4 Қыркүйек 18:00

Жаңа ма, ескі ме? Нұр-Cұлтан ба, Алматы ма? Пенсияның ақшасына қандай пәтер алған дұрыс?

Фото:
Елімізде жарты миллионнан астам адам

алақанын ысқылап отыр. Келесі жылы зейнетақы жинағынан біршама ақша шешіп, үй алып алуға болады. Ол ақша баспанаға толық жетпесе де, ипотеканың алғашқы жарнасын құюға мүмкіндік береді.

Зейнетақы жинағы алғашқы жарнаға жетіп тұрса, қандай пәтер алған дұрыс? Қолданыста болғаны қолайлы ма, әлде бәрін тастап жаңасын алып алайық па? Жаңа үйде тұру әрине беделдірек көрінер деп жазады, ИпотекаБлог. Бірақ қолданыста болған үйде бар жағдай жасалған және өмір сүруге өте ыңғайлы. Президент жолдауынан кейін отандастарымыздың көбісі үйді қалай сатып алатынын елестетіп, тіпті оған ойша жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқандары анық. Бірақ келесі жылы оларды қиын таңдау күтетін болады.

 

Фото: Homsters.kz

Жаңаның аты жаңа

Әдетте, арамызда жүрген таныстарымыздың көбісі жаңа салынған үйді сыртқы әрлеудегі қасбеттердің стильді және заманауи көрінісі мен пәтерлердің үлкен аумағы үшін таңдайды. Мұндайда қазақ «жаңаның аты жаңа» дейді. Келіспеу мүмкін емес, жаңа үй ескі үйге қарағанда сырт көзге тартымды. Сонымен қатар, бастапқы нарықта пәтер сатып алғанда, сіз ішкі инженерлік коммуникацияларды жаңартуға қаражат жұмсамайсыз, ал ескі пәтерде біраз жөндеу жұмыстары қажет болуы мүмкін. Баға артықшылықтарын да ескерейік. Мысалы, екі қаланы — Нұр-Cұлтан мен Алматыны алып, жаңа үйлердегі пәтердің орташа құнын салыстырайық.

Алматыдағы бір-екі бөлмелі жаңа пәтердің орташа құны — 18 миллион теңге, ал Елордада — 16 миллиондай болады. Эконом класс десе де, арзан емес. Енді тағы қымбаттауы мүмкін.

Енді оны дүркіреп тұрған «7-20-25» бағдарламасы бойынша ипотекаға алсақ, Алматыдағы пәтер үшін ай сайын 101 776 теңге, ал Нұр-Cұлтандағы үй үшін 90 467 теңге төлеп отырасыз. Арадағы айырмашылық 10 мың теңгедей ғана. Демек, осыдан түйіндейтін кеңесіміз – өзіңіз қай қалада тұрасыз, сол қаладан үй алыңыз.

"Жаңаның аты жаңа" дейтіндер, мұндай тұрғын үйде жөндеу жұмыстарын жүргізуге тура келетінін ұмытпағаны жөн. Бұл қып-қызыл шығын. Сонымен бірге жиһазға да біршама ақша керек екенін ескеріңіз.

 

Фото: Korter.kz

Ескі болса да, ыңғайлы

Енді қолданыста болған баспананы талқыласақ. Оның қандай артықшылықтары бар? Ең бастысы, су, жарық, газ, жылыту жүйелері тозбаған ба? Егер ішкі коммуникациялар жөндеуді қажет ететін болса, онда шығындалуға тура келеді. Қазір қолданыста болған арзандау пәтерлердің бағасы Алматыда орташа есеппен 15 миллион теңгені, ал Нұр-Cұлтанда 12 миллион теңгені құрайды.

Демек, қолданыста болған пәтерлер арзанырақ. Жағдайы жақсы болса, тіпті жөндеу жұмыстарына да шығындалмайсыз. Бірақ, пәтерді ипотекаға алғыңыз келсе, онда оның жасы 50 жылдан аспауы тиіс. Жасы келіп тұрса, оған несие беретін «Баспана Хит», «Отбасы банк» сынды басқа да ипотекалық бағдарламалар баршылық.

Тағы бір артықшылығы бар. Қолданыста болған пәтерлердің саны көп. Өкінішке орай, жаңа үйлер бұл жағымен мақтана алмайды.

Қорыта айтқанда, жаңа пәтер болсын, ескілеу үй болсын — сіздің мақсатыңыз бен мүмкіндігіңізге сай келуі керек. Біздің кеңес: егер жаңа үй деп шешсеңіз, құрылыс компаниясы сенімді болсын. Қолданыста болған пәтер деп шешсеңіз, құжаттарына зер салыңыз. Сонымен бірге, ішкі коммуникацияларын да тексеріп алыңыз.

Тегтер: