Жаңа оқу жылы жаңалығымен келді

Жаңа оқу жылы биылғы жылы да жаңашылдығымен келді. 2022-2023 оқу жылында Қазақстан бойынша 7 мыңнан аса мектеп оқушыларды қабылдап, өз жұмысын бастады. Ол шамамен 3,6 миллион баланы қамтып отыр. Ал Қазақстан бойынша ұстаздардың саны 384 мыңнан асады.
2022-2023 оқу жылы 1 қыркүйекте басталып, 31 мамырда аяқталады. Бұл биылғы оқу жылының ең басты жаңалығы болды. Оқу жылы 36 аптаға созылады, бұл өз кезегінде жүктеме санын реттеуге сеп болады деп сендірді министрліктегілер. Жаздың алғашқы күні Қазақстандағы барлық оқушы жазғы демалысқа шығады. Ал оқу жылындағы тоқсан сайын берілетін демалыс саны сол күйінде өзгеріссіз қалды.
Жалпы бір жылды есепке алғанда оқушылар 192 күн демалады және 173 күн оқиды.
Жаңа оқу жылының тағы бір жаңалығы енді Қазақстандағы барлық мектеп (үш ауысымды мектептерді қоспағанда) бес күндік оқу режиміне көшеді. Білім ордаларында ұстаздарды бес күндік оқу аптасы болса да мектепке шақырып алатын басшылық көп. Оқу-ағарту министрлігі жаңа оқу жылында мұндай мәселелер туындамайтынын айтты.
Елімізде бұған дейін 1-сынып оқушылары үш тілді қатар оқып келді. Бұл ата-аналардың да наразылығын тудырған болатын. Меектеп табалдырығын енді аттаған бүлдіршін үшін бірден үш тілді меңгеру аса қиын. Мұны талдаулар мен сараптамалардың нәтижесі де көрсеткен. Кез келген мемлекет алдымен өзінің ана тілін оқытады. Бала алдымен туған тілінде оқып, жаза білуі шарт.
Жаңа оқу жылының тағы бір жаңалығы 1-сынып оқушылары тек қазақ тілінде білім алады. Ал орыс тілінде білім алатын 1-сыныптарға мемлекеттік тіл мен орыс тілін ғана оқыту жоспарға енгізілді. 1-сыныпта тек қазақ тілінде білім алған оқушылар орыс тілін 2-сыныптан бастап оқиды. Ал ағылшын тілі барлық мектепте үшінші сыныптан бастап оқытылады.
Сондай-ақ, жаңа оқу жылында 1-сыныпқа «Еңбекке баулу» және «Бейнелеу өнері» пәндері «Көркем еңбек» пәнінің орнына енгізіледі. Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринова хабарлауынша, 1-4 сынып оқушыларына мектептерде шахмат ойнын үйрету ұсынысы жасалды. «Жаһандық құзыреттілік» факультативтік курсы бойынша оқыту жалғасатын болады. Бұл пән биыл 5-11 сыныптар үшін міндетті курс болып табылады. Курста «Адалдық және этика», «Экологиялық мәдениет», «Азаматтық», «Тіршілік қауіпсіздігінің негіздері», «Медиасауаттылық және қаржылық сауаттылық» модульдері қамтылған.
Биылғы жылы енгізілген басты жаңалықтардың бірі мұғалімдерді жұмысқа қабылдаудың жаңа тәртібінің енгізілуі. Ұстаздың жан-жақты білімді болуы маңызды. Өйткені ұстаз - алдында отырған әрбір шәкіртінің білімді, саналы болып шығуына тікелей жауапты. Бәрімізге мәлім, қазіргі таңда ұстаздар жұмысқа конкурс арқылы қабылданады. Оларға қойылатын негізгі талаптар: білім, еңбек өтілі, ұлттық біліктілік тестілеу нәтижелері, біліктілік санаты, кәсіби жетістіктері сараланады.
Ұстаздар арасында шын кәсіби мамандарды анықтау үшін түрлі іс-шаралар жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Биылғы жылы да мұғалімдердің біліктілігі жан-жақты тексеріледі. Бұл үрдіс білім саласындағы ажырамас қағида іспетті.
Мектеп оқушылары арасында әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасылардан шыққан балалар бар. Оларға жыл сайын мемлекет тарапынан көмек көрсетіліп келеді. Биылғы оқу жылында мұқтаж отбасылардың балаларына көмек көрсету үшін өткен жылмен салыстырғанда үш есе артық бюджет қарастырылған.
Арнайы қордың көмегі келесі санаттағы оқушыларға көрсетіледі: мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасының балаларына, мемлекеттік әлеуметтік көмек алмайтын, бірақ табысы жан басына шаққандағы ең төменгі күнкөріс деңгейіне жетпейтін отбасылардың балаларына, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, оқыс жағдайда ұшыраған жедел көмекке зәру отбасының балаларына, білім мекемесі анықтайтын өзге де санаттағы балаларға.
Үкімет қаулысына өзгерістер енгізілгенін ескерсек, қаражат ата-аналардың шотына аударылады. Мектептегі әрбір оқушы таршылық көрмеуі тиіс. Алаңсыз білім алу үшін оларды әлеуметтік мәселе қыспаққа алмағаны жөн. Жаңа оқу жылында бұл мәселе оң жолға қойылады.
Биылғы жаңа оқу жылында Қазақстан бойынша 80 жаңа мектеп ашылды. 1 қыркүйекте 80 жаңа мектепте алғаш рет қоңырау үні соғылды. Туу көрсеткіші артты, бала саны көбейді. Тиісінше, мектепке деген сұраныс та жоғары. Сол себепті жыл соңына дейін барлығы 230-дан астам мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Жаңа мектептер демографиялық өсім белсенді және оқушылар орны жеткіліксіз аймақтарда бой көтеруде. Бұл Алматы, Атырау облыстары және Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқевтың Қазақстан халқына арналған Жолдауында Білім саласына қатысты бірнеше тапсырманы жүктеген болатын.
«Білім беру жүйесіне ынталы және білікті мұғалімдер қажет. Менің ойымша, мұғалімдерді қайта даярлау қазіргідей бес жылда емес, үш жылда бір рет жүргізілуі керек. Бұл ретте мұғалімдердің өз қаражаты есебінен курстан өтуіне жол бермеу керек», - деді президент Жолдауында.
Заңға түзетулер енгізілсе, біліктілікті арттыру курстарынан өту тәртібі өзгереді. Президент Жолдауындағы тапсырмаға сәйкес педагогтар үш жылда бір рет біліктіліктерін арттырады.
«Орта білімнің сапасы - табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуы тиіс. Сол үшін "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек», - деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жаңа оқу жылында болатын өзгерістердің барлығы шәкірттердің толық білім алып, қабілетін арттыруға бағытталады. Қазақстанның болашағын тек білімді ұрпаққа ғана аманаттап кете аламыз. Біліммен озатын заманда саналы ұрпақтың көп болғаны жақсы.