4 Желтоқсан 13:33
...

ЗАҢ сөз еркіндігіне КЕПІЛДІК бере алмаса...

Фото:
2 желтоқсанда цензураға тыйым салған, сөз еркіндігіне кеп

ілдік берген әлемдегі тұңғыш заңның жарық көргеніне 257 жыл толды. Швед елін өркениет жолына түсірген бұл заңның түпнұсқасы адамзаттың өркениет жолындағы жетістігі ретінде ЮНЕСКО тізіміне енген. Осы айтулы оқиғадан үш ғасырға жуық уақыт өткенде Қазақстанда даулы заң жобасы парламент талқысына түсті.

«Масс-медиа туралы» заң жобасының негізгі мақсаты – қауіпсіз ақпараттық кеңістік қалыптастыру». Журналистерге қатысты заң жобасын журналистерге таныстырған  Мәдениет және ақпарат министрі Аида БАЛАЕВА осылай мәлімдеді.

Заң жобасын Мәжіліс бірінші оқылымда қабылдады. Бұған о бастан қарсы шыққан журналистер ортасы, БАҚ саласындағы құқық қорғау ұйымдарының өкілдерінің сөзіне құлақ түрсек, билік кім үшін қауіпсіз ақпараттық кеңістік қалыптастырғысы келеді деген сұрақ кесе көлденең шығады. Сөз басында «журналистерге де қатысты» дегенді текке айтып отырған жоқпыз. «Масс-медиа туралы» заң жобасы дәстүрлі ақпарат құралдарынан бөлек, тіркелмеген интернет сайттарды да, жария түрде ақпарат тарататын кез келген тұлғаның да қызметін реттеуді көздейді.

Бұл заң жобасы шын мәнінде БАҚ-қа қылбұрау салып, журналистерді ғана емес, блогерлерді де биліктің айтқанымен жүріп, айдауына көнетін  құлақкесті қызметшісіне айналдыруға әкеледі деген зор қауіп бар. Ал журналистерінің тілі кесілген ел шындықтың ауылынан жырақтап, өтірік салтанат құратын тоқырауға түсетіні белгілі.      

Ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлы «Халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп бағалаған журналистикаға қатысты жаңа заң жобасын зайырлы, демократиялық елдің журналистикасы үшін қажет үш негізгі таған тұрғысынан алып қарайық.

Сөз еркіндігі

Жаңа заң жобасындағы ең даулы мәселе – баспасөз картасы. Билік бұл – журналистердің түрлі іс-шараларға қатысуына мүмкіндік беретін аккредиттеу үдерісін автоматтандыру үшін қажет дейді. Біздіңше, бұл – журналистерді алалауға, оларды билікке ұнамдылар мен ұнамсыздар тобына бөліп-жаруға әкелетін, теңсіздік тудыратын, журналистердің және жария түрде ақпарат тарататын кез келген тұлғаның құқығын шектеуге әкелетін «жаңашылдық».

Ол Қазақстан Республикасы Конституциясының 20-бабы 2-тармағындағы «Әркімнің заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпарат алуға және таратуға құқығы бар...» дейтін Қазақстанның барлық азаматына берілген сахих құқықты бұзатынына шенеуніктер басын ауыртпаған секілді. Егер осы ереже қабылданатын болса, осы баспасөз картасын береді деген Комиссия іс жүзінде елде кімнің журналистикамен айналысып, ал кімнің айналыспайтынын шешетін органға айналмасына кім кепіл? Тек баспасөз картасы «иелеріне» арналған жеңілдетілген аккредиттеу тәртібі сияқты экстремистік ереженің орнына барлық БАҚ өкілдеріне тең дәрежеде аккредиттеу тәртібі болуы тиіс деп санаймыз.   

Оның орнына заңға бұқаралық ақпарат құралдарын тіркеу тәртібін жеңілдету, редакция тәуелсіздігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша нақты баптар мен ережелер енгізілсе, жаңа заң жобасы сөз еркіндігіне кепілдік береді деп үміттенуге болар еді. Осы заң жобасының жұмыс тобына қатысқан журналистер министр ұсынған заң жобасында өздерінің ұсыныстарының ешқайсысы дерлік өтпегенін айтады. 

Ақпаратқа еркін қол жеткізу

Жаңа заң жобасында оның авторлары ресми органдардан журналистік сауалға жауап алу мерзімін жеті жұмыс күнінен бес күнге қысқартыпты. Қазіргідей едел-жедел заманда жолдаған сұрағыңа сарылып күткен жауабың жеткенше оның маңызы мен өзектілігі «Абайлаңыздар, есік жабылады» дейтін хабарландыру деңгейіне түсіп кететін жағдайлар аз емес. Ал егжей-тегжей түсініктеме орнына бір біріне сілтеген сырғытпа жауап берген шенділерді қалай жауапқа тартамыз? Бұл жағы туралы жаңа заң жобасы тіс жармайды. Есесіне, билік заң жобасына журналистердің кәсіби қызметіне кедергі келтіргені үшін жауапқа тартуды көздейтін ҚР ҚК 158-бабының 1-тармағы бойынша жазаны жеңілдетумен және этика мәселесімен айналысатын комиссия құру туралы ұсынысты кіргізіп қойған.

Енді қалғаны журналистер кәсіби қызметіне кедергі келтіргендерді өз қолымен басынан сипағаны еді. Қателеспесем, осы күнге дейін бұл баппен Қазақстанда жалғыз бір күзетші жауапқа тартылғанын ескерсек, енді журналистерден қашу былай тұрсын, сұрақ қойғаны үшін журналистің жағасына жармасатындардың жазадан құтылуы жеңілдейтін түрі бар.

Біздің елде қарапайым адам түгілі, «халықтың тілі, көзі һәм құлағы» дейтін журналистердің өзінің ақпарат алу еркіндігі шектелгені жасырын емес. Жекеменшік кәсіпорыннан бастап, кез келген мемлекеттік орган журналистке нені түсіруге, нені көрсетуге, айтуға болатын-болмайтынын өзі шешетіні де бесенеден белгілі. Олар үшін Конституцияның 20-бабы мен БАҚ туралы қолданыстағы заңның журналистерге беретін құқықтардың құны көк тиын.

Ал жаңа заң жобасы осыны болдырмайтын журналистің құқықтық кепілдіктері туралы жақ ашпайды. Жалпы заң жобасы сөз еркіндігіне кепілдік беруден гөрі журналистерді бақылауға ұмтылады. Заң жобасында сөз еркіндігі туралы 4 рет айтылады, есесіне мемлекеттік реттеу туралы кемінде 15 жерінен оқыдым. Журналистердің қызметін реттейтін заң іс жүзінде билікке журналистердің аузын аштырмауға қосымша құрал болады да шығады.

Медиасарапшылар ұсынып отырған «жария тұлға», «қоғамдық мүдде» ұғымын заңға енгізу туралы ұсыныстарының өтпей отырғаны да осыдан. «Жария тұлға» ұғымы заңды мәртебеге ие болса, кез келген шенді, мемлекеттік қызметкер мені рұқсатымсыз суретке, видеоға түсірді деп журналистерді сотқа сүйрей алмайды,  бұл ұғым лауазым иесіне қатысты маңызды ақпаратты жинауға, таратуға рұқсат береді. Өйткені бұл «қоғамдық мүдде» яғни, Қазақстан халқының мүшін жасалатын іс. 

Журналистердің қорғалуы

Тағы бір мәселе – жарияланған мақала, материал үшін журналистерді сотқа сүйреу мерзімімен байланысты. Қазіргі заң бойынша БАҚ мұрағат сақтауға мінетті, өйткені кез келген адам кез келген сәтте ар-намысыма нұқсан келді деген уәжбен қойтан жылғы жазбасы үшін журналистерді сотқа сүйрей алады.    Журналистер қауымдастығы оның мерзімін бір жылмен шектеуді сұраған. Заң жобасында құқықтардың бұзылуына байланысты бұқаралық ақпарат құралдарына қойылатын талаптар бойынша талап қою мерзімі осындай мәліметтер бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған күннен бастап үш жыл. Бұдан өзге БАҚ-ты гранттық қаржыландыруға көшу, субсидиялау мәселелері қарастырылған. Ол енді өз алдына бөлек әңгіме.

«Масс-медиа» туралы заң жобасы ең алдымен алтын қағида – сөз бостандығына кепілдік бере алмаса, өзгесі жай техникалық мәселе болып қалмақ. Ал сөз еркіндігі өркениетке, дамуға бет алған, баршаға ортақ мүмкіндік ұсынатын «Жаңа Қазақстанның» іргетасы болуы тиіс. Егер әрине сондай ниет болса. Кері жағдайда «ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатын көздейді» деген мәлімдемені елдің, қоғамның емес, биліктің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заң деп түсінеміз. 

Шектеуден бұрын сөз еркіндігіне кедергі етпеуді көздеген, журналист қызметін реттеуге емес, оның қауіпсіздігі мен құқығын қорғауға беттеген заң ғана шын мәнінде демократиялық қоғам құруға талпынған «Жаңа Қазақстанның» заңына айналады.

Журналистер қауымдастығы, құқық қорғаушылар, медиасарапшылар өз пікірін айтты. Ендігі кезек Мәжіліс депутаттарында. Парламенттегі Ермұрат БАПИ, Жанарбек ӘШІМЖАН, Мақсат ТОЛЫҚБАЙ секілді кәсіби журналистер жалғыз әріптестерінің ғана емес, елдің болашағына зор әсер ететін тағдыршешті заң жобасының олқы тұстарын алдыртып тастауға, оның орнына сөз еркіндігінің сақшысы болатын заңды қабылдауға қолынан келгеннің бәрін істеді деп сенеміз.

Парламенттен қайыр болмаса, қоғам болып конституциялық қағидаға қайшыы келетін, елдің дамуын тежейтін кез келген заңға вето қою құқығы бар президентке жүгінуіміз қажет. Бәлкім, Еуропа елдерінің тарихынан жақсы хабардар Қ.Тоқаев шведтерге сөз бостандығын сыйлап кеткен, қазіргі дамыған Швецияны өркениет жолына түсірген король Адольф Фредериктің батыл қадамы жігерлендірер?

Дәнеш ҰЗАҚ, журналист.

Тегтер: