«Жасанды тыныс алу аппараты болмаған»: Қарағандыда бүлдіршіннің өліміне қатысты тексеріс жүргізіледі
Қарағандыда облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына ішек инфекциясы диагнозымен түскен 1 жасар бүлдіршін ауруханада шетінеп кетті.
Астана, NEGE. Сәбидің өлімі денсаулық сақтау саласындағы техникалық жабдықталу мәселесін қайта көтерді.
Бүлдіршіннің анасы баласының өмірін сақтап қалуға көмектесетін арнайы аппарат қажет болғанын айтады. Оның сөзінше, аталған құрылғы қан айналымын оттегімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Алайда оны Астанадан алдыруға рұқсат берілмеген, әрі ауруханада мұндай жабдық болмаған.
Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, пациент ауру басталғаннан кейінгі екінші тәулікте инфекциялық орталыққа емдеуге жатқызылған. Жағдайының нашарлауына байланысты бала реанимация және қарқынды терапия бөлімшесіне ауыстырылған.
Дәрігерлер ауру вакцинациялаудың болмауынан асқынған деп отыр.
«Тексеру барысында бактериялық, вирустық және саңырауқұлақ текті қоздырғыштардың болуымен аралас инфекцияға байланысты аса ауыр жағдай анықталды. Ауру ағымы айқын иммун тапшылығымен, сондай-ақ туғаннан бастап вакцинациялаудың болмауымен асқынған, бұл ағзаның инфекцияға қарсы тұру мүмкіндігін едәуір шектеп, жүргізілген емнің тиімділігін төмендеткен», – делінген ведомстваның хабарламасында.
Медициналық көмек қолданыстағы клиникалық хаттамаларға сәйкес толық көлемде көрсетілген.
Ведомстваның мәліметінше, емдеу тәсілі бірнеше рет республикалық консилиумдардың шеңберінде, салалық мамандардың, соның ішінде штаттан тыс бас балалар инфекционисті, бас балалар пульмонологы, бас балалар реаниматологының қатысуымен қаралды.
«Қосымша түрде экстракорпоральдық мембраналық оксигенацияны (ЭКМО) қолдану мүмкіндігі де қарастырылды. Алайда консилиумның қорытындысы бойынша, жағдайдың ауырлығын және медициналық көрсетілімдерді ескере отырып, бұл әдіс ұсынылмады», – делінген хабарламада.
Қарқынды терапия жүргізіліп, барлық қажетті шаралар қабылданғанына қарамастан, баланы аман алып қалу мүмкін болмаған.
«Мұндай жағдайлар медициналық тұрғыдан аса күрделі сипатта болатынын айта кету қажет. Ауыр инфекция, иммун тапшылығы және вакцинациялаудың болмауының үйлесуі ем уақытылы әрі толық көлемде жүргізілгеннің өзінде де қолайсыз нәтижеге әкелу қаупін едәуір арттырады», – дейді министрлік.
Министрлік аталған факт бойынша көрсетілген медициналық көмекті объективті бағалау үшін тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, жан-жақты тексеру жүргізілетінін хабарлайды.