Тұтынушы және құқық. Мемлекет қаржы саласындағы тұтынушылардың құқығын қалай қорғауда?
Мемлекеттің басымдық беріп отырған бағыттарының бірі – азаматтардың тұтынушы ретіндегі құқығын қорғау. Оған Ата Заңымыздан бастап, түрлі салалық заң актілерге дейін жауап береді. Бүгін біз қаржы саласындағы азаматтар құқығы, ол мемлекет тарапынан қалай қамтамасыз етілген, интернет-алаяқтықпен күрес қалай жүруде тақырыбында сөз қозғайтын боламыз.
Қазақстандағы интернет-алаяқтық: күрес пен жаза
ҚР ІІМ криминалдық полициясының деректері бойынша, биылғы 5 айда 8464 интернет-алаяқтық фактісі тіркелген. Мысалы, былтыр дәл осы уақытта тіркелген қылмыс саны 3392 болған. Демек, интернеттегі алаяқтық бір жылда екі есеге өсіп отыр. Оның өзінен қазір алаяқтардың далада жүріп емес, онлайн отырып халықтың қалтасын қағуға деген ынталарының артып отырғанын байқауға болады.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мәліметінше, алаяқтықтың ең кең таралған түрі - біреудің атына онлайн-кредит рәсімдеу. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында әлеуметтік желілерден құжаттарының жоғалғаны туралы хабарландыруды тауып, сол азаматтардың құжатының көшірмелерін пайдаланып 50 ұрлық жасаған алаяқ ұсталды. Қостанай облысында тағы бір оқиға орын алды. Онда әйел жеке куәліктердің фотосуреттерін пайдалана отырып, жергілікті тұрғындардың атына олардың қатысуынсыз тауарлық онлайн-кредиттер рәсімдеген.
Онлайн кредиттердегі алаяқтық. Мемлекет қалай күресуде?
ҚНРДА 2020-2021 жылдары микроқаржы ұйымдары берген жалған кредиттерге мониторинг жүргізді. 2021 жылдың басынан бастап микрокредиттермен алаяқтық операцияларды болдырмау мақсатында қадағалау шаралары қабылданды. ҚНРДА Әдіснама және пруденциялық реттеу департаментінің директоры Дәурен Сәлімбаевтың айтуынша, олар алаяқтықпен жаңа техникалық тәсілдермен, яғни адамды анықтау, идентификациялау арқылы күрес бастаған.
«Біріншіден, 2021 жылғы ақпанда Агенттік МҚҰ-ға қатысты микрокредитті биометриялық сәйкестендірусіз немесе электрондық цифрлық қолтаңба арқылы сәйкестендірусіз электрондық тәсілмен беруді тоқтатуға нұсқама берді. Қосымша зардап шеккен азаматтарды қорғау үшін МҚҰ алаяқтық тәсілмен алынған микрокредиттер бойынша сыйақы мен айыпақы есептеуді тоқтатты. Бұл оқиғалар туралы ақпарат зардап шеккен қазақстандықтардың кредиттік тарихын түзету үшін кредиттік бюроға жіберілді»
Сәлімбаевтың айтуынша, 2021 жылғы наурызда Агенттік онлайн-қарыз беретін барлық МҚҰ-ларды клиенттің өзі екендігін нақты тексеруді және растауды, оның деректерін өтінімде көрсетілген деректермен салыстыруды, клиенттің нақты биометриялық деректерінің жеке басын куәландыратын құжаттарда көрсетілген деректерге сәйкестігін қамтамасыз етуді, сондай-ақ клиенттің микрокредит алуға ерік білдіруін тіркеуді міндеттеді.
Қабылданған шаралардың арқасында 2021 жылғы 4 айда өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда жалған микрокредиттер беру жағдайлары 3,6 есеге қысқарған. Бұл өте жақсы көрсеткіш.
«Жүйелі негізде микрокредиттермен алаяқтыққа жол бермеу үшін Агенттік ағымдағы жылғы 30 сәуірде онлайн-микрокредиттер беру кезінде қарыз алушыларды идентификаттаудың жаңа тәртібін енгізді», - дейді, Дәурен Сәлімбаев.
«Енді қарыздарды алу үшін азаматты идентификаттау тек электрондық цифрлық қолтаңба арқылы не Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Сәйкестендіру деректерімен алмасу орталығының сервисін пайдалана отырып, биометриялық өлшемдерге сәйкес келу немесе дербес деректерді және қарыз алушының бейнесін шынайы уақыт режимінде екі факторлы тексеру арқылы жүзеге асырылуы мүмкін. Микрокредит беру құпиясын құрайтын ақпаратқа заңсыз қол жеткізу анықталған жағдайда, МҚҰ екі жұмыс күні ішінде себептері мен салдарын жою үшін шаралар қабылдауға міндетті екенін атап өту маңызды»
Онлайн-шопинг. Ондағы қауіптерден мемлекет қалай қорғайды?
Онлайн дамығалы бері, азаматтарымыз үйден шықпай-ақ тауар сатып алуға бой үйретіп қалды. Онлайн-шопинг дәстүрлі дүкендерге қарағанда тезірек және ыңғайлы, өйткені демалыссыз, тәулік бойы жұмыс істейді. Бірақ, оның қауыпті тұстары да бар. Картаның сіз енгізетін мәліметтері алаяқтардың қолына түсуі мүмкін. Қазақстанда осы проблемамен мемлекеттік KZ-CERT қызметінің кибермамандары айналысады.
Олар, онлайн сауда кезінде алаяқтардың құрығына түспеу үшін бірнеше кеңестер береді:
1. Тек сенімді және қорғалған сайттардан сатып алыңыз
Интернет-ресурстың мекенжайы HTTPS: //. S -тен басталуы тиіс. S, интернет-ресурстың қауіпсіз екенін және деректердің шифрланған түрде берілетінін білдіреді.
Мекенжай жолының сол жағында жабық құлып түріндегі белгіше болуы керек. Егер белгіше қызыл немесе сызылған болса, онда сатып алудан бас тарту керек.
Құлыптау белгішесін басу арқылы сіз ИР сертификаты туралы ақпаратты көресіз. Бұл сізге ИР-ті кім тіркегені туралы ақпарат береді.
Егер сіз сертификат туралы ескерту алсаңыз, интернет-ресурсқа кіруден аулақ болыңыз.
Кейбір браузерлерде және интернет-ресурстарда мекенжай жолағы жасылға айналады. Жасыл мекенжай жолағы - бұл сайт сенімділігінің көрнекі көрсеткіші.
2. Интернет-дүкенді алдын-ала зерттеңіз
Егер сізге белгілі компанияның атынан поштаға немесе мессенджерге оның сайтында сатып алу туралы ұсыныспен хат келсе, сілтемені басуға асықпаңыз. Оны браузерге көшіріп, өтпей-ақ сайттың атын тексерген дұрыс. Кәдімгі іздеу бұл мәселені оңай шешеді.
Интернеттегі дүкен туралы басқа пайдаланушылардың пікірлерін зерттеңіз. Адал сатушы әрқашан өзі туралы толық ақпарат береді: телефон, мекенжай және басқа байланыс деректері.
3. Интернетте сатып алу үшін жеке карта жасаңыз
Егер сіз интернетте жиі сатып алсаңыз немесе қызметтерді төлесеңіз, ол үшін жалақы немесе банктік жинақ шотына байланысты емес жеке картаны пайдалану қауіпсіз болады.
Қосымша қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жұмсағыңыз келетін сатып алудан бұрын қажетті соманы дереу аударыңыз, тәулік үшін операциялардың санына шектеу қойыңыз.
Кейбір банктер тек бір онлайн сатып алу үшін жарамды виртуалды карталарды жасауға мүмкіндік береді.
4. Интернеттегі сатып алу үшін жеке құрылғыларды пайдаланыңыз
Сатып алуды өзіңіздің интернет-банкке немесе мобильді банкке тек жеке компьютерден, планшеттен немесе смартфоннан кіріңіз. SMS-хабарлама немесе мобильді банкинг қосылған құрылғыны жоғалтқан кезде дереу банкке қоңырау шалыңыз және барлық қызметтерді жоғалған нөмірден ажыратыңыз.
5. Қауіпсіз төлемдер жүйесін пайдаланыңыз
Төлем бетіне өткен кезде MasterCard SecureCode, Visa Secure және т.б. бағдарламаларының логотиптерін іздеңіз. Бұл бағдарламалар 3D-Secure технологиясының көмегімен интернетте сатып алу кезінде сізді қосымша қорғайды.
Егер онлайн-дүкен осы технологияны қолдаса, карта деректемелерін енгізгеннен кейін ол сізді банктің қауіпсіз интернет-бетіне бағыттайды. Сатып алуды растау үшін банк картаға немесе шотқа тіркелген ұялы телефон нөміріне бір реттік парольмен SMS жібереді.
6. Жеке ақпаратты ешкімге бермеңіз
ПИН-кодты және картаның түпнұсқалығын тексеру кодын (CVV/CVC) - оның артқы жағындағы үш санды ешкімге бермеңіз. Тіпті банк қызметкерлері сізден осы деректерді талап етуге құқылы емес. Егер біреу оларды білуге тырысса, сенімді болыңыз-бұл алаяқ.
7. Құпия сөзіңізді қорғаңыз
Құпия сөздерді құпияда ұстаңыз. Құпия сөзді орнатқан кезде сандардың, әріптер мен таңбалардың кездейсоқ тіркесімін қолданған жөн. Әр сайтта бірдей пайдаланушы аты мен құпия сөзді пайдаланбаңыз.
8. Карта операциялары туралы SMS-хабарламаларды қосыңыз
Бұл жағдайда сіз өзіңіз жасамаған төлем туралы бірден білесіз және тез әрекет ете аласыз: картаны бұғаттап, операцияға наразылық білдіре аласыз.
9. Өз сатып алуларыңызды қадағалаңыз
Тапсырысты растауда сәлемдемені бақылау нөмірін табыңыз және қызметтің ресми сайтында жеткізу күйін тексеріңіз.
Электронды поштаға түрлі жарнама жіберіп, сізді ірі дүкеннің атынан жасалған фишинг (жалған) сайттарға бағыттайтын алаяқтар аз емес. Осыған мұқият болу керек.
Қалай дегенде де, Қазақстан дамыған елдердің тәжірибесіне сүйеніп, онлайн, оффлайн қаржы, сауда нарығында өз азаматтарын қорғауға күш салып келеді. Бірақ, толық сақтанудың бір ғана жолы бар. Ол халықтың қаржылық сауаттылығы. Сондықтан медиагигиена, сауаттылық мәселесіне аса көңіл бөліп, тек ресми ақпаратқа сенген жөн.