажет. Яғни, дәрігерлік және психологиялық қызметтердің қолжетімділігін жақсарту керек», – деген болатын.
Ал Сенат депутаты Айнұр Арғынбекова елімізде жасөспірімдердің жыныстық тәрбиесіне қатысты жүйелі көзқарастың әлі қалыптаспағанын және репродуктивті денсаулық бойынша білім беру бағдарламасының сапасын арттыру керектігіне баса назар аударып, жалпы білім беретін мектептер мен колледждерде жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығы бойынша пән енгізу қажеттігін ұсынды.

«Қазіргі оқу бағдарламасында бұл қарастырылмаған. Бұрын валеология курсы болған, бірақ ол факультатив ретінде оқытылды және оның мазмұны көбіне мұғалімнің өзіне байланысты болды. Көптеген педагогтер қандай тақырыптарды қозғау маңызды екенін білмеді. Балаларға жас ерекшеліктері мен психологиялық факторларды ескере отырып, нақты әрі дұрыс ақпарат беру үшін жыныстық тәрбиені оқытудың нақты әдістемесін әзірлеу қажет», – деді сенат депутаты.
Алайда, осы мәселеге қатысты Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан балаларды бұл тақырыпқа тәрбиелік жұмыс арқылы да ақпараттандырып жатқанын тілге тиек етті.
«Мектептердің оқу бағдарламасында жыныстық ағарту аясында жыныстық тәрбие, сондай-ақ репродуктивті денсаулық пен гигиена мәселелері қарастырылған. Бірыңғай тәрбие бағдарламасының аясында жасөспірімдерге жыныстық тәрбие беріледі. Ол үшін жастар денсаулығы орталықтарында жұмыс істейтін мамандарды шақырамыз», – деді қысқа қайырып.
Шын мәнінде, мектеп бағдарламасына мұндай пән керек пе? Білім ошақтарында өтетін тәрбие сағатында жыныстық тәрбие туралы толыққанды мәлімет беріле ме?
Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ, ұстаз:
Бұл тақырыпты ашық айту мүмкін емес

– Әуелі педагогикалық мамандықтарға қабылдау тәртібін қатаңдату керек. Білім саласын өзгерту жұмысын мұғалімдердің біліктілігіне ғана емес, бейіміне, қабілетін арттыру арқылы жүзеге асыру қажет. Ал сенатор Айнұр Арғынбекова айтқан пәнді кім және қалай өтеді? Астарлап, жұқалап жеткізе алуға қабілеті жете ме? Бұл тақырыпты ашық айту мүмкін емес.
Ләззат ЕРМАХАНҚЫЗЫ, Түркістан облысы, Отырар ауданы Қ.Сәтбаев атындағы жалпы білім беретін орта мектеп директоры:
Біздің менталитетке сай келмейді

– Мұндай пәннің мектепте оқытылғанына қарсымын. Себебі, біздің менталитетке сай келмейді. Қазір тәрбиенің біртұтас бағдарламасы аясында ашылған Ата-аналарды педагогикалық қолдау деген орталық бар. Сонда аналар, әкелер, аталар және жеңгелер мектебі жұмыс істейді. Мұндағы жеңгелер мектебінде қыздарға арнайы осы тақырып туралы айтылады. Яғни, бұрын да қыздар өзіндегі өзгерістерді жеңгелеріне айтып, сырласып, кеңес алған еді ғой. Ал енді мектепте арнайы пән ретінде енгізіп, ашық түрде айтудың керегі жоқ.
Біздің мектепте «Сырласу» атты клуб бар. Мұнда қыздар психолог, медицина қызметкерімен сөйлесіп, білгісі келген сұраққа жауап алады. Әсіресе, жоғары сыныпта оқитын қыздармен ерте жүктілікті болдырмау, сақтану жолдары туралы түсіндіріледі.
Әрине, мектептегі тәрбие сағатында жыныстық сауаттылық жайында ашық айтылмайды. Бірақ жеңгелер мектебі мен «Сырласу» клубында әр қызбен жеке жұмыс атқарылады. Одан бөлек ауылдағы үлгілі, өнегелі отбасындағы аналар мен келіндерді шақырып, тәрбие шараларын өткіземіз.
Айман САҒИДУЛЛА, мұғалім:
Артық пәннің қажеті жоқ

– Жалпы, кәмелетке толмаған жасөспірімді заң бойынша «бала» деп атаймыз. Оларға мұндай пән не үшін керек? Тағы бір мәселе – мектеп оқушыларында онсыз да пән көп, жүктемесі артық. Күнде 7-8 сағаттап оқиды. Артық пәннің қажеті жоқ деп санаймын.
Айман ОМАРОВА, заңгер:
Мектептегі тәрбие сағаты жеткіліксіз

– Мектеп оқушыларын алдын ала ақпараттандырмаса, интернеттен өздері көріп, түрлі бәлеге ұшырап жатыр. Бәрі де балалардың қауіпсіздігі үшін.
Мысалы, баланы тек ата-анасы, жақындары ғана құшақтап, бетінен сүюге болады. Ал кей балалар бөтен адаммен қалай қарым-қатынас жасау керектігін білмейді. Бәзбір адам алдына отырғызып алып, әурет жерін ұстауы мүмкін. Мұны көбінесе зорлық-зомбылық болғаннан кейін ғана білеміз. Сондықтан әр бала өзінің денесіне тек анасы ғана жақындай алатынын білсе, мұндай қайғылы жағдай болмас еді.
Меніңше, мұндай пәннің оқыту әдістемесі дайындалса, кез келген мұғалім емес, кәнігі психолог маман оқыту керек және бұл тақырыпты жасөспірімдерге қалай болса солай айтуға болмайды.
Бірде мектепке заңгер ретінде зорлық-зомбылық тақырыбында мәлімет беру үшін оқушылармен кездесуге шақырды. Сөзімнің басында бір кітаптағы оқиғаның желісі бойынша аман қалған баланың тағдырын әңгімелеп бердім. Ең соңында «Бұл бала өз құқығын біледі екен. Ал сендерде осындай жағдай болды ма?» деп сұрап едім, оқушылар бірінен соң бірі басынан өткен оқиғаны жарыса айтты. Сыныптың тең жартысының өмірінде заңсыз әрекеттер болған екен.
Қазір мектеп жасындағы қыздар неге ерте жүкті болып жатыр? Оған басында біреу тиіскен. Ол ұялып немесе қорқып ешкімге айтпады. Егер сол әрекеттің зорлық-зомбылық екенін білсе, сол мезетте-ақ анасына немесе құқық қорғау органдарына шағым түсірер еді. Жыныстық тақырыпта сауаты болса, ерте жүкті болудың алдын алар еді.
Ал екіқабат қыз ертең баласын туып, қоқысқа тастап кетсе не болады? Сондықтан да мектеп жасынан хабардар еткен дұрыс. Тәрбие сағаты жеткіліксіз. Анда-санда өткен соң оған оқушылар да, мұғалім де немқұрайлы қарайды.
Редакциядан: Бұл мәселеге байланысты спикерлердің пікірі екіге жарылды. Жыныстық тәрбие туралы арнайы пән керек пе? Ой қосыңыз, құрметті оқырман.