Қазақстаннан шыққан жас актриса Голливудты бағындыруда
Голливудта танылып үлгерген 13 жастағы қазақстандық жас актриса Аяжан Далабаева – Netflix жобаларына түскен алғашқы қазақ қызы.
Астана, NEGE. Бұған қоса жас актриса Warner Bros., Universal Pictures және Blumhouse студияларымен жұмыс істеп, телехикаяларға Дэниел Рэдклифф, Стив Бушеми сынды танымал актерлермен бірге түсіп үлгерген.
Аяжан Далабаева Астанада дүниеге келген. Екі жасқа таяп қалған кезінде отбасымен АҚШ-қа қоныс аударған. Басылымдардың біріне берген сұхбатында Аяжанның анасы Айнұр Аманшиева қызының шығармашылыққа қызығушылығы ерте жастан байқалғанын айтады.
Оның дебюті тоғыз жасында The G Word with Adam Conover шағын телехикаясынан басталған. Кейін ол Miracle Workers телехикаясының төртінші маусымына түскен.

Аяжанның ең танымал жобаларының бірі Warner Bros. студиясы түсірген әрі Netflix платформасында шыққан Sweet Tooth телехикаясындағы Нуки рөлі болды. 2024 жылы ол төртінші ірі жобасы – Blumhouse пен Universal Pictures студияларының Night Swim толықметражды фильміне түсті.
Тағы бір жетістігі ретінде оның NBA-дің 75 жылдығына арналған промороликте америкалық баскетбол жұлдыздарымен бірге түскенін атап өтуге болады.
Жас та болса Аяжанның америкалық жобалардан табатын табысы аз емес көрінеді. Анасының айтуынша, ол әр түсірілім күніне орта есеппен 700-ден 1000 долларға дейін алса, ал телехикаялардың бір сериясы үшін оның гонорары 5 мыңнан 10 мың долларға дейін бағаланады екен. Қызу шығармашылық ортада жүрген қыздың оқуы ақсап қалмаған. Түсірілімдерден қолы қалт еткенде, оқу-білімге ден қояды. Оған арнайы бекітілген мұғалімдер көмекке келеді.
Анасының айтуынша, бүгінде Аяжан кастингтерге белсенді қатысып, актерлік өнерді кәсіби тұрғыда жалғастыруды мақсат еткен.
Қазір оқып жатыр
«Қадірлі бауырым»: Тоқаев Ердоғанмен түскен фотосын жариялады
Оралда полицей қызметтік міндетін атқару кезінде қыз зорлады деген күдікке ілінді
115 мың қазақстандық Тоқаевтан жануарларды эвтаназиялау туралы заңға вето қоюды сұрады
Алматыда аса ауыр қылмыстарға қатысы бар деген күдікпен 10 адам ұсталды