Қазақ жазушылары Нобель сыйлығына неге жете алмай жүр?
Қазақстан Жазушылар одағы әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаты, қытайлық жазушы Мо Янға хат жолдап, Төлен Әбдіктің «Парасат майданы» повесін Нобель сыйлығына ұсыну мүмкіндігін қарастыруды өтінгенін мәлімдеді.
Астана, NEGE. Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкеновтің айтуынша, бұл ұсыныс өткен жылы Қазақстан Жазушылар одағы мен Қытай Жазушылар одағы арасындағы әдеби байланысты нығайту аясында Мо Янмен өткен кездесудің жалғасы болды. Сол кезде қытайлық жазушыға 2020 жылы Бейжіңде қытай тілінде жарық көрген «Қазақстанның қазіргі заманғы прозасының антологиясына» енген Төлен Әбдіктің «Парасат майданы» шығармасын оқып шығу ұсынылған.
Құлкеновтің айтуынша, Мо Ян жауап хатында «Парасат майданы» повесін оқып шыққанын және оны көркемдік деңгейі жоғары, терең философиялық шығарма ретінде бағалаған.
«Бізді қуантқаны – Мо Янның "Парасат майданын" жоғары көркемдік деңгейдегі шығарма деп бағалауы. Бұған дейін әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаты қазақ қаламгерлерінің шығармаларын оқымағанын жоғарыда айттық. Сондықтан оның осындай жоғары бағасы баршамыз үшін қуанышты жаңалық деп есептеймін», – деді Жазушылар одағының төрағасы.
Алайда Мо Ян Нобель сыйлығына ұсынудың ресми тәртібіне байланысты Төлен Әбдіктің кандидатурасын өзі ұсына алмайтынын жеткізген. Оның айтуынша, халықаралық Нобель немесе Букер секілді беделді әдеби сыйлықтарға үміткер болу үшін шығарманы ұсынудың нақты талаптары бар.
Ең алдымен, туынды ағылшын, француз, неміс секілді негізгі еуропа тілдеріне кәсіби деңгейде аударылып, беделді шетелдік баспалардан жарық көруі және халықаралық әдеби ортада кеңінен насихатталуы қажет.
Осыған байланысты Мереке Құлкенов Қазақстанда қазақ әдебиетін әлемдік деңгейге шығаруға арналған ұзақ мерзімді мемлекеттік бағдарлама қажет екенін айтты.
«Біздің ойымызша, бұл аса күрделі мәселеге мемлекет деңгейінде көңіл бөлінуге тиіс. Сол себепті біз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақ әдебиетін әлемдік деңгейге көтеруге бағытталған ұзақ мерзімді мемлекеттік бағдарлама әзірлеуге назар аударуын сұраймыз», – деді Жазушылар одағының төрағасы.
Бағдарлама аясында қазақ қаламгерлерінің шығармаларын ағылшын, француз, неміс және басқа да жетекші әлем тілдеріне сапалы аудару, оларды шетелдік беделді баспаларда шығару және халықаралық әдеби кеңістікте жүйелі түрде насихаттау мәселелеріне басымдық берілуі тиіс екенін айтты.