Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18%-ға дейін көтерді

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 18% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады.
Алматы, NEGE. Инфляцияның күшеюі, сұраныстың ұсыныстан асып түсуі және белсенді фискалдық саясат аясында ақша-кредит шарттарының жұмсаруы бағаның шектен тыс өсуіне қауіп туғызды. Осыған байланысты инфляцияның динамикасын тұрақтандырып, бағаның бақылаудан шығуына жол бермеу үшін шешімді қадам жасауға тура келді.
Барлық негізгі метрика бойынша инфляцияның өскені байқалды. Жылдық инфляция қыркүйекте 12,9%-ға дейін қарқын алып (тамызда – 12,2%), Ұлттық Банктің болжамынан асып түсті. Азық-түліктің жекелеген санаттары қарқынды түрде қымбаттап келеді. Бұл өндіріс шығындарымен және импорт құнының өсуімен байланысты. Сонымен қатар сервистік инфляция да (15,3%) реттелетін қызметтердің (30,4%), сондай-ақ бірқатар нарықтық қызметтердің қымбаттауы есебінен айтарлықтай үлес қосты. Жанар-жағармай нарығын ырықтандыру шараларын жалғастыру аясында азық-түлікке жатпайтын инфляция қарқын ала бастады (10,8%) – отын бағасы бір жылда 11,9%-ға қымбаттап, қыркүйекте 3,4%-ға өсті.
Айлық инфляция 1,1%-ға дейін жеделдеді (тамызда – 1,0%). Базалық және маусымдық факторлар ескерілмеген инфляцияның көрсеткіштері де тиісінше 1,2%-ға (бұған дейін 1,1%) және 1,3%-ға (бұған дейін 1,2%) дейін айтарлықтай жоғарылады. Мұндай динамика инфляцияның тұрақты сипатын және баға динамикасындағы қайталама әсердің біртіндеп біліне бастағанын көрсетеді.
Сыртқы инфляция әсері әлі сақталып отыр. Сонымен бірге, ең алдымен, әлемдік азық-түлік нарықтары жағынан тәуекел күшейе түсті. Соңғы жылдары ет пен өсімдік майы санаттарында баға жағынан рекордтық өсім байқалды. Олардың динамикасы белсенді ішкі экспорт жағдайында ішкі бағалардың өсуіне әсер етеді.
Ресей Федерациясындағы инфляция салыстырмалы түрде жоғары болып қалғанымен, оның баяулау белгілері байқалады. ЕО-да инфляция – орнықты. ЕОБ баға динамикасы мен экономикалық белсенділіктегі белгісіздікке байланысты мөлшерлемені өзгертпей, үзіліс ұстап тұр. АҚШ-та ФРЖ бірқалыпты инфляциялық қысым мен макроэкономикалық белгісіздік жағдайында жұмыспен қамтуды қолдау үшін мөлшерлемені төмендетуге көшті.
Базалық мөлшерлеме бойынша бұдан кейінгі шешімдер нақты деректер және баға тұрақтылығы үшін тәуекелдерді бағалау ескеріле отырып қабылданатын болады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2025 жылғы 28 қарашада Астана қаласының уақытымен сағат 12:00-де жарияланады.