Еліміздегі барлық перзентханалар 15 тамызға дейін тексеріледі
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова 15 тамызға дейін елімізде босандыру қызметін көрсететін барлық 69 медициналық ұйымды тексеруді тапсырды.
Астана, NEGE. Тексеру кезінде Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті медициналық ұйымдарда инфекциялық бақылау талаптарының қалай сақталатынын бағалайды. Негізгі назар аналар мен жаңа туған нәрестелердің қауіпсіздігіне және ауруханаішілік инфекциялардың алдын алуға аударылады.
Министрліктің мәліметінше, тексерудің мақсаты – медициналық ұйымдарға қолданылатын санкциялар санын арттыру емес, ықтимал тәуекелдерді анықтап, оларды жою және көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсарту.
«Инфекцияның әрбір жағдайы кәсіби тұрғыдан жан-жақты талданып, пациенттердің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған нақты шешімдер қабылдауға негіз болуы тиіс. Ашық әрі объективті көзқарас қана медициналық көмектің сапасын жетілдіруге мүмкіндік береді», – деді Ақмарал Әлназарова.
Министр инфекция жағдайларын тергеп-тексеру тәртібін қайта қарауды тапсырды. Сонымен қатар профилактикаға басымдық бере отырып, санитариялық қағидалар мен мемлекеттік бақылау кезінде қолданылатын тексеру парақтары жаңартылады. Инфекцияның әрбір жағдайының туындау себептеріне объективті баға берілуге тиіс.
Өңірлік денсаулық сақтау басқармалары медициналық ұйымдарды дезинфекциялау және зарарсыздандыру жұмыстарына қажетті ресурстармен қамтамасыз етуі керек.
Сондай-ақ медицина қызметкерлерін инфекциялық бақылау мәселелері бойынша жүйелі түрде оқыту тапсырылды.
Кеңесте антибиотиктерге төзімділік мәселесіне де ерекше назар аударылды. Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті бактерияға қарсы препараттарды тек рецептпен сату талаптарының сақталуына бақылауды күшейтеді.
Министрліктің түсіндіруінше, антибиотиктерді ұтымды пайдалану микроорганизмдердің емге төзімділігінің алдын алуға көмектеседі.
Тексеру қорытындысы бойынша әр өңірде инфекциялық бақылау жүйесін одан әрі жетілдіруге арналған жол картасы бекітіледі.