9 Желтоқсан 15:28
...

Жастар арасындағы жұмыссыздық: жаңа буынның еңбекке көзқарасы қандай?

.
Фото: Фото: freepik.com

Елімізде келер жылы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі өседі деген болжам бар. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы жастар жұмыссыздығы 3,1 пайыз болса, 2026 жылы бұл көрсеткіш 3,4 пайызға дейін жетуі мүмкін. Осыған байланысты жастар жұмыссыздығын азайтудың жолдары туралы сарапшылардың пікірін сұрадық.

Жұмыссыздықтың себебі сан алуан

ҚР Сенатының депутаты Әлібек Нәутиевтің айтуынша, жастардың жұмыссыз қалуы әлеуметтік дағдарысқа зор әсер етеді. Осы орайда депутат жұмыссыздықтың басты себептерін тізбектеп айтып берді.

«Жастар арасындағы жұмыссыздық – қоғамдағы ең проблемалық мәселелердің бірі. Оның себептері де сан алуан. Тіпті ЖОО-ны бітіріп, диплом алған жастардың өзі қоғамда өз орнын таба алмай жүр. Егер олар еңбек нарығының сұранысына сай білім алмаса, жұмыссыз қалу ықтималдығы жоғары. Менің ойымша, жалпы жұмыссыздықты азайту үшін елде өңдеу өнеркәсібін, жаңа өндіріс орындарын ашу аса маңызды. Біз әлі де болса алып-сатып, делдал экономикадан шыға алмай келеміз», – дейді Нәутиев.

Сұхбат алған он шақты жастың тек төртеуі ғана өз мамандығы бойынша еңбек етеді. Қалғандары мүлде басқа салада жұмыс істеп жүр. Бұл жастардың жұмыссыз емес екенін көрсеткенімен, мамандық пен еңбек нарығы арасындағы алшақтықтың әлі де бар екенін аңғартады.

Депутат өзінің бір сөзінде, бұл мәселе әр аймақтың даму деңгейіне де тікелей байланысты екенін атап өтті. «Бір өңірде мүмкіндік көп болса, екінші өңірде инфрақұрылым да, инвестиция да, өндіріс те ақсап жатады», – дейді ол.

«Елімізде ауыл шаруашылығында еңбекақының тым төмен екені баршаға белгілі. Қазір жастар 250–300 мың теңге жалақыға жұмыс істегісі келмейді, себебі бұл еңбегін ақтамайды. Жалақының мардымсыз болуы ауылдық жерлердегі кадр тапшылығын одан сайын күшейтіп отыр. Бұдан бөлек, тіл білу де жұмысқа орналасуға үлкен әсер етеді. Тіл меңгермеген жастар шетелдік компанияларда жұмыс істеу былай тұрсын, олардың өткізетін түрлі тренингтеріне де қатыса алмай жатады. Қосымша тіл – еңбек нарығындағы бәсекелестікті күшейтетін маңызды құрал», – дейді депутат.

Психологиялық дағдарыс күшейіп жатыр

Әлеуметтанушы Темірлан Төлеудің айтуынша, жұмыссыздық жастар арасында психологиялық дағдарысты күшейтіп отыр. Соның салдарынан стресс, күйзеліс, өзін дамытудың мәні жоқ деген түсінік сияқты құбылыстар кеңінен таралуда.

«Әсіресе белгісіздік пен тұрақсыздық сезімі, болашаққа деген сенімсіздік жастардың ішкі күйзелісін күшейтеді. Бұған қоса, қоғамдық қысым мен салыстыру мәдениеті, яғни “жұрттың баласы” феномені әлі де сақталып отыр. Бұл тек психологиялық қиындықтарға ғана емес, әлеуметтік-экономикалық мәселелерге де алып келеді. Тіпті жастар арасындағы ажырасудың басты себептерінің бірі – осы», – дейді ол.

Сондай-ақ оның айтуынша, лудоманияның кең таралуын да осы факторлармен түсіндіруге болады. «Себебі ойынқұмарлықтың негізгі триггері – “тез ақша” иллюзиясы», – деп айтады әлеуметтанушы.

Өзгеше тәсіл керек

Бүкіләлемдік қауымдастық шамамен 1997–2012 жылдары туған жастарды «зуммерлер» деп атайды. Бүгінде еңбек нарығындағы жаңа жұмыс орындарының басым бөлігі дәл осы буын өкілдерімен толығып жатыр. Алайда қоғамда олар туралы екіұшты пікір бар. Бірі зуммерлерді жауапкершілігі төмен, тұрақсыз деп сынаса, енді бірі керісінше идеяға толы, креативті, өзгерістен қорықпайтын буын ретінде жоғары бағалайды. Қалай болғанда да, жаңа буынның еңбек мәдениеті алдыңғы буыннан айтарлықтай өзгеше, ал бұл тенденция жұмыс берушілер үшін де, жалпы қоғам үшін де жаңа талаптар қалыптастырып отыр. HR маманы Әділет Исабеков өз тәжірибесінде көптеген зуммерлермен жұмыс істеп көргенін айтты. Оның сөзінше, зуммерлермен жұмыс істеу үшін оларға басқаша тәсіл керек.

«Ескі тәсілмен жұмыс істейтін компанияларға зуммерлермен тіл табысу барған сайын қиындап барады. Егер мұндай ұйымдар болашақта кадр тапшылығына ұрынғысы келмесе, жұмыс жүргізу форматын түбегейлі қайта қарағаны жөн. Біріншіден, зуммерлер микро-менеджментті қабылдай алмайды. Олар үшін бақылау емес, сенім маңызды. Егер жұмыс беруші еркіндік берсе, зуммерлер өз міндетін әлдеқайда нәтижелі орындайды.

Екіншіден, тапсырманы түсіндіру тәсілі де өзгеше болуы тиіс. Алдыңғы буын өкілдеріне «жасай сал» дегеннің өзі жеткілікті болса, зуммерлерге тапсырманың бастан-аяқ түсінікті болуы өте маңызды. Олар «нені орындау керек?» және «қалай орындау керек?» деген сұрақтарға нақты жауап күтеді.

Үшіншіден, зуммерлер кез келген жұмыстың мәні мен себебін білгісі келеді. «Бастық айтты, болды» деген ұстаным олар үшін өтпейді. Тапсырманың не үшін берілгені, оның компанияға қандай пайда әкелетіні түсіндірілсе ғана олар толық мотивациямен жұмыс істейді», – дейді маман.

Сарапшы зуммерлердің бір бөлігі ақша үшін емес, идея үшін еңбек ететінін де тілге тиек етті. «Егер компания осы буынды тартқысы келсе, алдымен өзінің миссиясын, құндылықтарын анық көрсетіп, әр тапсырманы сол құндылықтармен байланыстыруы қажет», – дейді ол.

Қорыта айтқанда, жұмыссыздық туралы қоғамдағы сан алуан пікірлерге қарамастан, еңбек мәдениеті де, жұмыс талаптары да өзгеріп келеді. Жастар арасындағы жұмыссыздықтың көрінісі де бұрынғыдай емес: олар жұмыс іздеп қана қоймай, өзіне мәні бар, дамуға жол ашатын орта таңдауға ұмтылады. Осы өзгерістерге бейімделген жұмыс берушілер ғана болашақтың бәсекеге қабілетті кадрларын өз қатарында ұстап қала алады.