Жалған ақпарат – қоғамдық санаға әсер етеді

Жалған ақпарат тарату да террорлық тактикаға жатады. Бұқаралық ақпарат құралдары – соғыстың қуатты қаруына да айнала алады десек, қателеспеген боламыз. Мемлекет соғыс тактикасын қолдайтын болса, әдетте, ол бұқаралық ақпарат құралдарын да азды-көпті деңгейде бақылауда ұстай бастайды.
Жалған ақпарат тарату арқылы мемлекеттер арасында іріткі салып, әлемдік деңгейдегі даудың туындауына себепкер болу да оңай. Оны тарихтан және әлемде болып жатқан саяси жағдайлардан көріп отырмыз. Соғыс кездерінде де жалған ақпаратты түрлі мақсатта пайдалануға мүдделі топтар болады. Әркім өз тарапынан «бір өтірікті» шын етіп көрсетуге барын салады.
Оксфорд сөздігі дезинформацияға келесідей анықтама береді: «Дезинформация – бұл көбінде мемлекет немесе оның агенттері шетелдік билік органдарына немесе бұқаралық ақпарат құралдарына олардың қоғамдық пікірі мен саясатына әсер ету үшін әдейі жалған ақпаратты таратуы».
Сөз бостандығы мен ақпарат бостандығы демократиялық идеологияның негізгі ұғымдары, өйткені олар мемлекетті басқарудың негізі ретінде демократияға кепілдік береді. Бұқаралық ақпарат құралдарын аздаған жеке компаниялардың бақылауы демократия принципіне қауіп төндіреді.
«Фейк ақпараттар» термині 19 ғасырдан бастау алады, десе де интернет пен әлеуметтік медиа жалған жаңалықтарды жасау және оны тарату тәсілін өзгертті.
Google Trends мәліметтері бойынша, іздеу жүйесінде жалған жаңалықтар сұрауының танымалдылығы 2016 жылдың қыркүйегі мен 2017 жылдың қаңтары аралығында 21 есе өскен. Содан кейін бұл көрсеткіш артпаса, азайған емес.
Интернет пайда болғанға дейін адамдар қажетті ақпаратты негізінен кәсіби этиканың қатаң стандарттарын сақтауды талап ететін БАҚ-тағы сенімді ақпарат көздерінен алатын. Көпшілік қазір жаңалықтарды әлеуметтік желілерден және басқа да ақпарат көздерінен оқиды. Дегенмен, қай ақпараттың шындыққа жанасатынын анықтау оңай болмай тұр. Бүгінгі журналистикада жалған жаңалықтар мен жалған ақпарат барған сайын маңызды рөл атқарып, ерекше назар аудартып отыр. Интернет БАҚ аудиторияны манипуляциялап, жалған ақпарат тарату үшін ең қолайлы платформаға айналған.
Неміс зерттеушісі Карстен Бредемейер ХХ ғасырдың екінші жартысында қоғамдық сананы манипуляциялауды талдаған ең ықпалды зерттеушілердің бірі болды. Оның негізгі еңбегі «Қара риторика» болды. Ол интернет-басылымдар үшін әлі де қолданыста.
Фейк жаңалықтардың тез таралу себебі, оның эмоция шақыруында, ол ашу немесе қорқыныш сезімін тудырады.
Ақпарат қажет болғанда немесе көкейімізде сұрақ туындағанда, біз кеңес алу үшін достарымызға немесе сарапшыларға жүгінбей кеткеніміз қашан? Барлығын «Google-дан сұраймыз. Өйткені, интернетте барлығын дайын күйінде табуға болады. Бұл өте ыңғайлы. Дегенмен, осы «ыңғайлылық» үшін, сондай-ақ өркениеттің біз енді бас тарта алмайтын басқа да игіліктері үшін тым жоғары баға төлеуге тура келеді. Көптеген сұраққа жауап алған адам санадан тыс сол ақпарат көзіне сене бастайды. Интернеттегі ақпаратты шындық ретінде қабылдай бастайды.
Мысалы, сіз дұрыс деп тапқан ақпарат әртүрлі тақырыптарды талқылайтын және өз пікірлерін білдіретін интернет форумдардан алынған ақпарат болуы мүмкін. Сол себепті бұның жай ғана пікір екенін ұмытпаңыз. Ол әрдайым дұрыс бола бермейді.
Сондай-ақ веб-сайттардағы, әлеуметтік желілердегі ақпарат болуы мүмкін. Дегенмен, әлеуметтік желілердегі сайттар мен топтардың иелері, әкімшілері және контент менеджерлері бар. Кейде рейтинг қуалап, өз еңбегі үшін ақы алатын және әрқашан тексерілмейтін, шындыққа жанаспайтын, белгілі бір мақсаты бар ақпаратты жариялай береді.
Сосын, интернет-энциклопедиялық ресурстардан алынған ақпарат болуы мүмкін. Дегенмен, энциклопедиялық ресурстар да өз мүдделері бар белгілі бір тұлғаларға немесе жеке адамдар тобына тиесілі. Өйткені, үлкен ресурсты құруға қомақты қаражат жұмсалатыны ешкімге құпия емес. Неліктен біреу өзінің «еңбекпен тапқан», қомақты қаражатын дәл осылай жұмсайды? Олар да мұндай ресурсты құру арқылы белгілі бір мақсатты көздейді.
Ол ақпарат агенттіктері болуы мүмкін, дегенмен олардың да иелері мен «ерікті демеушілері» бар. Көбіне коммерциялық емес қоғамдық ұйымдар түрінде жұмыс атқарады.
Көріп отырғаныңыздай, барлық ақпарат белгілі бір иелердің қолында. Ал «кім төлесе, сол қалағанына тапсырыс бере алады». Сол себепті біздің ғасырда ақпарат басты ресурстардың бірі екенін ұмытпаңыз. Ақпаратты сауатты ұсыну өнерін меңгеру арқылы сіз кез келген нәтижеге қол жеткізе аласыз. Тетігін тапсаңыз, тауар сатудан бастап қоғамдық сананы басқаруға дейін баруыңыз мүмкін.