22 Сәуір 08:30
...

Удаленкада отырғандар НЕГЕ кеңсені сағына бастады?

Фото:

Карантин кезінде үйінен жұмыс істеп отырған қызметкерлердің 63,6 пайызы қайтадан кеңсеге оралғысы келеді. Nege.kz әлеуметтік сауал жүргізіп, оның бірнеше себебін анықтады.

Сәйкесінше, қалған 36,4 пайызы жұмысын үйден жалғастыра беруге кет әрі емес. Сонымен бірге, сауалға қатысқандардың 51,5 пайызы үйде отырып жұмыс істеу өздерінің еңбек өнімділігін төмендеткен жоқ деп санайды. Жалпы респонденттердің 73,1 пайызы кеңседе бар жұмысқа қажет құралдардың үйде жоқтығымен келіседі.

Осы тақырып төңірегінде Nege.kz қазір үйде отырған ірі банктің қатардағы қызметкерімен тілдескен болатын. "25 наурыздан бері үйде жұмыс істеп отырмын. Қазір кеңсеге қайт десе, жұмыс орнына қуана барар едім. Себебі үйде отырып толыққанды жұмыс процессіне кіру мүмкін емес. Немесе ол үшін бөлек бөлме болғаны дұрыс. Біздің пәтер екі бөлмелі болғандықтан, бір бөлмеде балалармен бірге отырамыз. Мен жұмыс істеймін, олар сабақ оқиды" - дейді, Жандос.

Сақтандыру компаниясында қызмет ететін Асқар есімді азамат та, үйде отырып, клиенттермен жұмыс істеу психологиялық тұрғыдан ауыр екенін айтады. Сонымен бірге, сканер, принтер сынды қажетті құрылғылар жоқ.

"Үйде отырғанның тек бір артықшылығы, Алматыдағы көлік кептелісін ескергенде мен бензинге күніне кем дегенде мың теңге, ал түскі асқа 1 200 теңге құртып келдім. Жақында есептесем, үйде отырғандықтан 40 мың теңгедей үнемдеген екенмін".

Бір қызығы, кеңсеге қайтқысы келіп жүргендердің басым бөлігі ер азаматтар. Оның бір себебі мынада. Ер азаматтарға қашықтықтан жұмыс істегеннен гөрі, психологиялық тұрғыда өзін маңызды тұлға сезініп, галстук тағып, кеңседе жүру, әріптестерімен араласып, бірге түскі ас ішкен ұнайды. Ал әйелдерге үйде баланы да қарап, жұмысын да жалғастыра берген анағұрлым қолайлы. Ол кезде балабақшаға шығын шықпайды. Және мектеп жасындағы балалар үйде оқитын болғандықтан, оқушыларға да бас-көз болу керек.

Коронавирус біздің қалыптасып қалған біраз дағдымызға күтпеген өзгерістер енгізері даусыз. Оның бірі - ақпараттық технологиялар көмегімен бұдан бастап қашықтықтан жұмыс істеу тәжірибесін кеңінен қолдану. Қазір бұл жүйеге қаржы ұйымдарының ішінен Forte Bank өтпекші. Карантиннен кейін де банк қызметкерлерінің біраз бөлігі үйде отырып жұмыс істей бермек. Егер басқа да компаниялар бұл үрдісті қолдайтын болса, онда аталған тренд екі өзгеріске алып келеді. Біріншісі, әйелдерге ауыртпашылық азаяды. Олар үйде отырып, жұмыспен бірге бала бағуды еш қиындықсыз алып жүре алады. Екіншісі - ғимараттардың қажеті төмендейді және офистерді жалға беру саласы қиындықтарға тап болады.    

Тегтер: