AQR-дың алғашқы құрбаны табылды ма?
Қазақстан қор биржасы 2020 жылдың 4 наурызында "Нұрбанк" АҚ акционерлерінің кезектен тыс жалпы жиналысы өтетіні туралы хабарлады. "Күн тәртібіне шұғыл түрде екі мәселе - банктің жай акцияларына айырбасталған облигациялар шығарылымы мен жарияланған жай акцияларының санын арттыру туралы сұрақтардың қойылуы бекер емес дейді" сарапшылар.
Біз осының алдында ғана, бейресми ақпарат бойынша 4 банктің жағдайы нашар екенін жазған болатынбыз. Және оларға көмек көрсету үшін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) 450 миллиард теңге қажет десе, "Курсивтің" жасырын ақпарат көзі 680 миллиард, ал қаржы сарапшысы Владислав Туркин тіпті 730 миллиард теңге қажет деген еді.
Тақырыпқа орай: "AQR Жұмадағы" акция! Банктер НЕГЕ тексеру нәтижесінің жариялануын қаламайды?
Осыдан он күн бұрын банктердің барлығы AQR есебін қолдарына алды. Тиісінше, енді жағдайы нашар деп танылған банк акционерлері өз қаржы ұйымын құтқару үшін шығындалуы тиіс. Қазіргі ақпарат бойынша, AQR-дан сүрінген банк қожайындарына қатаң талап қойылмақ.
Біріншіден, акционерлер тарапынан капиталдандыру талабы. Екіншіден, құнсызданған және жұмыс істемейтін қарыздарды AQR кезінде анықталған дәрежеде тану және МСФО9 ережелеріне сәйкес оларды тиісті қоржынға (екінші немесе үшінші) беру туралы талап. Сонымен қатар, бұл банктер несие портфелін жұмыс істемейтін кредиттерден тазалауға мәжбүр болады.
RiskTakers жазуынша, Нұрбанк AQR нәтижелері бойынша іс-шаралар жоспарын жүзеге асыруды бастамақ. Айырбасталатын облигациялар шығару банкке қосымша провизиялар құруға қажетті капиталды ұлғайтуға мүмкіндік береді. МСФО9 талаптары бойынша, ықтимал несие шығындарын сақтандыру мақсатында қаржылық активтерге резервтер құрылуы тиіс.
Біз банктің бағалы қағаздарын сатып алушы Ұлттық Банк немесе ҚНРДА болады деп санаймыз. Бұл Нұрбанкке тұрақты болуға мүмкіндік береді.
Демек, мемлекет өз тарапынан тағы да банктерге қол созатын болды. Банктер де ұялмай, мемлекет қалтасына кезекті рет қол жүгіртпек. Тәуелсіз ел болғалы бері, Fitch сарапшыларының ойынша банктерді құтқаруға 5,3 триллион теңге жұмсап үлгергенбіз. Оның ішінде 1,1 триллион теңгені Ұлттық қордан алып, банктерге бергеніміз туралы ҚНРДА Lsm журналына берген мәліметінде келтіреді. Тіпті банктердің проблемасын анықтау үшін Ұлттық Банк 9,2 миллиард теңге жұмсады. Ол қаржыны консультант компания мен аудиторлық фирмаларға санап берген. Мысалы консультант ретінде таңдалған Oliver Wyman кеңес беру қызметі үшін 3,7 миллиард теңге алса, қалған 5,5 миллиард теңгені үлкен төрттікке (Big4) кіретін аудиторлық компаниялар өзара бөліп алды.
Тақырыпқа орай: Мемлекет ақшасын ең көп жеген – Цеснабанк
Осының алдында ҚНРДА төрайымы Мәдина Әбілқасымова банк секторы бюджет қаражатын пайдаланбай-ақ, нарықтық жағдайда провизиялар мен капиталды жеткілікті түрде құру арқылы қалпына келе алады деп мәлімдеген болатын. Банк облигацияларының мемлекеттік органның сатып алуы бюджет тарапынан жасалған көмек пе, әлде нарықтық жағдай ма? Бұдан мемлекеттің қоғамды тыныштандыру үшін саналы түрде ұғымдарды шатастыруға барып отырғаны байқалады.