Жалған ақпарат таратқандарға жаза қатаңдауы мүмкін

Қазіргі таңда әлеуметтік желілер арқылы елді араңдатып, мән-жайдың байыбына бармастан жалған ақпарат таратушылардың қатары көбейген. Әрине, бұл жағдайды қатаң бақылауда ұстау маңызды. Тіпті, қалжыңдаймын деп мәселені ушықтырып жатқандар бар. Енді ойнаймын деп жалған ақпарат таратқандар қатаң жаза арқалауы мүмкін.
Мұндай шешімнің себебі де жоқ емес. 2022 жылы террорлық сипаттағы жалған хабарламаларды тарататындар көбейген. Мұндай қаскүнемдіктің араны тыйылмай тұр. Бір жылдың ішінде Қылмыстық кодекстің 273-бабы бойынша 181 қылмыстық іс қозғалған. 20 қылмыстық іс сотқа жіберілген. Қылмыстық әрекетке барғандардың көпшілігі телефон арқылы жалған хабарламалар жіберіп отырған. Қазіргі таңда осындай мәселелердің түйінін шешіп, анонимді түрде хабарласатындардың жеке басын анықтау үшін ауқымды жұмыстар жоспарланып отыр. Мысалы, шет елдермен жедел әрекет ету мақсатында Будапешт конвенциясына («Компьютерлік қылмыстар туралы») қосылу жұмыстары жүргізіле бастады.
Енді жалған ақпарат таратудың жазасы қатаңдап, қалжыңдағысы келгендер жеті жылға бас бостандығынан айырылады.
«Сондай-ақ, Бас прокуратура мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жалған терроризм үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейту және құқық бұзушылықтың бұл түрін «ауыр» санатқа жатқызу (7 жылға дейін бас бостандығынан айыру) мәселесін пысықтауда», - делінген Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы таратқан мәліметте.
Адамдар қалжыңдап хабарлама жіберсе де оқиға орнына құзырлы органдардың баратыны сөзсіз. Ал мұндай өтірікті тексеру үшін де уақыт пен қаражат жұмсалады. Жұмыс барысы сондай болғандықтан, хабарлама түскен жерге полиция, кинологтар, құтқарушылар, жедел жәрдем бригадалары, өрт сөндірушілер, жедел-тергеу топтары баратыны сөзсіз. Олар мұндай хабарламаларды оқиға орнына барып, тексеруге міндетті.
Бұл жерде ескере кететін жайт бар. Мысалы, сот шешімі негізінде осындай хабарламадан келтірілген барлық шығындар толық өтеледі. Арнайы қызметтердің мұндай жалған шақыруларға 200-300 мың теңге қаражаты жұмсалады екен. Ал осындай жалған мәліметке бола кәсіпорындар мен ұйымдардың жұмысы тоқтап қалса, оның да тоқтаған мерзімдегі уақыты есепке алынады. Заң бойынша тоқтаған уақыты негізінде есептелген шығын миллиондаған теңгеге шығуы мүмкін. Ал ол соманың барлығын жалған ақпарат таратқан адам өз қалтасынан төлейді. Егер бұл әрекеттерді кәмелетке толмаған мектеп оқушылары жасаса, залалды өтеу олардың ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне жүктеледі. Сол себепті қалжыңдаудың арты шығынға ұшыратуы мүмкін.
Ескеріңіз, осындай жалған ақапарат таратқан адам болашақта жұмысқа орналасуда, қаруға рұқсат алуда, шетелге шығу үшін виза алу кезінде қиындықтарға тап болады. Тек өзіңізге ғана зиян жасап қоймайсыз, жақын туыстарыңызға да болашақта кедергі келтіресіз.
2022 жылы ойнаймын дегендердің әрекетінен от шығып, бір жылда 25 адам сотталған еді. Сондай деректің бір мысалы ретінде айта кетейік, жыл соңында Қарағандыда 12 мектепке «бомба» қойылғаны туралы хабарлама түскен. Аталған хабарламаның да жалған екендігі тексеріс барысында анықталды.
БАҚ беттерінде осы ақпаратқа қатысты жарияланған полицияның берген түсінігіне зер салайық.
«22 желтоқсан күні сағат 11-ден бастап Қарағанды қалалық полиция бөлімінің кезекші бөлімшелеріне қаладағы 12 мектепке жарылғыш зат орнатылғаны туралы хабарламалар түсе бастаған. Жедел тексеру барысында ешқандай жарылғыш зат табылған жоқ. Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 273-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», - деп түсіндірген еді Қарағанды полиция департаментінің баспасөз қызметі.
2022 жылдың соңына таман осы сынды ақпараттар көбейіп кетті. Ірі сауда-ойынсауық орталықтарынде, әуежайларда, мектептер мен сот ғимараттарында жарылғыш зат қойылғаны туралы БАҚ беттерінде жиі жазылып жатты. Хабарламаның дені мектепте бомба қойылғаны туралы түскен. Бұндай әрекетке көбіне оқушылар сабаққа қатысқысы келмегендіктен немесе өзара қалжыңдасқаннан баратыны анықталған. Мысалы, өткен жылдың қазан айында Алматы облысында он екі жастағы мектеп оқушысы үш білім ошағында бомба қойылғаны туралы жалған ақпарат таратқан. Бұндай хабарлама ішкі істер органдарына электрондық пошта арқылы келіп түскен.
«Полиция ҰҚК-мен бірлесіп осы қылмысты жасаған 12 жастағы оқушыны анықтады. Қылмыстық жауапкершілік жасына жетпеуіне байланысты оқушыға қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Бірақ оның ата-анасы кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 10 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салынды», - делінген Ішкі істер министрлігі өкілдерінің БАҚ беттерінде жарияланған мәлімдемесінде.
Қазақстанда терроризм актісі туралы көрiнеу жалған хабарлау бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, сондай-ақ шектеуге немесе бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Құзырлы органдардың айтуынша, мұндай жалған хабарламалардың көпшілігі шетелден келетін көрінеді. Яғни, шет елде отырып, кез келген өңірге электронды пошта арқылы жалған хабарлама жібере береді. 2022 жылы интернет арқылы жалған осындай хабар таратқан 5 адам анықталғаны белгілі болды.
Қазіргі Заңнамаға сәйкес, терроризм актісі туралы көрiнеу жалған хабарлау бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, сондай-ақ шектеуге немесе бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жаза тағайындайды.
Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама тарату қылмысқа жатады. Оған әзіл ретінде қарап, бос уақытыңды өткізетін ермек ретінде санаудың қажеті жоқ. Оған арнайы жаза тағайындалатынын жоғарыда айтып өттік. Ол жазадан ешкім де жалтара алмайды. Терроризм актісі туралы жалған ақапарат таратқандарды «ауыр» санатқа жатқызу мәселесі пысықталса, бұрынғыдай 5 жылға емес, 7 жылға бас бостандығынан айырылады.