Жанармайды кім «жұтып» жатыр?
Бүгіннен бастап бензин бағасы кем дегенде 4-5 теңгеге қымбаттады. Үкімет бензин акцизінің құнын жаңа жылдан бастап тоннасына 10 500 теңгеден 24 435 теңгеге дейін көтерген болатын. Және бензин бағасы литріне 10 теңгеге өседі деп болжанған еді.
2020 жылдың бірінші жұмыс күні түсініктеме берген Премьер-министрдің бірінші орынбасары, Қаржы министрі Әлихан Смайылов мұнай өнімдері акцизін өсіру бюджетке көмегін тигізеді деген. Ол кезде Үкімет жанармайдың қымбаттауы инфляцияға қатты әсер етпейді деп сендірді. 2019 жылы инфляция 5,4%-ға жетсе, биыл үкімет алдында оны алты пайыздан асырмау міндеті тұр.
Nege.kz тілшілері Алматы жанармай бекеттерін аралап, бағаның әртүрлі екенін анықтады. Мысалы, халық ең көп тұтынатын Аи-92 маркалы бензин бағасы литріне 147 теңгеден басталып, 152 теңгеге дейін барады. Кейбір ірі жанармай бекеттері бағаны жаңартып үлгермегені байқалып тұр.
1. Helios
Гелиоста Аи-92 литрінің бағасы 149 теңге деп бекітілген. Кеңсесіне қоңырау шалып сұрағанымызда, бағаның тағы да өзгеру мүмкіндігін хабарлады. Жаңа жылдың алдында бұл компания бекеттері Аи-92 жанармайының литрін 145 теңгеге сатқан болатын. 20 күнде баға 5 теңгеге қымбаттаған.
Фото: © Сәрсенбек Қызайбек
2. Sinoil
Sinoil Аи-92 бағасын 152 теңгеге бірден шарықтатты. Бағаның өсуі - 7 теңге. Қытайлықтарды Алматыда бензинді ең қымбат бағамен сатып жатқан компаниялардың біріне жатқызуға болады. Менеджерлері бағаның өзгеру мүмкіндігі туралы сұраққа жауап бере алмады.
Фото: © Сәрсенбек Қызайбек
3. Royal Petrol
Алматыдағы ірі жанармай құю бекеттерінің бірі Роял Петрол 149 теңге бағамын ұстап тұр. Бірақ Роял Петролда да баға жақын күндері құбылуы мүмкін. Сұрау салған бекеттердің барлығы жанармай тапшылығы жоқтығын айтты. Демек, сатуды талон түрінде шектеу жоспарланбаған.
Фото: © Сәрсенбек Қызайбек
Қалған ұсақ ЖҚБ-де арасында Аи-92 маркалы бензин бағасын 152 теңгеге шарықтатып жібергендері де, 147 теңге бағамында ұстап отырғандары да бар. Біз шарлап шыққан бекеттер арасындағы ең арзан баға - 147 теңге. Фото: © Сәрсенбек Қызайбек
Ұлттық экономика министрлігі өкілдері осының алдында бензин бағасына ешкімнің тікелей әсер ете алмайтынын айтқан. 10 теңгеге қымбаттағаны тек жанармайға салынатын акциз ғана.
- Тақырыпқа орай: «Қаржылық диета» бензин бағасын тұрақтандырады
Біз бұған дейін акциз қымбаттаса да, бензиннің өз бағасын сақтап қалуға болатынын жазған едік. Себебі қазіргі бензиннің бағасында акциз айтарлықтай рөл атқарады деп айта алмаймыз. Ең үлкен рөл ойнайтын нәрсе – алыпсатарлардың, бензин маңайында жүрген пысықтардың, ірі жанармай құю стансалар желісі қожайындарының көп ақша табуға деген тәбеті. Егер олар өз арандарын азайтып, «қаржылық диетаға» отырса, бензин бағасы өзгеріссіз қалар еді. Бірақ олар үшін әрине, акциздің құнын халықтың мойнына аудара салу оңай. Және оған мемлекетті кінәләй жөнелетін сылтаулары да дайын. Десек те, еліміздің тарихында акциз бағасы өсіп, ал жанармай бағасы өзгеріссіз қалған жағдайлар болған еді. Өкінішке қарай, жанармай бекеттері желілерінің қожайындары өткен күндерді тез ұмытатын болған.