Jusan Bank асықпады. Мемлекет қарызы НЕГЕ қайтпады?
«Мемлекеттен алған қарызды ертерек қайтарамыз» деп уәде берген «Jusan Bank» басшылығы әзірге ештеңе татырмады. Бірақ 2022-2023 жылдары рекордтық табысқа ие болды. Биыл банк қожайыны Ғалымжан Есеновтің қарыздан ертерек құтылу туралы шешім қабылдауы мүмкін бе?
2023 жылы Ғалымжан Есенов үшін аумалы-төкпелі заман болды. Ол Кәрім Мәсімовтің адамдары жұлып әкете жаздаған «Jusan Bank» АҚ директорлар кеңесін өзіне қайта қаратты және жыл бойы банктің ішін толық тазалады. Ғалымжан Есенов «Жусан банкке» қатысты директорлар кеңесін басқарғалы бері ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ. Қарызды ерте қайтару туралы уәдені де ол бермеген болатын. «Қарызды ертерек қайтарамыз» деп Есенов келгелі жұмыссыз қалған банктің бұрынғы басқарма төрағасы Нұрдәулет Айдосов айтқан еді.
Есенов үшін ауыр таңдау тұр. Мемлекеттік қарызды толық қайтармай, ол «Жусан банктен» жөні дұрыс дивиденд шығара алмайды. Себебі, заң сондай. Одан бөлек, Jusan Bank-тің әр қимылын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жіті қадағалап отыр. Бірақ банк қарызды бірден қайтаруға міндетті емес. Ол қарызды алғанда заң бойынша жасалған келісімшарт бар.
Шартта қарызды төлеу графигі бекітілген. Сол графикке сәйкес асықпай қайтара берсе де, Есеновке ешкім ештеңе дей алмайды.
«Жусан банк» 2022 жылдың қорытындысы бойынша дивиденд төлемеді. Ол табыс банкте жиналып жатыр. Ал 2023 жылы әзірге аудиттелмеген ақпарат бойынша 150 миллиард теңге таза табыс алған. Сонда қазір банкте 388 миллиард теңге кіріс қордаланып отыр. Осы қаржы мемлекеттің ақшасын түгелімен қайтаруға жетеді. Себебі, Jusan Bank мемлекетке шамамен 350 миллиард теңге қарыз.
Jusan Bank қожайыны Ғалымжан Есеновтің қандай шешімге келгенін биылғы жылдың бірінші жартысында білетін боламыз. Оған дейін директорлар кеңесі қордаланып қалған дивидендтермен не істеу керектігін шешпек. Егер Есенов мемлекеттік қарызды толық қайтарса, қалған 38 миллиард теңгені өзіне дивиденд ретінде аудара алады.
Банк қарызынан бөлек Ғалымжан Шахмарданұлының жеке қарызы бар екенін біреу білсе, біреу білмейді. Себебі, Jusan банктің қалған 80% акциясы оған тегін келмегені түсінікті. Оны қайтару үшін де Есеновке кэш керек. Сондықтан, дәл осы жерде «не өгіз өлетін, не арба сынатын» жағдай туындап тұр.