Ақмола, Маңғыстау облыстарында демалыс орындары тексерілді

Ақмола облысында – 41, Маңғыстауда 33 туристік нысан тексерілді.
Алматы, NEGE. Туризм және спорт министрлігі еліміздің туристік өңірлеріне жасалған инспекциялық сапарларын аяқтады. Аталған жұмыс Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында жүргізіліп, курорттық инфрақұрылымды жүйелі жаңғыртуға, туристік қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын арттыруға бағытталған.
Жұмыс тобы Ақмола, Қарағанды, Маңғыстау, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстары мен Абай және Жетісу облыстарындағы туристік нысандарды аралап шықты.
13-16 шілде күндері Ақмола облысындағы Щучье-Бурабай және Зеренді курорттық аймақтарында 41 туристік нысан тексерілді. Атап айтқанда, демалыс орындарындағы жағажайлар, қайық станциялары, аттракциондар мен санитарлық тораптар қамтылды. Сонымен қатар биылғы наурызда Үкімет бекіткен Щучье-Бурабай курортты өңірін дамыту жөніндегі кешенді жоспардың орындалу барысы бағаланды. Аталған құжат 12 негізгі бағыт бойынша 118 іс-шараны қамтиды. Олардың қатарында логистика, цифрландыру, қоршаған ортаны қорғау және қызмет көрсету сапасын арттыру сынды салалар бар.
Сондай-ақ осы кезеңде Маңғыстау облысында да тексеру жұмыстары жүргізілді. Ақтау, Жаңаөзен, Қарақия, Мұнайлы және Түпқараған аудандарындағы 33 демалыс базасы мен жағажай тексерілді. Нысандардың санитарлық жағдайы, демалушылардың қауіпсіздігі, сондай-ақ су қорғау аймақтарындағы нормалардың сақталуы зерделенді. Талдау қорытындысы бойынша министрлік Маңғыстау облысын дамыту жөніндегі Жол картасына коммуналдық жағажайлар мен жағалау инфрақұрылымын дамыту жөніндегі ұсыныстарды енгізуді ұсынды. Қазіргі уақытта құжат дайындалып жатыр.
Жергілікті атқарушы органдарға анықталған кемшіліктерді жою, инфрақұрылымды жақсарту және қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша нақты тапсырмалар берілді.