Үш банк әлі жоқ. Президент тапсырмасы НЕГЕ аяқсыз қалуда?
Қазақстанда Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан үш банкпен проблема болайын деп тұр. Елге келуі тиіс халықаралық үш банктің қандай қаржы ұйым екені, олардың бізге қай формада кіретіні әлі күнге дейін белгісіз
Егер үш банк жақын арада келмесе, онда Президент Жолдауының саяси салмағы жеңілдеп кетеді. Себебі, ондағы тапсырмалар бәрібір орындалмайтын болса, Жолдаудың не қажеті бар?
Мемлекет басшысы былтыр қыркүйек айында жарияланған жолдауында банк секторындағы негізгі мәселелердің бірі жоғары шоғырлану екенін атап өткен еді.
«Қазір елімізде 21 банк бар. Бұл ретте корпоративтік несиелеумен, яғни экономикалық жобаларды қаржыландырумен санаулы ғана ірі банктер айналысады. Сондықтан осы саладағы бәсекелестікті арттыру мақсатында шетелдік сенімді үш банкті елге тарту керек»
Осы орайда, елге халықаралық үш банк тарту бойынша тапсырма берілген. Елдегі қаржы секторы мен банк саласына жауапты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова ол банктердің Батыс Еуропа, Азия мен Таяу Шығыстан келу мүмкіндігі туралы айтқан болатын. Бірақ сол былтырғы күзде айтылған сөзден бері еш ақпарат жоқ.
-
- Тақырыпқа орай: Jusan Bank асықпады. Мемлекет қарызы НЕГЕ қайтпады?
Халықаралық үш банктің орнына бізде жүрген микроқаржы ұйымдарын банкке айналдыру процесі анағұрлым қызу жүруде. Ол үшін ҚНРДА жаңа банктер ашу талаптарын жеңілдетті.
«Қазір біз бірінші кезекте микроқаржы ұйымдарын екінші деңгейлі банктерге айналдырмақпыз. Бізде екінші деңгейлі банктерге ауысуға ниет білдірген екі ірі микроқаржы ұйымы бар, олар KMF және Solva. Олардың портфельдері үлкен және капиталдың жеткіліктілік деңгейі банкке айналуға мүмкіндік береді», - деген болатын, Мәдина Әбілқасымова.
Жаңа банк ашу талаптарының жеңілдеуі шетелдіктерге де қолайлы болуы тиіс. Тек шетелден бізге капитал келіп, оған жаңа банк ашыла ма, әлде филиал ретінде құрыла ма, ол жағынан еш ақпарат берілмеді. Nege.kz дерегінше қазір ешбір шетел банкі Қазақстанға келуге асығып отырған жоқ. Алдымен олар нарықты зерттеп, өздерінің қандай орын алу мүмкіндігін зерделеуде.
Себебі, біздегі банктер нарықтың қомақты үлесін өздеріне алып алған. Және цифрландыру деңгейі бойынша өте жоғары деңгейде тұр. Сондықтан шетел банкі не демпингпен, не болмаса бізде жоқ технологиялар ұсыну арқылы ғана өзіне клиент тарта алады.