16 Желтоқсан 08:49

«Желтоқсан желін» шырқауға тыйым салған кім?

Фото:

Тәуелсіздік мерекесіндегі сөздің төресі – «Тәуелсіздігіміз баянды болсын!» дейтін тілек. Ал Тәуелсіздік қай кезде баянды болады? Ақырып теңдік сұраған батырлары әспеттелген кезде, Тәуелсіздік құрбандары ұлт батыры ретінде дәріптелгенде, жас мемлекеттің тамыр жаюына жан-тәнімен берілген азаматтары құрметке бөленгенде,  яғни, әрбір адам егемен елдің азаматы екенін жан-дүниесімен сезінген кезде Тәуелсіздік ұғымы бойтұмарға айналады.

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында мемлекеттік награда тапсыратын дәстүр бар бізде. Биыл да президенттің Жарлығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына үлес қосты делінген бір шоғыр адам құрметке бөленді. Арасында әдеттегідей ақын-жазушылар, өнер және еңбек адамдары, спортшылар, сондай-ақ, билік өкілдері де жүр.

Асқар Мамин, Амандық Баталов секілді жоғары лауазымды шенеуніктер мен Мұхтар Құл-Мұхаммед пен Омархан Өксікбаев сынды депутаттарды да осы қатардан табасыз. Билік өкілдерінің сөлкебайын қызғанып отырған біз жоқ. Дұрыс. Алсын.

Бірақ осы саптан неге бір Желтоқсан қаһарманын көре алмадық?  Неліктен жыл сайын ең құрса, бір желтоқсаншының кеудесіне «Отан» орденін тағып, «Отанымның іргесін қалауға атсалысып едің» деп арқасынан қақпаймыз? Өңіріне «Барыс» ілген билік өкілдері мен ақын-жазушылардан Желтоқсан қайраткерлерінің қай жері кем?!

Әйгілі «Аллажар» фильмін түсірген Қалдыбай Әбеновтің өмірден қайтқанына санаулы ай ғана өтті. Бүгінгі әрі келешек ұрпаққа Тәуелсіздіктің қалай келгенін, қанша қан төгіліп, қанша ғұмыр қиылғанын көрсетуде «Аллажардан» асқан ақиқат шымылдығы жоқ. Бұл дүние жарыққа шығам дегенше режиссердің жарты өмірін жалмады. Өйткені кедергі көп еді. Қысастық сырттан да, іштен де жасалды. Бірақ «Аллажар» Қалдыбайға емес, қазаққа керек болатын. Режиссер өз парызын орындады. Ал алғысты кім айтуы керек? Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында құрметке лайық Қалдыбайдан асқан қандай қазақ бар?

Бізді таңғалдырған бір дүние, күні кеше ғана «Жетісу» арнасындағы «Болмыс» ток-шоуына онлайн сұхбат берген Әбиірбек Тінәлиев «Желтоқсан желін» әлі күнге дейін үлкен сахналарда орындай алмай жүргенін айтып, мұңын шақты. Себеп неде? Себеп: рұқсат берілмейді.

Әлдекімдер «Желтоқсан желі» әнінің сарыны Тәуелсіз жұрттың құлағына жеткенін қаламайды. Сонда Сіздің Тәуелсіздік туралы таным-түсінігіңіздің көк тиындық құны қалды ма? «Желтоқсан желін» көзінен жас, жүрегінен қан саулап отырып жазған әншінің қадір-қасиеті қыз-келіншектерге тренинг өткізіп, тиын сауған айтыс ақынынан кем болғаны ма?

Қалдыбай Әбенов.

Тәуелсіз елміз деп айтуға келгенде тілімізге тікенше қадалатын бір мініміз – мемлекеттік тілдің жайы. Отыз жылға жуықтаса да, қазақ тілі мемлекеттік тіл бола алмады. Жоғары билік әлі күнге жиындарын ресми тілде өткізеді. Бұл Тәуелсіз ел үшін мін бе, мін емес пе? Әрине, мін. Ал осы кемшілікті түзетуге күш салып жүрген кім бар? Павлодардағы қалың орыстілді қауымның ортасында қазақ тілі үшін шыр-пыры шығып, отқа да, суға да түсіп жүрген Руза Бейсенбайтегі деген қазақтың қызы бар. Солтүстікте Рузамен айтысып-тартыспаған, қорқытып-үркітпеген, сотқа сүйрелесіп, бет жыртыспаған қисықниетті жандар кемде кем. Бірақ алаштың аймаңдай қызы қазақ тілін табандап талап етіп келеді. Тіл үшін күресте ешқашан шегінген емес. Бір Бейсенбайтегі бір министрліктің шаруасын арқалап келеді. Енді қараңызшы, дәл осындай адам «Отан» мен «Барысқа» неге лайықты емес?

Әңгімеміздің біссіміләсін «Тәуелсіздік қай кезде баянды болады?» деген сауалдан бастағанбыз. Сөлкебайға дейін сөзімізге іліксе, ол осы Тәуелсіздік туралы таным-түсінігіміздің тым таяздап кеткенінен шығар. Еленбеген тұлғалар тақырыпқа түрткі болды. Әйтпесе, сөлкебай деген не тәйірі: сөлкебай сандықтың түбінде қалады, ал тұлағалар қашанда халық көңілінің төрінде!  

Тегтер: