Нашар несие тарихынан қазақтар қалай құтылады?
ИпотекаБлог. Ендеше, бұл жолы жанымызға батып жүрген осы тақырыпты талқылайық. Несие тарихы дегеніміз не және оны қалай түзеуге болады?
Несие тарихы десе, қазақтардың көбі селк ете қалатын болды. Кезінде төленбей қалған қарыз үшін банк есікті тарс жауып тастаған. Бұл қырсықтан қалай құтыламыз? Несие алып, қалай мәселемізді шешеміз?
Түзелмейді, тек жақсарады
"Несие тарихын түзеу мүмкін емес" дейді мамандар. Егер сіз кезінде несиені уақытылы төлемесеңіз, ол ақпараттың барлығы сіздің несие тарихыңызда жазылып тұрады. Оны сіз өшіре алмайсыз. Бірақ несие тарихын жақсартуға болады. Әр адамның кредиттік рейтингі бар. Ол сіздің қанша несиені уақытылы жапқаныңызға байланысты. Сондықтан, егер тарихыңыз бүлініп қалса, бірнеше шағын несие алып, оны уақытылы жауып, өз рейтингіңізді көтеріп алсаңыз болады.
Фото: hfhmgc.com
Өмірлік мәні
Шағын тауарларды несиеге алып, оны төлей алмай, өз өмірі үшін басқа да маңызды нәрселерден айрылып жататын азаматтар да бар. Мәселен, ипотека. Егер сіз бұрын шағын несие алып, оны қайтармасаңыз, бұл ипотека алуға кедергі болуы мүмкін. Сондықтан, қаржы кеңесшілері, банк алдындағы міндеттерге жауапкершілікпен қарауға шақырады.
Несие тарихын қалай тексереміз?
Әр азамат өз несие тарихын тексеріп, бағалай алады. Оның бірнеше жолы бар. Қазір елімізде екі несие бюросы жұмыс істейді, бірі - мемлекеттік, екіншісі - жекеменшік. Мемлекеттік несие есебін электронды үкімет арқылы үйден шықпай-ақ алуға болады. Ол үшін www.egov.kz порталына кіріп, «Салық пен қаржы» бөліміндегі «Экономика мен қаржы» парақшасына өту керек. Онда «Жеке кредиттік есеп алу» батырмасын басып, электронды-сандық қолтаңбамен растап, анықтама ала аласыз.
Жекеменшік компания – Бірінші кредиттік бюро жылына бір рет тегін несиелік есеп алуға мүмкіндік береді. Ол үшін ұйым сайтына кіріп, ондағы нұсқаулықтарды орындау арқылы есеппен танысуға болады. Оған да электронды-сандық қолтаңба қажет екенін ескертеміз.
Несие тарихы жоқ болса ше?
Өмірінде ешқашан несие алмаған адамға банк ірі несие бермей қоюы әбден мүмкін. Өйткені банк үшін оның қандай адам екені белгісіз. Себебі азаматтың несие тарихы жоқ. Сондықтан ірі несие (ипотека, автонесие) алатын ойыңыз болса, алдын-ала несие тарихын құру бойынша қамданғаныңыз жөн. Ол үшін бірнеше шағын несие алып, уақытылы жауып тастасаңыз болады. Ең бастысы, банк сіздің адал және жауапты клиент екеніңізге көз жеткізуі керек.