25 Желтоқсан 08:57
...

Украина мен Ресей: Трамптың қолынан не келеді?

АҚШ
Фото: AP Photo / Evan Vucci

Ресей мен Украина арасындағы соғыс әлем жұртын мазалап тұр. Соңғы үміт – АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Трампта ғана. Оның «Егер президент болсам, бұл соғысты тоқтатуға күш саламын» деген уәдесі тағы бар.

«Украина бойынша келіссөздер жүргізу процесінің алға жылжығанын» мәлімдеген ол екі елдің басшысымен қалай сөйлесуді білетінін де жеткізген. Трамптың пікірінше, Украина президенті Владимир Зеленский Ресеймен келісімге келуге дайын болуы керек. «Себебі, екі жақтан да адам шығыны көп. Майдандағы ахуал тым нашар. Украинадағы соғыста екі жақтан жараланғандар мен өлгендерді қосқанда 1 млн адамға жеткен. Қантөгісті дереу тоқтатып, екі жақ келіссөз үстеліне отыруы тиіс», – деді ол. Ал Зеленский ұрыс алаңында 43 мың украин жауынгері қаза болғанын күрсініспен айтса, Ресей бұл деректі әлі күнге құпияда ұстауға тырысқанмен кей деректе 200 мың әскерінен айырылғаны жария болды.

Ал Пентагон басшысы Ллойд Остин: «Ресей 2022 жылдың ақпанынан бері қарай соғысқа 200 млрд доллар жұмсады. Ресейдің ең осал жері – оның экономикасы. Сондықтан, санкцияларды күшейту керек. Путинді осылай ғана келіссөзге мәжбүрлеуге болады», – деп мәлімдегені есте.

Шын мәнінде, соңғы кезде екі елдің халқы қақтығыстың зардабынан әбден қалжыраған сияқты. Себебі түсінікті. Әсіресе, Украинада соғыс ушыққан соңғы бір жылда өндіріс орындары жабылып, экономикасы шатқаяқтай бастаған. Еуропалық қайта құру банкінің хабарлауынша, әскери іс-қимыл кесірінен елдегі кәсіпорындардың үштен бірі жұмысын тоқтатқан. Бұған Украинаның экономика министрлігі де дабыл қағып, елдің жалпы ішкі өнімі жыл соңына дейін 40 пайызға төмендеуі мүмкін екенін жасырған жоқ.

Соғыс
Фото: ғаламтордан

Көбінесе әуе саласы, теңіз тасымалы мен қызмет көрсету саласы зардап шекті. Мұнымен қоса әлем бойынша бидай мен жүгеріні ең көп экспорттайтын ел қатарындағы мемлекеттің ауыл шаруашылығы саласы да едәуір шығынға батты. Соның салдарынан халқының көбі бас сауғалап, басқа елге көшіп те кеткен. Тіпті, Украина халқы 10 млн адамға азаюы мүмкін деген дерек бар. Бала туу көрсеткіші де күрт төмендеген. Ұлттық трагедияға әкелген соғыс демографиялық дағдарысқа душар еткені жасырын емес.

Рада депутаты: «Зеленский отсавкаға кетсін!»

Жоғарғы Рада депутаты Александр Дубинский «Украина президенті Владимир Зеленскийдің кесірінен ел жеңіліс алдында тұр, ол отставкаға кетуі керек» деген мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, күн сайын атысты тоқтатудан бас тарту Украинаның ұрыс даласындағы, келіссөз үстеліндегі абырой-беделін төмендетіп жатыр.

«Зеленскийдің келіссөз жүргізе алмауы жерімізді ғана емес, адамдарды да жоғалтуға әкеп соғуда. Сондықтан соғысты дереу және тез арада тоқтату керек. Мұны Зеленскийдің өзі істеуі тиіс. Содан кейін ол өзінің әрекеттері арқылы стратегиялық жеңілістің шегіне жеткізгені үшін отставкаға кетуі керек», – деді депутат Дубинский.

Рада
А.Дубинский. Фото: ғаламтордан

Жоғарғы раданың тағы бір депутаты Евгений Шевченко Зеленскийдің Ресеймен диалог құратын уақыты жеткенін айтты. «Батыс елдері Украина президентінің орнынан кетуін мәжбүрлеуі керек. Бұған дейін ол біздің емес, өз шешімін орындап келді. Енді келіссөзге келмесе, жағдай ушығып кетеді. Ресей президенті бірнеше рет келіссөз бастауға икем танытты. Олар да санкцияның соққысын көрген соң, соғысты тоқтату үшін өз шартын қоймақшы болды. Бірақ бұл кезде де Зеленский мұны «ультиматум» деп есептеді», – деген-ді.

Трамп екі елді ымыраға келтіре ала ма?

Желтоқсан айының басында Франция президенті Эммануэль Макрон араағайындық жасап, Елисей сарайында Трамп пен Зеленскийдің кездесуін ұйымдастырған еді. Жарты сағатқа созылған әңгіме барысында Украинадағы жағдай, Ресейдің елге басып кіруіне қарсы күрес, сондай-ақ Таяу Шығыстағы соғыс мәселелері талқыланды.

Бұл басқосу Трамп үшін де маңызды еді. Себебі, Украина мәселесі Трамп таққа отырған соң АҚШ пен Еуроодақ арасында да алауыздық туғызуы әбден мүмкін.

Кездесуден кейін Украина президенті Зеленский: «Мен президент Макронға да, президент Трампқа да баса айттым. Путин бұл соғыстың біткенін қаламайды. Сондықтан оны мәжбүрлеу керек! Ол үшін Украина күшті болуы керек! Кез келген дипломатиядан бұрын соғыс алаңындағы күшті Украинаны жасау керек! Бұл дегеніңіз – күшті армия, қару-жарақ пакеттері. Бұл – ATACMS пен TAURUS. Бұл – Storm Shadow мен SCALP. Мұның бәрі бізге өте қажет», – дейді.

Украина
В.Зеленский. Фото: ғаламтордан

Сондай-ақ, Владимир Зеленский Le Parisien басылымына берген сұхбатында соғыс қимылдарын тоқтатып, оны уақытша сол қалпында қалдыру қауіпті екенін айтты.

«Трамп бұл мәселені мүмкіндігі болғанда ғана түпкілікті қарастыра алады. Себебі, ол әлі президент қызметіне кіріскен жоқ. Сол себептен тиісті ақпаратқа, барлау деректеріне, қорғаныс министрлігінің мәліметтеріне және кейбір дипломатиялық арналарға қол жеткізе алмайды. Трамп қызметіне кіріскенде ғана бір деңгейде сөйлесе аламыз. Әрине, біз дипломатияны қолданып, соғыстың тезірек аяқталғанын қалаймыз. Соған жету үшін қолдан келгенді жасауға тырысамыз», – деп жауап берген.

Путин неге өрекпіді?

Бұған дейін Ресей президенті Путин Мәскеу орта қашықтыққа ұшатын баллистикалық «Орешник» ракета өндірісін арттыру туралы шешім қабылдағанын мәлімдеген. Ол өз сөзінде жаңа зымырандық кешенмен Киевті атқылап, НАТО-ға XXI ғасырдағы жоғары технологиялық дуэль өткізуді ұсынған болатын.

Путиннің айтуынша, «Орешник» зымыранын атып түсіру немесе жою мүмкін емес.

«Шетелдік сарапшылар күдіктенсе, бізге және оларға Батыс пен АҚШ-та ақша төлеп отырғандарға ұсыныс жасасын. Технологиялық тәжірибе жасайық. Соққы жасайтын бір нысанды айтсын. Мәселен, Киевке батыстың үздік әуе қорғанысы мен зымыранға қарсы жүйелерін қойып тастасын. Ал біз «Орешникпен» соққы жасайық. Сол кезде не болатынын көреміз. Біз ондай тәжірибеге дайынбыз», – деді Путин жылдың қорытындысына арналған тікелей эфирде.

Орешник
В.Путин. Фото: Рамиль Ситдиков / Sputnik / Reuters

Путиннің бұл пікіріне үн қатқан Украина президенті Зеленский «Сіздер біздің кіммен соғысып жатқанымызды байқаған шығарсыздар. Сонда бұл адамды адекватты деуге бола ма? Бұл нағыз агрессия мен ессіздік емес пе?», – депті.

Ал есесіне, Байден әкімшілігі Украинаға қаржылай демеуді аяр емес. 5 қарашада өткен президенттік сайлаудан кейін Байден әкімшілігі Киевке әскери және қаржылай көмекті үдете түсті. Аз уақыт ішінде 2 миллиард доллар жіберсе, одан бөлек Ресейдің шетелдегі бұғатталған есепшоттарынан тағы 20 миллиард бөлуді көздеген. Жалпы алғанда, 2022 жылдың ақпанында Ресей Украинаға басып кіргелі АҚШ ресми Киевке 62 миллиард доллар жұмсапты.

Сонымен, Трамп екі елді ымыраға шақыра ала ма, жоқ па, өзі ұлықталғаннан кейін белгілі болмақ. Оған дейін екі тарап соғысты өршітпей, ақпарат алаңында ғана шайқаса тұрғаны абзал.