Украина жеріне Ресейдің «тарихи құқы» бар деген миф қайдан шықты
екенін бірнеше рет айтып, Украина топырағы қазіргі орыстардың «тарихи жері» деп сан рет мәлімдеді.
«Бұл мифтің шығу төркіні қайда жатыр, шындыққа жанаса ма?» деген сұрақтарға жауап іздеп көрейік.
Сонымен, Путиннің пайымынша, «қазіргі Украинаны тұтасымен Ресей, нақтырақ айтсақ, большевиктік Ресей құрған екен». Орыстың оңтүстік аймағында бос жатқан жерлерін біріктірген Ленин сол топырақтан жеке бір елді жасапты.
Путиннің айтқан сөздерінен бірнеше мысал келтірейік:
… «Большевиктер бұрын болмаған елді құрды. Солай болды. Кім, қайдан, қайда тұрады деп ешкімнен сұрамастан, әлгі жерге адамдарды орналастырып, тарихи аймаққа айналдырды».
…«Қазіргі Украина — Владимир Ильич Лениннің атында. Украинаның авторы да, архитекторы да – Ленин. Бұл айтылғандардың мұрағатта тарихи дәлелді құжаттары бар».
…«Донбасс алғашқы Кеңес Одағы құрылған 1922-1924 жылдың өзінде Ресейдің бір бөлігі болатын. Ленин мен әріптестері Донбасты Украинаға сол кезде күшпен қосқан»
…«Украина дегеніміз не? Оның жарты аймағы Шығыс Еуропаға тиесілі болса, ал үлкен аймағы біз сыйға тартқан жерлер».
Ресей-НАТО кеңесінің жабық жиналысында Путин жасаған мәлімдеменің соңғы сөйлемдерін ресейлік Коммерсант газеті НАТО елдерінің бір делегациясына сілтеме жасап жариялады.
Сонымен қатар, «украиндар деп Ресей мемлекетінің шекараларында, шетінде өмір сүрген адамдарды атады» деп, Путин «шеткі» («окраина») және «Украина» сөздерінің үндестігіне негізделіп, кең таралған үгіт-насихат сөзін жиі қолданады.
Сонымен, Киев Русі тарихы Украинаныкі ме, әлде Ресейдікі ме? Мұның миға конбайтынына көз жеткізу үшін мектеп бағдарламасындағы тарихи деректерді білудің өзі жеткілікті.
Украина қайдан «шықты»?
Алғаш рет «Украина» термині жазба дереккөздерде 1187 жылғы Киев Ипатьев мұрағатының жазбаларында, кейінірек 1213 жылғы Галицко-Волынской жазбаларында бірнеше рет айтылады, ал кейінгі ғасырларда бұл топоним жиі кездеседі.
Сонымен қатар, Гетман Богдан Хмельницкий, 1654 жылы Орыс патшалығымен бірігуге шешім қабылдап, сол құжатта да «Украина» атауын қолданғаны мәлім.
Яғни, XII ғасыр жазбаларында Украина туралы алғаш рет айтылған уақытта Ресей де, Путин айтқан оның «шеті» де, Мәскеу князьдығы да, тіпті Посполита мен Австро-Венгер империясы де болмаған.
988 жылы Киев қаласы (сол кездегі өлшем бойынша мегаполис) православие дінін қабылдап, діни шомылдыру рәсімінен өткенде, қазіргі Мәскеудің орнында адам жүре алмас мибатпақ болған. Ал Мәскеу бір жарым ғасырдан кейін ғана Владимир Мономахтың ұлы Киев князі Юрий Долгорукийдің тұсында құрылды.
Киев Русі-Украинадағы шоқындыру рәсімі
«Орыстың» Донбасын УССР-ға күштеп енгізу туралы мәлімдемелерге келетін болсақ, 1897 жылғы Ресей империясы халық санағының деректерінде тайға таңба басқандай, қазіргі Донецк және Луганск облыстары тұрғындарының көпшілігі «малоросс» және украин («кіші ресей») тілінде сөйледі делінген мәліметтер бар.
1917 жылы наурызда Михаил Грушевский украин ұлттық қозғалысының басты идеялық шабыт берушісі болды және Украинаның Орталық кеңесін басқарды. Оның басшылығымен Орталық Рада ұлттық-мәдени автономия талаптарынан тәуелсіз Украина Халық Республикасының жариялануына дейін дамыды. Михаил Грушевскийсіз іс жүзінде бірде-бір ауқымды жиналыс болған жоқ. Оның басшылығымен 1918 жылы 29 сәуірде УХР Конституциясы жасалып, қабылданды.
Осыдан 30 жыл өткен соң, 1926 жылы жүргізілген алғашқы кеңестік халық санағы Донбасс тұрғындарының 64,05 пайызы украиндар, ал төрттен бір бөлігі, яғни, 26,08%-ы орыстар екенін растады.
Олай болса, Путиннің қисыны бойынша, онда Украина да Кубаньға заңды талап қойып, жер сұрай алады, өйткені ХХ ғасырдың басында бұл территория халқының көп бөлігінде украиндар мекендеген.
1920 жылға дейінгі Кубаньмен қоса Украин халықтық республикасының жер аумағы
Ресей мен Украинаның «халқы – бір халық»
Украин халқының ең жек көретін Путиннің тағы бір сөзі – украиндар (сонымен қатар беларустар) орыстармен бір халық деген тұжырымы. Егер әңгіме аймақтық және сөйлеу ерекшеліктері жақын тұтас орыс этносы туралы болса, онда украиндардың жеке мемлекеті болуы мүмкін емес дегені Ресейдің арсыз сын-қатері.
Бұл мәселе Ресей Федерациясының президентін қатты қызықтырғаны соншалық, ол «орыстар мен украиндардың тарихи бірлігі туралы» мақала да жазды. Онда ол Украинаға басып кірудің сылтауы ретінде қайталанатын барлық империялық әңгімелерді тізіп шыққан.
Путиннің мақаласында оның Ресейдің империялық тарихына деген сүйіспеншілігі және украин және беларусь халықтарының тағдырын анықтау үшін оның «тарихи» миссиясы туралы ойлары көрсетілген.
Мақаласында Путин оқырмандарына Ресей Украинаға «негізгі» ықпал етуші аймақ екенін айтып, «сол себепті Украина Ресейден бөлек өмір сүре алмайды» деген пікірге сендіргісі келеді. Сонымен қатар, осы мақалада Украина деген елдің ешқашан болмағаны, ал оның жері мен осы аумақты мекендеген адамдар әрқашан орыс болғаны туралы тайға таңба басқандай етіп жазылған.
Сондай-ақ, мақаладан Путиннің Ресейдің империялық тарихына деген сүйіспеншілігі және украин және беларусь халықтарының тағдырын анықтау үшін оның «тарихи» миссиясы туралы ойларын анық көруге болады.
Ресей президенті әлгі мақаласында тіпті Ресейдің оңшыл топтары тұжырымдаған қастандық теорияларын қайталаудан да тартынбайды, анти-ресейлік «саяси жоба» ретінде құрылған поляк, австро-венгер ұлттары сияқты украин ұлты да қолдан жасалған ұлт деп те мәлімдейді.
Путиннің мақаласына қатысты сарапшылар «дәлелдерін растау үшін Путин Ресей үшін ыңғайсыз оқиғалар туралы айтпайды және басқа оқиғаларды біржақты немесе бұрмаланған түрде айтады» деген пікірді алға тартады.
Сонымен қатар, Путин «бір халық» ұғымына өзінің аймақтық талаптарын қойып, сол талап аясында орыс тілді азаматтар қай елде өмір сүрсе де, кез-келген жерде оларға «құтқару» құқығы жарияланатынын да айтады.
Әрине, Украинаның Ресеймен тарихи байланысы бар екенін жоққа шығару мүмкін емес, екі мемлекеттің ортақ тарихи тамыры бар, олар IX ғасырда құрылған Киев Русінен бастау алады. Бірақ 1100 жылдан кейін украиндар мен орыстарды бір халық деп айту қисынсыз.
Тарихи оқиғалар көрсеткендей, бір-бірін байланыстырған ортақ мәдениеті мен тарихы бар жекелеген халықтарды біріктіріп, бір халық етуге күш салу мүмкін емес.
Кезінде Гитлер де австриялықтар мен ария ұлтын бір қазанда қайната алмады. Иосиф Броз Тито да көзі тірісінде «югослав халқы» қауымын құрып, олардан тұтас бір халық жасамақ болған.
Алайда Тито өлген соң, Югославияда тұратын ұлттар бөлініп, соның ақыры ондаған жылға созылған этникалық соғысқа жол ашқан еді. Этникалық шығу тегін дәлелдеуге жанталасқан адамдар түрлі әскери қылмысқа барып, бір-бірімен соғысты.
Ал бейбіт түрде екі елге бөлінген Чехия мен Словакия кезінде Чехословакия деген тұтас бір ел болатын. Бұл елде де «чехословактық» деген біртұтас халық жасау мүмкін болмады.
Түрлі әлеуметтік сауалнамалар мен зерттеу орталықтарының мәліметтеріне қарап, дәл осындай мысалды Украина мемлекетіне қатысты да айтуға болады. 2021 жылғы Украинада жасалған әлеуметтік сауалнама нәтижесінде Путиннің «орыс пен украин – бір халық» тезисін қолдамайтындардың көрсеткіші 70%-ды көрсеткен.
Бұл сауалнамада тек 12,5% украиндықтар Путиннің сөзін қолдаған. Олар негізінен ресейшіл ықпалға бейім, Украинаның шығыс аймағындағы 60 жастан асқан тұрғындар мен «ағасы мен інісін бірігуге» шақырған Мәскеу Патриархатының дін қызметкерлері және жамағаты еді.
Ал бір жылдан кейін Украинада ресейлік танктер топырағын, зымырандары аспанын қанға бояғанда, бұл жағдай мүлде басқаша сипат алды. 2022 жылғы сауалнамада Путиннің жоғарыда сөз болған «орыс пен украин – бір халық» дегенін қолдамайтындар 91%-ға жетті.
Ресейлік пропаганда көзімен Украинаны көршілерінің бөліп алуы.
Шетелдік басқарудың ұзақ кезеңдерін басынан өткізгеніне қарамастан, Украина – ұлттық мәдениеті берік қалыптасқан, біртұтас егеменді мемлекет. Сонымен бірге, Ресей, Украина және Беларусь бір кездері біртұтас ұйысқан ұлттық құрылым болды деп айту тарихи тұрғыдан дұрыс емес.
1240 жылы моңғол шапқыншылығы салдарынан туы жығылған Киев Русінен кейін Киевтің мирасына мәскеулік князьдер өздерін заңды жеке мұрагерміз деп санады.
Бұл тезис І Петрдің тұсында Ресейдің ресми идеологиясына сыналай енгізілген.
Алайда, шындығында, XIII ғасырдан бері қалыптасқан Литва Ұлы князьдығының бұрынғы Киев Русіндегі мұрагерлік дәрежесі басқалардан кем емес. Себебі, қазіргі Беларусь пен Украинаның барлық дерлік аумағын қамтитын бұл мемлекетке тек осы жерлерді мекендейтін халықтар ғана емес, сонымен қатар заңнама, ең бастысы, ескі беларусь немесе ескі украин деп аталатын мемлекеттік батыс орыс тілі мұра ретінде қалды.
Тек екі жүз жылдан кейін, XV ғасырдың аяғында батыс орыс тілі поляк және аз дәрежеде литва тілдерімен ығыстырылды. Алайда Литва да, Польша да Украинаға әлдебір талап қойған емес.
Өйткені, ХХІ ғасырдың өркениетті елдерінде әр ел түрлі аймақ үшін тарихи деректерге сүйеніп, заңды талаптарын қоятын болса, онда бүкіл планетада топалаң басталатынын түсінеді.
Мысалы, 1945 жылы Екінші дүниежүзілік соғыстың нәтижесінде Ресей құрамына кірген қазіргі Калининград облысын алып қарайық. Ресейдің құрамына кіргенге дейін мың жыл бұрын бұл жер немістердің тарихи жері болған. Салыстырып қарасақ, бұл қазіргі Украинаның оңтүстігі мен Қырым Ресей империясының құрамына енген 240 жылдан әлдеқайда көп уақыт бұрын болған.
Ал енді қазіргі Германия «неміс территориясын» азаттандыру ниетімен Ресей Федерациясының аумағы Калининградқа басып кірсе, қалай болады?
1945 жылы Екінші дүниежүзілік соғыстың нәтижесінде Ресей құрамына кірген қазіргі Калининград облысы – немістердің тарихи топырағы.
Немесе 85 жыл бұрын Вильно деп аталған және Поляк Республикасының ажырамас бөлігі болған Литваның астанасы Вильнюске көршісі Польшаның басып кіргенін елестетіп көріңізші.
Олай болса, Италия көршілес Словения мен Хорватияға басып кіріп, итальяндық Триест жерінің шығыс бөлігін қайтарып алуға талап қойып, Румыния ғасырлар бойы румын-молдова князьдеріне тиесілі Оңтүстік Бессарабия жерлерін тартып алу үшін Украинаның жағасына жабысып, Жапония тек Курил үшін Ресеймен ғана емес, сонымен бірге Оңтүстік Кореямен Лианкур архипелагы үшін соғыс бастауы мүмкін ғой...
Бұл соңғы жүз жылдыққа тиесілі аймақтық даулар екенін ескерсек, одан әрідегі ғасырлардың аймаққа қатысты дауы тіпті көп емес пе? Мысалы, Греция да Қара теңіз бассейнінің ең үлкен аймағын талап етіп, Ыстанбұлды тұтастай кері алып, Византия империясын қайта құрамын десе, не болады?
Бақытымызға орай, ХХІ ғасырда шекараларды қайта құруға, өз аумағын жүз жылдық аргументтермен және ортақ тарихтың болуына байланысты ел аймақтарын кеңейту тәжірибесі мүлдем қолданылмайды. Жоғарыда келтірілген мысалдардан-ақ ондай жағдай бола қалса, әлем орта ғасырларға бірден кері кетері сөзсіз. Өкінішке қарай, тұтас әлем бағынған бұл заңдылыққа Ресейдің бағынғысы келмеді. Осылайша Ресей он мыңдаған сарбазды ажал құштырып, әлемдік санкцияға ұшырап, дүниежүзінен оқшауланып, осынау халықаралық ережелерді бұзуға шешім қабылдады…
Шынайы тарихи деректерге сүйеніп, Украинаның тарихын жарыққа қайта шығарған тарихшы Тамара Эйдельманның баяндамасын оқығыңыз келсе, мына сілтемеге кіріп оқи аласыздар.
Мақала АҚШ-тың Қазақстандағы дипломатиялық миссияның қолдауымен шағын БАҚ гранттар бағдарламасы аясында жарияланды. Оның мазмұнына авторлар жауапты. Материалдар АҚШ үкіметінің немесе Қазақстан Республикасындағы АҚШ миссиясының көзқарасын білдірмейді.
Жоба туралы
Украинадағы кең ауқымдағы соғыстың басталғанына бір жылдан асты. Алайда осы соғысқа қатысты жаңсақ, шындыққа жанаспайтын ақпарат таратуды ресейлік пропаганда соғыс басталмай тұрып-ақ бұрқыратып таратуға кіріскен еді. Жылдар бойы интернетте қолдан жасалған «Горлов Мадоннасы», биозертхана, Ресейді қоршап алған НАТО әскері туралы фейк видеолар өріп жүр.
Ең өкініштісі, ресейлік осындай жалған ақпараттарға сенген қазақстандықтардың бір бөлігі де егер Ресей Украинаға басып кірмегенде, Украина Ресейді басып алар еді деп пайымдайды. Тағы бір өкініштісі, мұндай пікірдегі қазақстандықтар аз емес.
Ресейдің Украинадағы «арнайы операциясын» ресейлік объектив арқылы қабылдайтындар үшін және Киевте ұлтшылдар қоныстанды деп сенетіндер үшін, ал Ресей армиясы тек әскери нысандарды атуда дейтін, сондай-ақ осы тақырыпта жазған журналистер мен редакциялар үшін біз жалған ақпаратты әшкерелейтін жеті лонгридті дайындадық.
Бұл «Украинадағы соғыс: фейктерді әшкерелеу» атты топтаманың жетінші мақаласы.
1. «Донбасс 8 жыл бойы бомбаланды». Ол жерде соғысты нақты кім және не үшін бастады»
2. «Буча туралы фейктер». Бұл қалада ақиқатында не болды?»
3. «Ресей шабуылдың алдын алу үшін УКРАИНАҒА соққы жасады» деген миф қалай жоққа шықты?»
4. «Нацистік Украина» туралы миф»
5. «Майдангер-масалар» мен «мутант-үйректер». Украинаның құпия қаруы туралы миф қайдан шықты?»
6. «Бізді алдап соқты» – НАТО-ның Шығыс аймаққа қанат жаюы туралы миф
Жобаға қатысқан журналистер тобы: Назира Дәрімбет, Оксана Макушина, Владимир Радионов, Александр Закладный.