Үшінші дүниежүзілік соғыс: Қазақстан қай тарапта?

соғыс оты қайта тұтана бастады. Екі тарап бірін-бірі кінәлауда. АҚШ Украинаны қорғауға әзірлігін мәлімдеп отыр. Ресей болса, әскери одақтастарын сайлай бастады. Азулы Қытайды айтпағанда, Қазақстанға да салмақ салып отырғаны байқалады.
Украина президенті Владимир Зеленскийдің сөзіне қарағанда, жыл басынан бері Украина тарапынан 20 адам қаза болып, 57 адам жараланған. Сепаратистер жағы болса, украиналық әскерилердің қарымта соққысынан «бейбіт тұрғындар шығын болып жатыр» деп байбалам салды.
В.Зеленский (ортада)
ЕҚЫҰ-ның арнайы мониторинг миссиясы оқ атуды тоқтату режимін бұзу он есе артып кеткенін айтып отыр. Еуропаның екі ірі мемлекеті Франция мен Германия араағайын болуға тырысып бағуда.
Мәселен, Ресейдің сыртқы істер министрі Cергей Лавров: «Донбасста жаңа қақтығыс көрші елдің (Украинаның – ред.) құрдымға кетуіне әкеліп соғады», – деп ашық мәлімдеді.
Оның пікірінше, Украина саясаткерлері «АҚШ бастаған Батыстың арандатуына ілікпеуі» тиіс. Кремль ара-тұра «бейбітшілік сүйгіш» кейіп танытқанымен, соғысқа тас-түйін дайын. Украинамен шекаралас аймақ сансыз әскер мен әскери техникаға толып кеткен. Баса-көктеп кіруге тек бір ысқырық қана жеткілікті. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың Ресейге тағылған айыптарға берген жауабы мынадай: «Әскер өз жерімізде тұр. Онда шаруаларыңыз болмасын! Әскерді қайда шоғырландыруды өзіміз білеміз».
-
Тақырыпқа орай: «Дебилы, бл***». Лавров Нұр-Сұлтанға не үшін келе жатыр?
АҚШ қайта жандана бастаған жанжалдың артында Кремль тұр деп біледі. Бұл мәселеге байланысты Джо Байден Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлескен. Артынша Ақ үй қатаң мәлімдеме жасады.
«Донбасстағы және Қырымдағы жалғасып жатқан Ресейдің агрессиясы алдында Украинаның егемендігі мен аумақтық тұтастығын АҚШ-тың қолдайтынын Президент Байден растап берді».
АҚШ Мәскеуді «қорқытуды қоюға» шақырды. Әрекеттерін «агрессивті және арандату» деп баға берді. «Дағдарыс ушығып кетсе, дайын тұрсын» деп, АҚШ-тың Еуропадағы әскери күштерінің әскери әзірлігін барынша күшейткен. Сонымен қатар, Пентагон басшысы Ллойд Остин украиналық әріптесі Андрей Таранмен телефон арқылы сөйлесіп: «Ресей Украинаға кіріп көрсін! Көресін көрсетеміз», – деп қатуланған көрінеді. Ресей басылымдарына сенсек, АҚШ Еуропадағы әскерінің санын көбейте түспек.
Әлем үшінші дүниежүзілік соғыстың табалдырығында тұрғандай. Донбасс – осының тағы бір мысалы. Путин ва-банкке баруға әзір. Онысын ашық айтқан. «Ядролық соғыс болса, бәріміз өлеміз. Біз шейіт болып, жұмаққа барамыз. Ал олар (америкалықтар – ред.) тозақта өртенеді», – деген мұның алдында.
В.Путин
Десе де, Донбасстағы соңғы атыстар ресейліктерді «Қырым – біздікі» деген эйфориядан айықтырғандай. «Донбасс – біздікі» деген ұраннан гөрі БАҚ-тар алаңдаушылық көрініс беріп отыр. Джо Байденнің: «Ресей опық жейтін болады. Жақында көрерсіңдер», – деген уәдесі де жадыда.
«Міне, өрт шығуға шақ тұр. Владимир Путин, Джо Байден, Эмманюэль Макрон, Владимир Зеленский келіп, әлемді құтқарып қалады. Кейін олардың әрқайсысы, мен болмасам, нағыз апат болар еді» деп көкиді. Бәрі жақсы. Бірақ тым қатты ойнап кетпеңдер. Ойнаймын деп ойыны осылғандар көп. Мерзімінен бұрын шейіт болып, жұмаққа бару мүлде қуанта қоймайды. Мұндай ойындардың кейде аяғы жаман аяқталады. Мұны ұмытуға болмас», – деп жазады саяси шолушы Дмитрий Дризе.
Бұл жанжалдан Қазақстанның да тыс қала алмайтын түрі бар. Әйтеуір Кремльдің бізге қатысты бір жоспары бар. Соңғы кезде биік мінберлерден жер даулап, қорқытып-үркіте бастады. Екіншіден, екі ел арасындағы әскери интеграция мәселесі ың-шыңсыз көтеріліп отыр.
Таяуда Ресей президенті Владимир Путин Қазақстан мен РФ арасындағы әскери ынтымақтастық туралы шартты ратификациялау туралы заң жобасын Мемлекеттік Думаға жіберді. Бұл құжат Мемлекеттік Думаның деректер базасында жарияланған. Шартқа сәйкес, Қазақстан мен Ресей әскери ынтымақтастықтың түрлі бағыттарын бірігіп жүзеге асырады. Мәселен, олар – тараптардың бірі жүгінген жағдайда қауіпсіздік мүддесі үшін әскерлер мен күштерді қолдануды бірлесіп жоспарлау; өңірлік қауіпсіздіктегі сын-тегеуріндер мен қатерлерге қарсы бірлесіп іс-қимыл жүргізу; жедел және жауынгерлік дайындық; әскери білім және ғылым; бітімгершілік қызмет; әскерлер мен күштердің қызметі және оларды жан-жақты қамтамасыз ету және тағы басқа бағыттар.
Сонымен қатар, Қазақстан мен Ресей әскери барлау саласында ынтымақтасады, әрі екінші тарапқа қарсы бағытталған барлау қызметін жүргізбеуге міндетті болып саналады. Қос тарап өз аумағын үшінші тараптың пайдалануына жол бермейді. Яғни ол екінші тарапқа қарсы қызметті жүзеге асырған кезде.
В.Путин мен Қ.Тоқаев. Фото: kremlin.ru
Тараптардың бірінің «қауіпсіздігіне, тәуелсіздігіне немесе аумақтық тұтастығына» қатер төнген жағдайда Қазақстан мен Ресей бір-біріне көмектеседі. Оның ішінде әскери көмек те бар.
Әлемде үлкен текетірестің құлағы қылтиып келеді. Бір жағында АҚШ бастаған Батыс, екінші жағында біздің алпауыт көршілеріміз – Қытай мен Ресей. Қазақстанға мүлде қатысы, қажеті жоқ осы текетірестің ақыры немен бітері, қанша уақытқа созылары, елімізге әсері қандай болмақ? Болжам жасаудың өзі қиын.
Расул Жұмалы: Кремльден кез келген әрекетті күтуге болады
– Аймақтық қауіпсіздік, ұжымдық әрекеттер, өзара көмек туралы баптар бұған дейінгі келісімдерде де жазылған. Мәселен, ҰҚШҰ шеңберінде. Бірақ бұлардың іске асырылуында кілтипан бар. Ресей ашық түрде басқа мемлекеттерге қарсы әскери қимыл жасап жатыр. Ашық түрде – Сирияда, жасырын түрде – Ливияда, Украинада. Аталған келісімдерге мұндай әрекеттердің қатысы шамалы. Ресейдің аумағына ешкім көз алартып отырған жоқ. Мұндай жағдайда, ортақ міндеттемелер іске аспауы тиіс.
Ресей көршілес мемлекет болса да, Қазақстан үшін Украинаның да маңызы зор. Жақын әріптес. Бұл тұрғыдан Қазақстанның шиеленіске қатысуы еш қисынға келмейді. Әрине, Ресей өзінің осал тұстарын біледі. Батыспен қарсыласу үшін басқа мемлекеттерді қосқысы келеді. Бәлкім, қысым көрсетеді. Көрсетіп те жатқан болар. Десе де, Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде ұлттық мүдделерін бірінші орынға қоюы керек.
Қазақстан жалғыз Ресеймен шектеліп қалмайды. Біздің өз аймақтық мүдделеріміз бар. Түркі әлемі бар. Грузия және Украина секілді достас мемлекеттер бар. Бұлармен қарым-қатынасты Ресейдің мүддесіне қарай түзеуге болмайды.
Донбастағы жағдай ұшығып жатыр. Бұған дейінгі тәжірибеге сүйенетін болсақ, Ресейдің дәйектеріне сену қиын. Жаттығу жасаймыз дейді де, өзге елге басып кіреді. Грузияда да, Украинада да солай болды. Қазіргі жағдай қатты алаңдатады. Ресейде Путиннің рейтингі төмендеп бара жатыр. 2021 жылдың күзінде Дума сайлауы өтуі тиіс. Соның алдында ұпай жинауы керек. Елдің өз ішінде ұпай жинау өте қиын. Өйткені, елдің әлеуметтік жағдайы нашар. Наразылық күшейіп барады. Сыртқы саясатта халықаралық деңгейде кішігірім жеңіске жету – алғышарттардың бірі.
Украинаға қысым көрсетіп, Қырым мен Донбасста өз дегенін жүргізгісі келеді. Соңғы жеті жылдан бері бұған Украина көнбей отыр. Соңғы үш-төрт айда Украина президенті Зеленский Ресейдің қытығына тиетін бірқатар шешім қабылдады. Ресейшіл жергілікті олигархтарды бұғаттап, активтеріне қысым жасады. «Орыс әлемінің» насихатын жүргізетін бірнеше телеарнаны жапты. Кремльдің ашуына тиген – осы мәселелер.
Оның үстіне, Ресей мен АҚШ-тың арасындағы қатынас ушыға түсті. Әсіресе, Байденнің «Путинді кісі өлтіргіш» деп атаған мәлімдемесінен кейін. Путиннің «сыйлық» туралы мәлімдемесі Украинаға ғана емес, басқа да көрші елдерге қарай бағытталған. «Ресейден ажырайтын болсаңдар, біз сендерге күш қолданамыз», – деп қыр көрсетіп отыр. Мұның өзі – сасқалақтаған, өзіне сенімсіз адамның сөзі. Ресейдің саяси, мәдени, дипломатиялық және басқа да амалдары қалмаған. Соңғы он жылда көршілерімен тек қана күш көрсету, қорқыту, қысым жасау арқылы сөйлесіп отыр. Басқа мүмкіндіктері жоқтың қасы. Ақпарат, білім және мәдениет, басқа да салаларда бәсекеге қабілетті емес.
Тек әскери күшке сенудің арты соғысқа әкеп соға ма, жоқ па? Оны дөп басып айту қиын. Қазіргі Украина 2014 жылғы Украина емес. Қарулы күштерін сайлап, батыстың көмегіне сүйеніп отыр. Ықтимал текетіресте Ресей жеңіске оңай жетеді дей алмаймыз. Бұл жағдай ашық соғыстан Ресейді біраз тізгіндейтін шығар. Бірақ қазіргі Кремльден кез келген әрекетті күтуге болады.