Екінші деңгейлі банк иелерімен батыл сөйлесетін уақыт жетті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сейсенбі күнгі мәлімдемесінде коронавирус індетімен байланысты төтенше жағдайда қалған еліміздің азаматтарын қолдауға бағытталған шараларды жария етті. Оның бәріне тоқталудың қажеті жоқ, барлық ақпарат құралдары жазып жатыр. Бізге шағын және орта бизнеске қандай қолдау көретіні қызықтырған еді.
Өйткені бұл сала (2019 жылдың дерегінше) ЖІӨ-нің 29,5% құрап отыр. 2018 жылмен салыстырғанда оның үлес салмағы 1,1%-ға артып, ол ел экономикасының бір жылда 4,5%-ға өсуіне елеулі серпін берген. Былтырғы жылдың үшінші тоқсанындағы дерек бойынша шағын және орта бизнес саласында 3,3 млн адам жұмыс істейді. Ал бұл елдегі жұмыс істейтін 8,8 млн адамның 37,5%-ын құрайды. Коронавирус індетінің салған лаңы мен төтенше жағдай тәртібі бірінші кезекте шағын және орта бизнеске ауыр тиіп жатқаны мәлім. Өйткені шағын және орта бизнеске жататын жеке және заңды тұлғалардың дені сауда, көлік жөндеу, құрылыс, түрлі қызмет көрсету саласында шоғырланған. Дәл қазір олардың бәрі жұмысын тоқтатуға немесе шектеуге мәжбүр.
Сонымен Мемлекет басшысы шағын және орта бизнесті қалай қолдаймыз деді? Президент әкімдіктерге жергілікті кәсіпорындардың өнімін кем дегенде 6 ай бойы кепілді сатып алу тәртібін енгізуді тапсырды.
Біздің ойымызша, шағын және орта бизнес өнімін сатып алуды әкімдіктерге емес, орталық мемлекеттік органдарға жүктеу қажет. Елдегі ШОБ өкілдерінің 82% жеке кәсіпкер екенін ескеруіміз қажет. Ал жергілікті шенділердің ұсақ кәсіпкерлерге шекесінен қарайтыны, тіпті кабинетінің босағасынан аттатпайтыны айдан анық. Жергілікті әкімдік өкілдерінің өздерімен сыбайлас кәсіпорындарға немесе пара бергендерге ғана осындай қолдау көрсететіні де түсінікті. Ал қос бірдей дағдарыс алқымынан алған шағын кәсіпкердің шендінің мұртын майлай алмасы анық. Ол тек ірі компанияның ғана қолынан келеді.
Бұл ретте мемлекет шағын және орта бизнес өкілдеріне тікелей гранттар, әрқайсының жағдайының ауырлығына қарай салық жағынан жеңілдіктер мен аванстық төлемдер қарастырса, нағыз қолдау осы болар ма еді?
Германия, Италия, Испания елдерінің үкіметі кәсіпкерлердің салығын төлеуді кейінге шегерді, Франция барлық компанияға наурыз айында төлеген салығы мен басқа төлемдерін қайтарып берді.
Шағын және орта бизнестің 82%-ын жеке кәсіпкер құрайтынын жоғарыда айттық. Олардың дені ғимарат, мекемені жалға алады. Осы орайда мемлекет жалға берушілермен жалдау ақысын шегеру немесе тіпті карантин мерзімінде алып тастау туралы келісімге келе алады деп ойлаймыз. Бұл миллиондаған кәсіпкердің мойнындағы қарыз жүгін жеңілдетер еді.
Президент әзірге ең үлкен мәселе – кәсіпкерлердің банктен алған несиесін төлеу жағы қалай болатынын айтпады. Қ.Тоқаев, әрине, екінші деңгейлі банктерді қиын-қыстау жағдайда елдің несиесін төлеу мерзімін шегеруге шақырды. Бірақ білуімізше, бұл автоматты түрде жүзеге асатын іс емес. Банк осындай өтінішпен келген адамға осындай жеңілдік жасау жағын тек өзі шешеді.
Осы орайда мемлекет екінші деңгейлі банктердің иелерімен батылдау сөйлесуі керек. 2008 жылғы дағдарыс кезінде, 2016 жылғы қаржылай қиыншылық тұсында жекеменшік қаржы институттарына алдымен Ұлттық қордың, кейін Зейнетақы қорындағы қазақстандықтардың миллиардтаған ақшасымен көмектескенін естеріне салудың кезі келіп тұр!
Егер бұл мүмкін болмаса, Ұлттық қор немесе «Біргеміз» дейтін қордың есебінен төтенше жағдайдан қатты зардап шеккен кәсіпкерлер мен кәсіпорындарға банк алдындағы қарызын жабу үшін пайызсыз қарыз беруге әбден болар деп санаймыз.
Мемлекет несие алуға мәжбүр болған шағын және орта бизнес өкілдері үшін банктерге кепілдік беру, әрі олардың несиесінің пайыздық сыйақысының бір бөлігін субсидиялау жағын да қарастырса дейміз.
Бұл тұрғыда үкімет коронавирустан бизнесі тоқтап қалғандарды тізімдеп олар үшін арнайы бағдарлама әзірлесе де артық етпейді. Британ үкіметі індет кесірінен бизнесі тоқырағандарға 12 айға пайызсыз несие беруде.
Кемінде төтенше жағдай аяқталғанша, ал ең дұрысы жыл аяғына дейін аса тұралап қалған шағын және орта бизнес тұлғаларынан алынатын төлем пайыздарын төмендету қажет. Президент Қ.Тоқаевтың бұған дейін айтқан ШОБ өкілдеріне үш жыл бойы табыс салығын салмау туралы ұсынысын енгізудің сәті дәл қазір келіп тұр.
Президент халыққа арнаған мәлімдемесінде шағын және орта бизнес өкілдері биылғы 1 қазанға дейін еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын салықтан босатылатынын жария етті. Өз кезегінде осындай қолдауға ие болған кәсіпкерлер мен кәсіпорындар қарамағындағы жұмысшылардың және мемлекеттің алдындағы әлеуметтік міндеттемесін бұлжытпай орындауға тиіс деп санаймыз.
«Не ексең, соны орасың» дейді халық даналығы. Дәл осындай қиын-қыстау кезеңде өзін әлеуметке бетін бұрған, «елді еститін билік» ретінде жария еткен мемлекет үшін осы ұстанымның құр сөз еместігін іспен дәлелдеудің орайы келіп тұр. «Ерім дейтін елі болмаса, елім дейтін ері қайдан шығады?» дейді тағы дана қазақ. Қолтықтан демеп жіберсе, кәсіпкерлеріміздің де «аштықта жеген құйқаның» дәмін ұмытпасы, керісінше, оның ақысын еселеп қайтарарына сенеміз.