10 Наурыз 14:01
...

Үнемшілдік – ырыс, ысырапшылдық – шығыс     

Фото:

Ел ішінде «бекер мал шашпақтың» небір әрекеттерін көз көріп, құлақ естіп жүр. Ең қызығы, аста-төк той ғана емес, өзге де дарақылықтардың бой көрсетуі қалай жылдам болса, ол даңғаза-шудың басылуы да тез. Елдің еті үйреніп кеткен...   

Ал күнделікті ауаға кетіп жатқан, пешке жанып, суға ағып жатқан шығындар туралы көп бас қатырмайтын болып барамыз.  

Әңгіме жарық пен жылуды, су мен газды шамадан тыс әрі үнемсіз пайдаланатынымыз турасында. Жиі айтылып жүрген тақырыпқа оралуға түрткі болған – коммуналдық тарифтер бағасының қымбаттайтыны туралы ақпарлар. Тұтыну сегментіндегі тариф пен баға көтерілсе, сол қызмет ұсынушы кәсіпорындарды  жерден алып жерге салатынымыз анық. Ал таяқтың екінші ұшы – тұтынушының өз қолында тұр.

 

Мысалы, пәтердегі батареяның ыстықтығы сондай, бөлмені терезе ашып салқындатушылар әлі де көп. Әлемдік тәжірибеде үй-жайлардың температуралық режиміне арналған арнайы ұсыныстар бұрыннан бар. Жалпы бөлмелер мен қонақ бөлмесі үшін 20 градустық жылу жеткілікті және жатын бөлмелерінде қажетті температура 16, максимум 18 градус болуы керек. Дәретханаларда, киіну бөлмелерінде немесе басқа да аз пайдаланылатын бөлмелерде ауа температурасын 16 градустан асырмау керек.

Мұндай режим, біріншіден, пәтердің барлық тұрғындарының, ересектер мен балалардың денсаулығына оң әсер етеді, екіншіден, жылу энергиясын тұтынуды едәуір азайтуға мүмкіндік береді. Яки, қаражатыңызды үнемдеудің төте жолы деген сөз.  

Мамандардың есептеуі бойынша, егер үй-жайдағы температура 1 градусқа төмендесе, жылу энергиясы шамамен 6%-ға үнемделеді екен. Температураны 24 градустан 20 градусқа дейін төмендеткенде 24% жылу үнемделеді.

Іс жүзінде Еуропаның барлық елдері осы нормалар бойынша өмір сүріп отыр.  Мысалы, Англияда «орталықтан жылыту» деген ұғым мүлдем жоқ. Барлығында жеке құрылғылар – газды су жылытқыштар, қазандықтар, батареялар орнатылған. Бұл жерде дәретханалар мен жуынатын бөлмелерді, сондай-ақ жатын бөлмелерін жылытпау «жақсы тәжірибе» деп саналады. Олар тіпті, жылы көрпенің астында пижамамен ұйықтайды.

Германияда да барлығы шамамен осындай. Жеке үйлерде өздерінің жеке қазандықтары, аккумуляторлық батареяларға суды қыздыратын газ жабдықтары бар. Сонымен бірге, барлық жылыту құрылғылары температураны реттейтін термостаттармен жабдықталған. Немістер электр төсеніштері мен жылыту жастықшасын жиі пайдаланады. Ал, егер тұрғындар күн батареяларын, жел генераторларын, не энергияның немесе жылудың басқа баламалы көздерін қолданса, мемлекет оларды заңнамалық және қаржылық жағынан қолдайды. Осылайша бұл елдердің басым көпшілігінде жылуды бала кезінен саналы тұтынуға дағдылана бастайды.

Бізде егер үйдегі батареялар ыстықтан қызарып кетіп және жалпы температура 24 градустан аспаса, адамдар өздерін жайсыз сезінеді. ПИК, әкімдіктерге немесе бірден ЖЭО-ға қоңырау шалып, шағым айтып, хат жаза бастайды. Шағымның астында қалған жылу немесе газ жеткізушілер амалсыз қысымды көтеріп, өздері де, тұтынушы да шығынға белшеден батып жатыр.

Қыс мезгілінде станциялардың, қазандықтардың осылай асқан жүктемемен, төтенше жағдайда жұмыс істеуі газды, көмірді немесе басқа отынды шамадан тыс ысырап ететінін санамалап жатудың өзі артық. Оған жабдықтардың, магистралды жылу, газ желілерінің қатты тозуын қосыңыз. Қоршаған ортаға келтірілетін залал өз алдына.

Екі ортада, тұтынушы ұтылып отырғанын айтқымыз келген. Тозған станция, құбыр, инфрақұрылымды модернизациялауға салынған қаражатты айналып келгенде, тариф пен баға арқылы сіз бен біз төлеп отырған жоқпыз ба?

Қанша жерден Қазақстан көмірсутегі қоры бойынша әлемдегі ең тиімді позициялардың бірін иеленсе де, болашақ ұрпаққа не қалдыратынымыз туралы ойланатын кез келген сияқты.

«Судың да сұрауы бар» демекші, бұл әңгіме суға да, жарыққа да қатысты. Демек,  энергоүнемділік, энерготиімділік дегенді өз пәтеріңізден, үйіңізден бастаңыз.

Әңгімеге тұздық болсын. Өткенде ең арзан бензин Қазақстанда деген ақпарды оқи отырып, ойға қалғанбыз: осы бізді бар байлығымыздың нарқын да парқын да  білместік құрдымға сүйреп отырған жоқ па деп. 

Ашық ақпарат көздерінен алынған мына дерекке қараңыз: Қазақстандағы және басқа елдердегі табиғи газ бағасын салыстырып көрсек, тағы сол ең арзан газ бізде боп шықты.

Ал оның құны қандай, ненің арқасы немесе кімнің арқасы дегенге көптің бас қатырып жатқаны шамалы.

Қазақстандағы және басқа елдердегі газ бағасын салыстыру

Елдер

Табиғи газдың бағасы, (АҚШ долл./мың.м³)

Орташа айлық

(АҚШ долл.)

Халық

Заңды тұлғалар

Жылу өндіру үшін

1

Қазақстан

50

60

48

524

2

Өзбекстан

49

94

94

253

3

Беларусь

53

251

127

498

4

Ресей

74

76

76

688

5

Қырғызстан

213

256

256

211

6

Армения

293

274

274

384

7

Қытай

400

481

481

917

 

Тиіп тұрған Қытай нарығындағы газ бағасын көріп, жаға ұстарсыз. Соларға сатып қыруар қаржыға кенелуге де болары анық. Бірақ ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз етуді Үкімет жіті қадағалап отыр. Редакцияның сауалына ұлттық оператор «ҚазТрансГаздың» берген жауабы да соған дәлел:

«ҚазТрансГаз» АҚ-ның барлық газ ресурстары бірінші кезекте Қазақстан Республикасы өңірлерінің ішкі тұтыну қажеттіліктеріне жіберіледі. Ішкі сұранысты қанағаттандырғаннан кейін қалдық принципі бойынша газ экспортқа жіберіледі. 2020 жылы «ҚазТрансГаз» АҚ экспортының көлемі 7,9 млрд. текше метрді құрады».

Ал ішкі нарық 2020 жылы 17 млрд м3 газ тұтыныпты. Оның қаншасы ауаға ұшқанын ойлаудың өзі ауыр...

Тегтер: