Жақтастар лигасы: Nur Otan дағдарыстың алдында тұр ма?

Ерлан Сайыров мұны «сайлауалды жоба емес» дейді.
«Әрбір партия сайлаудан кейін келесі сайлауға дайындалуы керек. Бұл – саяси процестің заңдылығы. Бірақ дәл қазіргі таңда сайлау тұрғысынан көмектесейік деген ойымыз жоқ. Негізгі мақсатымыз – еліміздегі проблемаларды жиып-теріп, оларды шешу рецептілерін ұсыну. Ұсыныстарды халықпен кездесу, әлеуметтік желілер арқылы жинап, Nur Otan-ға тапсырамыз», – дейді ол.
Десе де, өзге сарапшылар лиганың дәл осы парламент сайлауы үшін құрылып жатқанын айтады.
Ерлан Сайыров, Nur Оtan жақтастары лигасының мүшесі:
Мәселелерді шешудің жолын ұсынамыз
Е.Саиров
– Біздің еліміздегі саяси реформаларды, әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын жақтайтын, бірақ осы мәселелер эволюциялық жолмен шешілуі керек деп санайтын азаматтардың тобы бар. Олардың негізгі қағидаттары мынадай: «Қазақстанға демократия керек. Оған ешқандай балама жоқ. Еліміздің егемендігі – негізгі құндылық. Демократия – егемендіктің атрибуты». Бұл тезисті құптайтын азаматтар елімізде қордаланып жатқан әлеуметтік, экономикалық саяси проблемаларды сараптап, шешу жолдарын Nur Otan партиясына ұсынатын боламыз.
Елімізде не көп, проблема көп. Ең негізгі мәселе – мемлекет бай, халық кедей. Бірінші кезеңде кедейшілік мәселесін шешу керек. Короновирус кезінде орта тап – кедейге, кедей – сіңірі шыққан кедейге айналады. Қазір ресми түрде 1,2 миллион адам – өзін-өзі қамтушы. Одан кейін 400 мың адам жұмыссыз болып есептеледі. Бұл – еліміздегі еңбекке қабілетті адамдардың 30 пайызы. Үлкен проблемаға айналып отыр. Осы азаматтарды отбасын асырай алатындай сапалы жұмыспен қамту керек.
Израильдің аумағы біздегі бір ауданның көлемінен де кіші. Бірақ дүние жүзіне алты миллиард доллардың көлемінде ауылшаруашылығы өнімдерін экспортқа шығарады. Қазақстанның экспорты 8 миллион доллардан аспайды. Ауылдың мәселесін көтереміз. Бұл – проблемалардың бір бөлігі.
Лига – желілік ұйым. Бізде мұнша адам бар деп санын есептемейміз. Өз ойы бар азаматтардың бәрі ұсыныс бере алады.
Шыңғыс Мұқан, сарапшы:
Жақтастарға мұқтаж болатындай не күн туды?
Ш.Мұқан
– Бұл сайлаудың жақындап келе жатқанын білдіреді. Түрлі саяси технологиялар бар. Оны түрліше пайдалануға болады. Бір кандидаттың жақтастары болуы мүмкін. Ал партияның өзі – бір адам емес, миллионға жуық мүшесі бар саяси құрылым. Мұны қалай түсінуге болады? Сонда жақтастар партияда жоқ адамдар ма? Бейтараптық сақтап отырған адамдар ма? Саяси көзқарасы сол партияның ұстанымымен сәйкес келмесе де, бір бүйрегі бұрып тұратындар ма? Не мақсатпен құрылғанын түсінбедім.
Nur Otan еліміздің саяси кеңістігінде қаржылық жағынан болсын, адами ресурстары жағынан болсын, алда тұр. Жақтастарға мұқтаж болатындай партия емес. Жалпы, бұл мәселеге қатысты көп сұрақ туындайды.
Сайлау жақындап келе жатса, әйтеуір саяси белсенділік қажет. Ресейдің «Единная Россия» партиясында осындай лигалар болған. Осыны бір қолданып көрейік деген болуы керек. Мұның қаншалықты әсері болатынын дөп басып айта алмаймын. Қазіргі саяси билікке қырын қарайтындарды жақтас қылып ала ма, жоқ па, оны уақытында көреміз.
Елнұр Бейсенбаев, «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы:
Бұл ашықтықты күшейтеді
Е.Бейсенбаев
– Бұл лига праймериздің адал өтуіне, мәселенің шешілуіне түрткі боламыз деп мәлімдеме жасады. Ондай лигалардың пайда болуы – Nur Оtan партиясына деген сенімнің күннен-күнге артып келе жатқанының белгісі. Өз еріктерімен пайда болған лига. Олар үшін мен кесіп айта алмаймын. Бірақ, меніңше, қоғамда біраз беделі бар, белсенділік танытып жүрген азаматтардың біз жасап жатқан іс-шараларға өз үлесін қосамын десе, бұл жұмыстардың ашықтығын күшейтеді.
Ермұрат Бапи, журналист:
Мұның бәрі – бос декорация
Е.Бапи
– Бұл лига – биліктің кезекті алдарқату жобасы. Мақсаты – осы лига жұмысы арқылы қоғамдағы белсенділермен жұмыс істеу. Nur Otan партиясының имиджін халықтық қалыпқа келтірудің дәрменсіз әрекеттері деп білемін. Бұл лига, алдына қойған мақсаттарына қарағанда, қоғамдағы саяси мәселелермен емес, әлеуметтік әділеттілік, экономика деген секілді жауыр болған, халықты мезі етіп отырған мәселелермен айналысады. «Алдымен мемлекет, содан кейін демократия» деген ұраны биліктің «алдымен экономика, содан кейін саясат» дегенін еске түсіреді.
Қоғамда наразылық күшті. Бұрынғыдай сайлаушыларды қалпақпен ұрып ала алмайды. Тәуелсіз бақылаушылар деген жаңа әлеуметтік топ құрылды. Алдағы сайлауда олар бұрынғыдан да күшті бақылау жасауға тырысады. Қоғам өзгерісті талап етіп отыр. Сондықтан билік жанталасып, қоғаммен жұмыс істеудің әрекеттерін жасап жатыр.
Лига құрыла сала, оны насихаттау басталды. Бұл – мұның бәрі бос декорация екенін көрсетіп отыр.
Бөріхан Нұрмұхамед, саясаттанушы:
Билік партиясы үлкен дағдарыстың алдында тұр
Б.Нұрмұхамед
– Менің ойымша, бұл – нәтижесі жоқ бастама. Nur Otan өз ішінен мәселе шеше алмағандықтан, сырттан көмек сұрап отыр. Кеңес одағы тұсында коммунистік партияның жанында кандидат деген болатын. Партияға кірудің алдында бірнеше жыл кандидат болып жүретін.
Бұл жерде бірнеше мәселе бар. Партияның ішінде бірнеше топ арасында үлкен күрес жүріп жатыр. Күрес аясында фракция ма, қанат па, құрғысы келеді. Олар партия арқылы жол таппай дағдарған. Іштен таппаған соң, сырттай лига жариялаған болуы керек.
Қаражатқа да байланысты мәселе бар. Қаржының партия арқылы бөлінуі де, одан тыс бөлінуі де мүмкін. Сол қаражатты игеру үшін лига құрмақ. Ол қайдан келгенін, қанша екенін айту қиын. Менің ойымша, адам басына есептегенде лигаға жарататын қаражат Nur Otan-нан гөрі едәуір жоғары болуы керек. Бұл – сайлау алдындағы әрекеттер. Лигаға кірген адамдар – ұлттық кеңестің мүшелері. Негізі, жаман жігіттер емес. Белсенді азаматтар. Олардың Nur Otan-ға қосылып жатқаны күмән туғызады. Іс-әрекеттері дүдәмал, шикі.
Nur Otan бұрын коалиция құратын. Басқа саяси партиялардың мүшелерін шақыратын. Блок құруы да мүмкін еді. Бұл сайлау алдында қаражаттарды игерудің жолдары деп ойлаймын. Себебі, лигаға кіретіндердің дені – блогерлер.
Nur Otan өз проблемасын өзі шешуі керек. Ол партия үлкен дағдарыстың алдында тұр. Бір жылдан бері дағдарыстан шыға алмай келеді. Қолдау көрсеткіштері өте төмен. Былтыр бұл партия екі-үшке бөлініп кете ме деп ойлаған едім. Бірақ Елбасының пәрменімен сақталып қалды. Модернизация, праймериз жасаймыз дейді. Бірақ бұл ештеңені өзгерте алмайды. Менталитетті өзгерту қиын.