«Жаңа академияға бұрынғылардың бәрі өтпейді» – Академик Асқар Жұмаділдаев

Бір елде екі академияның жұмыс істеуі ғалымдар арасында дүрдараз туындатып келді. Енді бұрынғы қоғамдық бірлестік деңгейіндегі мекеме екі жыл бұрын құрылған Ұлттық ғылым академиясына бірікті.
«Елімізде ғылым саласын қайтсек дамыта аламыз?» деген сауалды қоғам қайраткері, академик Асқар ЖҰМАДІЛДАЕВҚА қойған едік.
– Асқар аға, академиктер арасындағы жыр болған тартысқа нүкте қойылып, екі академия бірігіпті. Сіздіңше, ғылымға деген бетбұрыс енді бастала ма?
– Негізі бұл оң шешім болды. Өйткені, екі академия болғанның ешкімге керегі де, пайдасы да жоқ. Ескі академия ғалымдары жаңасына өтемін десе, қайтадан сайлануға тура келеді. Олардың ішінде де мықты ғалымдар бар. Бұрынғы академиктерге «Құрметті академик» атағы беріліп, құрамға кіреді. Әрі қарай жұмысына қарап көреміз.
Жаңа академияның мүшесі болу үшін бес баспалдақтан өтеді. Бәрі өтпейді. Егер олар арыз берсе, қарастырамыз. Бермесе, ешкім атағын тартып алмайды. Олардың құқығын бұзбаймыз. Қалған мәселе академияның кеңесінде шешіледі. Әлі құрылып бітпей жатырмыз. 20 жылда қираған нәрсе бір күнде шешілмейді ғой.
Президенттің: «Қазір ғылыми атағы бар, бірақ ілім-білімге мүлде қатысы жоқ адамдар көбейіп кетті. Елімізге өмір жолын ғылымға арнаған, нақты ғылыми жетістігі бар адамдар керек. Отандық ғалымдар құрамын жаңарту қажет. Бұл – уақыт талабы. Нағыз ғылымға мүлдем қатысы жоқ адамдардан арылуымыз қажет. Олардан ешқандай пайда жоқ, ғылымға кері әсері тиеді», – дегенін екі бастан қолдаймын.
- Тақырыпқа орай: «Біз президент уәде еткен өз орнымызға келдік» – Мұрат Жұрынов
Президент Қ.Тоқаев құлаған академияны қайта тұрғызды. Академия кезінде үй ішінен үй тіккен сияқты, мемлекет ішіндегі мемлекет болған. Академияның құрамында автобазасы, құрылыс комбинаты бар еді. Жыл сайын геологтар экспедицияға шығып тұрды. Бір сөзбен айтқанда, бар жағдай қарастырылды, жасалды. «Құлан құдыққа құласа, құлағында құрбақа ойнайды» деген бар. Соның бәрі академия құлағаннан кейін талан-таражға түсті.

– Енді Ғылым академиясының жұмысы жанданып, ғылымға айтарлықтай үлес қосады деп күтсек бола ма?
– Қазір академияда екі үлкен мәселе бар. Бірінші – бірде-бір институты жоқ. «Дала аманаты» деген бағдарлама бар деп естідім. Ұрланған дүние далада ғана емес, қалада да көп. Сатпаевтың кезінде 45 институт болды. Академия 2003 жылы қоғамдық бірлестікке айналғанда тарап кеткен. Бірі жабылып, бірі жекенің қолына өтіп кетті. Мемлекет олигархтардан активін, жерін қайтарып жатыр ғой. Дәл сол сияқты бәзбіреулердің уысында кеткен Ғылым академиясының жерін, инстиуттарды, ғимараттарын мемлекетке қайтарту керек.
Қазақстанның энергетика саласының академигі Ш.Ч.Чокиннің арқасында қазіргі пайдаланып жүрген электр станциялар салынды. Оның қосалқы бөлшектерін жөндеп тұрсаң, әлі де 100 жыл жұмыс істейді. Демек, кезінде қазақ ғылымының деңгейі өте жоғары болды. Қазір Чокин атындағы энергетика ғылыми зерттеу институты жекеменшік болып кеткен. Одан бөлек энергетика саласындағы 20 шақты институттың ешқайсысы ғылыммен айналыспайды.
Академия – академиктер мен ғылыми-зерттеу институттардан тұрады. Егер институт болмаса, ондай академиктің не керегі бар? Яғни, академияның негізгі міндеті – іргелі ғылым жасау. Ол үшін институт, зертхана, құрылғы керек. Мәселен, гуманитарлық ғылымдар көп ақшаны қажет етпейді. Математикаға ақша керек емес, ал физика, химия, генетикаға қыруар қаржы керек. Олардың бір реактивінің өзі пәленбай ақша. Мемлекет ғылымға шындап көңіл бөлеміз десе, осыған дайын болғаны жөн.
Демек, екінші – қаржы мәселесін шешіп, ғылым институттар ашу керек және академияның жұмыс істеу принципін қайта жасақтау қажет. Ол үшін арнайы «Фараби» қорын ашуды ұсынамын. Мысалы, Германияда Вильгельм Кейтель біздің Абылайхан сияқты халқын біріктірген тұлға болған. Ол қор құрып, ғылымды дамытуға ақша бөлген. Соның арқасында бүкіл Германияда ғылыми-зерттеу институттары құрылған. Қазір бұл инситут кванттық физиканы зерттеген немістің ұлы ғалымы Макс Планканың атында. Бүгінде Германияда 80 институт бар. Дәл осы үрдіс Оңтүстік Кореяда да бар.

– Жақында Парламентте осы мәселені көтергеніңізді білеміз. Ғылым академиясының бюджеті арнайы заңмен бекітілетін күн таяу ма?
– Парламентте де, оның алдында өткен Құрылтайда да «Фараби» қорын құру туралы ұсынысымды айттым. Оның міндеті – ғылыми зерттеу институттарын құрып, құрал-жабдығын алу, зертханасын жасақтау болады. Әрине, оған аз қаржы жұмсалмайды. Сондықтан Парламент академияның бюджетін бекітіп беруі тиіс.
Қазақстанның бюджетінің қомақты үлесі – пайдалы қазбаны сатудан түседі. Үкімет соның бір пайыз салығын ғылымға деп қарастырған. Бұл іс жүзінде біраз ақша болғанмен, ғылымға жетпейді. «Самұрық-Қазынаның» тұңғиық құдығына түсіп, әрмен қарай қайда кететіні белгісіз. Біздің шикізатты, пайдалы қазбаны сатушы алпауыт компаниялардың бір пайыз салығын тікелей «Фараби» қорына аудару керек. Әйтпесе, қазақтың қолына ақша берсең, мерейтой жасап кетеді.