USD
USD
USD

Шымкентте мүгедектігі бар әйел туыстарының кесірінен баспанасыз қалған

Шымкентте сот ІІ топтағы мүгедектігі бар әйелдің атынан рәсімделген сенімхаттар мен жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп таныды. Нәтижесінде оның үйіне, жер учаскесі және пәтеріне қатысты құқықтары қалпына келтірілді.

.
Фото: NEGE/ЖИ көмегімен жасалған

Астана, NEGE. Жоғарғы соттың мәліметінше, Шымкент тұрғыны сотқа жүгініп, өзіне тиесілі тұрғын үй, жер учаскесі және пәтерге қатысты берілген сенімхаттар мен сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тануды талап еткен.

Әйел сенімхаттарға қашан әрі қандай жағдайда қол қойғаны есінде жоқ екенін айтқан. Оның айтуынша, ол өз мүлкін сатуға немесе басқа адамдардың иелігіне беруге келісім бермеген. Сенімхаттар рәсімделіп, мәмілелер жасалған кезде өзі облыстық психикалық денсаулық орталығында стационарлық ем қабылдап жүрген.

Іс бойынша екі нотариус пен әйелдің үш туысы жауапкер ретінде танылды. Талап қоюшы олардың өзінің психикалық жағдайын пайдаланып, қажетті құжаттарды сыртынан рәсімдегенін мәлімдеді. Кейін сол сенімхаттардың негізінде оған тиесілі жер учаскесі, тұрғын үй мен пәтер сатылып кеткен.

Шымкент қаласының ауданаралық азаматтық істер жөніндегі соты жауапкерлердің сенімхат арқылы әйелдің атынан әрекет етіп, оның жылжымайтын мүлкін иемденіп кеткенін анықтады. Соның салдарынан ол баспанасынан айырылып, туыстарының үйінде тұруға мәжбүр болған.

Сот-психиатриялық сараптама әйелдің 2019 жылдан бері психикалық ауытқушылығы бар екенін растады. Сарапшылардың қорытындысына сәйкес, ол сенімхаттарға қол қойған кезде өз әрекетіне жауап бере алмаған әрі оны басқара алмаған.

Оның ойлау қабілеті, жады, эмоциялық тұрақтылығы мен зияткерлік функцияларының айқын бұзылғаны анықталды.

Сот жиналған дәлелдерді сараптай келе, сенімхаттар рәсімделген кезде әйел өз ырқын саналы түрде білдіре алмаған деген қорытындыға келді. Осыған байланысты сенімхаттар мен олардың негізінде жасалған сатып алу-сату шарттары жарамсыз деп танылды.

Сот шешімі заңды күшіне енді.

Қазір оқып жатыр

Brent маркалы мұнай бағасының баррелі 101 долларға дейін төмендеді

мұнай

Астанада апалы-сіңлілі екі әйел күйеулерімен бірге «секс-притон» ұйымдастырды деген күдікке ілінді

Күдіктінің үйін тінту сәті

Тоқаевтың президент болғанына жеті жыл: негізгі экономикалық көрсеткіштер қалай өзгерді?

Қасым-Жомарт Тоқаев

«Мың доллардың футболкасын кім алады?»: Миллионер Арсен Томский Esentai Mall-дағы бағаға таңғалды

Арсен Томский