13 Ақпан 13:05
...

«Вакцина салдырмағандар қажылыққа бара алмайды» – Туристік компания жетекшісі

Қажылық
Фото: Фото: Рexels

Сауд Арабиясы 2025 жылдың 10 ақпанынан бастап Ұмра мен қажылыққа баратын барлық адамдар үшін менингитке қарсы вакцинацияны міндеттеді. Мұның қазақстандық туристерге қалай әсер ететінін және 2025 жылғы Ұмра сапарын ұйымдастыруға қандай өзгерістер болып жатқанын Меккеге қажылыққа мамандандырылған туристік компанияның негізін қалаушы Абзал Тойбековтен сұрап білдік.

– Сіз қажылыққа сапарды жоспарлау кезінде қандай маңызды аспектілерді ескересіз?

– Біріншіден, қажылық пен ұмра – екі бөлек. Үлкен қажылық – парыз, кіші қажылық – сүннет. Бұл екі құлшылықтың бір жерде атқарылатынына қарамастан, түп-тамырында бір-бірінен  ерекшеленеді. Мысалы, кіші қажылықтың міндетті рәсімдері бар: Ихрам – тазалық пен бірлік символы, тауаф – Қағбаны жеті рет  айналу, саги – Сафа мен Маруа жоталарының арасында жүгіру. Соңғы рәсім – шаш қию: өмірдегі жаңа тарау.

Ал үлкен қажылықта басқа маңызды қағидалардан тұрады. Мәселен,  Мұздалифада түнеу, Мина жазығында бірнеше күнге қалу, Арафа тауында тұру. Кіші қажылықта орындалуы тиіс рәсімдер бірнеше сағатта аяқталады, сондықтан ұмраны «кіші қажылық» деп атаған. Ал қажылықтың рәсімдерін толық атқаруға кем дегенде 3-4 түн қажет. Мұны білу өте маңызды. Сол себепті сапардың барынша ыңғайлы, жеңіл болуы үшін тәжірибеге сүйенеміз.

Қажылық
Фото: Жеке мұрағатынан

– Қажылыққа ең қолайлы жыл мезгілі қандай?

– Ұмра амалдарын орындауға ең қолайлы айлар – желтоқсан, қаңтар және ақпан айлары. Жылдың осы уақытында ауа райы салқын болады, рәсімдерді орындау жеңілдейді. Дегенмен, осы кезеңде Сауд Арабиясына қажылар көп келеді, сондықтан сіз мешіттер мен қасиетті орындарда адам көп болады. Ал жазда Сауд Арабиясында ауа температурасы цельсий бойынша 40-50 градусқа дейін көтерілуі мүмкін, бұл қарт адамдарға немесе ауруға шалдыққандарға белгілі бір қиындықтар туғызады.

– Желіде туристік агенттер алдап кеткен адамдардың видеосы тарады. Ұмраға алғаш баратындарға қандай кеңес бересіз?

– Ұмраға сапар жай ғана демалу емес, сондықтан тек сенімді және білікті мамандарға жүгіну керек. Ол үшін компанияның беделіне назар аударыңыз, лицензиялары мен құжаттарын тексеріңіз, сізге ұсынатын толық турдың шарттары болуы қажет, кәсібилікке назар аударыңыз.

– Сауд Арабиясының қажыларға менингитке қарсы вакцинация енгізу туралы шешіміне қатысты ойыңыз қандай?

– Менингит – өте қауіпті инфекциялық ауру, бас және жұлынның жұмсақ қабығының қабынуы. Бұл түрлі бактериялар мен вирустардан туындауы мүмкін. Ал вакцина егу – қажылар арасында инфекцияның ықтимал өршуінің алдын алуға көмектесетін қауіпсіздік шарасы.

Қажылық
Фото: foxbusiness.com

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының хабарлауынша, менингококк инфекциясын жұқтырғандардың саны артқан. Әрине, бұл қажылыққа барғысы келетіндерге қолайсыздық тудыруы мүмкін, бірақ бұл олардың қауіпсіздігі мен денсаулығы үшін жасалған қадам екенін түсінуіміз керек.

– Вакцина егу шарасы әлемдік пандемия кезіндегідей қиындықтар тудыруы мүмкін бе?

– 2020-2021 жылдары бүкіл әлем коронавирустық инфекцияның ең қауіпті кезеңін бастан өткеріп жатқан тұста Сауд Арабиясы қажылардың санын азайтты және қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін көптеген шектеу енгізді. Туристердің денсаулығы қатаң тексерілді, соның салдарынан қажылыққа барушылардың саны айтарлықтай азайды. Сондай-ақ Қағбаның қасында шектеулер мен әлеуметтік алыстату шаралары қойылды. 

Пандемия кезеңінен басты айырмашылығы, ол кезде шектеулер әлдеқайда қатаң болған, ал биыл ондай шектеулер жоқ. Тек қажетті вакцинаны алсаңыз жеткілікті. 

Қажылық
Фото: REUTERS

– Міндетті вакцинация енгізу туризм саласына қалай әсер етеді?

– Міндетті вакцинация туризмге әсер етеді. Жағдайдың өзгеретіні сөзсіз. Жаңа ережеге сәйкес, екпе елге кірерден кемінде он күн бұрын жасалуы тиіс. Вакцинация сертификаты үш жыл бойы жарамды болады. Сауд Арабиясы Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, үш вакцинаның біреуін салғызуға болады: төрттік вакцина (ACYW135), полисахаридті вакцина немесе конъюгаттық вакцина. Өкінішке қарай, денсаулығына байланысты вакцина салдыра алмайтындар қажылыққа бара алмайды.

Автор: Зере НАРБЕКОВА.