Түркияда «Қазығұрт оқиғалары» кітабының тұсаукесері өтті
Түркияның Анадолы қаласында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Алаш» және Махмұт Қашқари халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы Нұрғали Ораздың түрік тіліне аударылған «Қазығұрт оқиғалары» кітабының тұсаукесері өтті.
Алматы, NEGE. Салтанатты шара Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің ұйымдастыруымен және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қолдауымен ХVI халықаралық Анкара кітап көрмесі аясында өтті.
Жинақтың алғысөзін жазған ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев, ҚазҰУ түлегі әрі қызметкері Нұрғали Ораздың түрік тіліне тәржімаланған «Қазығұрт оқиғалары» атты әңгімелер жинағы туыс халықтарды әдебиет арқылы жақындастыра түсеріне үміт артады.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жинақтың таныстырылымында Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы топтаманың Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, Түркия Республикасының 100 жылдығы қарсаңында оқырман қолына тигенін, сондай-ақ жинаққа енген «Бақыт құсы», «Оңаша арал», «Түрік аспанындағы қазақ жұлдызы», «Ақ тырналардың ұясы», «Қазығұрт оқиғасы», «Біз, ол, мерседес және махаббат», «Түндегі жетім тамшылар», «Қайыршының жұлдызы», «Боранбай барон – теріс ағаш» туындыларының түрік ағайындардың көңілінен шығарына сенім білдірді.
Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Якуп Өмероғлу өзі басқаратын «Бенгу» баспасынан жарық көрген туындының тарихи-мәдени салмағын сипаттап, Қазығұрт тауларын көріп өскен қаламгердің суреткерлік қырын жоғары бағалады. Еуразия Жазушылар одағының басқарма мүшесі, кітап аудармашыларының бірі Жәмила Кынажы қазақ әдебиетінің белді өкілі Н.Ораздың жазушылық стилі мен жанрлық ерекшеліктері туралы баяндама жасап, әр шығарманың арқалаған жүгі мен көтерген міндетін жан-жақты таныстырып өтті.
Жазушы Нұрғали Ораз өз кезегінде бұған дейін жекелеген әңгімелері түрік тіліне аударылғанымен, алғаш рет жеке кітап ретінде жарық көргенін жеткізіп, шара ұйымдастырушыларына ризашылығын білдірді.