«Туалет қайда?» – Алакөл НЕГЕ нәжіс сасып жатыр?
Жаз басталғанда жұмысбасты жұрттың демалыс алып, суға шомылуға жұмылатыны бар. Қалтасы қалыңырақтар шетелге қыдырыстап кетсе, енді біреулер отандық туризмді дамытуға ат салысады. Тілшіміз Алакөлге барып, ішкі туризмнің тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан еді.
Алакөлге шомылғанды жақсы көретін жұрт оның Ақши, Көктұма, Жарбұлақ атты жағалауларын жақсы біледі. Мөлдір әрі тұнық суды сүйетіндер Ақши мен Көктұмаға табан тіресе, ендібіреулер аллергия мен түрлі бөртпеге таптырмас ем саналатын Жарбұлақ, яғни Шығыс жағын жағалайды. Біздің таңдауымыз осы – қазіргі таңда Қабанбай ауылы деп аталатын бұрынғы Жарбұлаққа қарасты жағалауға түсті.
Алматыдан межелі жерге жеке көліктен тыс, пойызбен, автобуспен немесе ұшақпен қатынауға болады. Автобус бағасы Алматыдан Қабанбай ауылының тура басына 8900 теңгеге жеткізіп салады. Сонымен қатар, бүгінде Астана – Үржар – Астана, Алматы – Үржар – Алматы бағытында әуе бағыттары қызмет көрсетуде. Әуе көлігін таңдар болсаңыз, Үржар елдімекенінен Қабанбай ауылына дейін жету үшін такси жалдап, 140 шақырым жүріп өтуге тура келеді. Біз асықпай шай ішіп, айналаңды танып бару мақсатында «Алматы-Достық» пойызын таңдадық. Бірақ жүрдек пойыз көлдің басына тура апармайды, жолай Жалаңөшкөлден түсіп, ары қарай Алакөлге таксимен жетуге болады. Көлдің басына дейін жетпіс шақырымды жүріп өтесіз, ал оның ақысы – кісі басына 2500 теңгеден.
Мұнда жеткенде қызық жатын жер, яғни түсер орын табудан басталады. Пансионаттар мен демалыс орталықтарында ұсынылатын қызмет сапасы стандарт, комфорт және люкс деп бөлінеді. Бағасы да соған сәйкес, әртүрлі болып келеді. Орта есеппен кісі басына 12 000 теңгеден сұрайды. Жергілікті такси жүргізушілері ығайлар мен сығайлар жататын пансионаттардың ақысы 90 мың теңгеден басталатынын айтады.
Жолдан шаршап-шалдығып келе сала жатын орын іздеп жүруді құп көрмейтіндер күнібұрын онлайн түрде орын брондап қояды. Бірақ қожайыны кісі аяғы қаптап кетсе, алдын ала келісілген соманы өсіре салуы ғажап емес екен. Өзіміз осындай жайттың куәсі болдық. Сондықтан жатын орынды әлеуметтік желіден емес, барған соң көріп-біліп, бірден жалға алғаныңыз жөн.
Демалушылар қарасының көптігіне сәйкес, көлден пансионаттарға барар жолдың арасында әрі-бері ағылған көліктер аяқ алып жүргізбейді. Сондықтан суға бара жатқандар мен келе жатқандар жолай жүйткіген көліктерге жол берумен болады.
Бұл бала-шағамен жүрген топ үшін қиындық тудырады. Себебі, мұнда жаяу жүргіншілерге арналған арнайы жол жоқ, адам да, көлік те қара жолмен қатынайды. Салдарынан жолай баласын көлік қағып кете ме деп, қызғыштай қорығандар көп кездеседі. Ал көлдің жағалау тұсына жақын жердегі жолдың жиегі мынадай шпагат жіппен ғана қоршалған. Абайсызда аяқ тайып кетсе, биік жардан төменге топ ете түсуің ғажап емес.
«Алакөл – бізге Алланың берген сыйы» дейді жергілікті жұрт. Қазақстанның жауһарларының бірі саналатын көл ел ішінде көлемі жағынан екінші орынды иеленеді. Суының құпиясы да сан түрлі. Табиғаты ерек, тылсым күші өзіне тартатын бұл мекенге демалыстап шетелдіктер де жиі келеді. Мәселен, көршілес Ресейден демалып келетіндерді жиі кездестіруге болады. Алыстан ат артып келген бүтін бір әулет үлкен көліктерін жағалай тіркеп, көлдің жанын құдды бір демалыс мекеніне айналдырып жіберген. Жағалауда апталай жатып, балық аулап, оны сөрге салып кептіріп, ала кететіндерін айтты.
Мұнда туристік маусым 22 мамырдан басталып, қыркүйектің ортасына дейін жалғасады. Биыл күннің бірден ысып кете қоймауына байланысты суға шомылу маусым айының бел ортасынан басталған. Алакөл көлінің ортасында Үлкен, Кіші Аралтөбе, Белқұдық және басқа да аралдар орналасқан. Климаты – күрт континентальды. Таңертең күн шуағымен көлдің түсі нәзік көгілдір түстес болса, кешқұрым ғайыптан көк түске айналады. Ал жел тұрып, дауыл соқса Алакөлдің суы қара түске боялады. Мұны білетіндер судың ортасындағы минералдардың жағаға жиналатынымен байланыстырады. Бұл кезде суға шомылуға келгендер жүйтки ұрған толқынға арқасын сүйсіне төсеп, жағаға тізіліп жата қалады.
«Алакөлдің суы шаршауды, нервоздықты жоюға, буындардағы ауырсынуды жеңуге көмектесетін және тамаша көңіл-күй мен рух сыйлайтын күшке ие. Тұзды суынан Менделеев кестесіндегі йодтан басқа бүкіл элементтерді кездестіруге болады. Кезінде Қабанбай атамыз жараланған әскерін суға бір кіргізіп алатын көрінеді. Бұл орлардың айқаста алған жарасынан тез айығуына септігін тигізеді екен», – дейді ауыл тұрғындарының бірі.
Иә, мұндағы күкіртсутекті балшықтар да минералды тұздарға бай. Сондықтан буын ауруларының алдын-алады деп мұндағы қара балшыққа жататындар жағалай кезекке тұрады. Ал ақ балшығын қыз-келіншектер қауымы судың астынан қазып алып, беттеріне жағады. Себебі, ақ саздың косметологияда пайдасы көп екені жалпақ жұртқа ежелден белгілі.
Кәсіптің көзін тапқандар жағалауға жағалай «сақ моншаларын» тігіп тастаған. Мәселен, иірмен, жалбыз, жусан сынды исі бұрқыраған емдік шөптермен тыныс алып, буы бұрқырағандар ыстықтан шығып, көлге күмп береді. Мұнда әр кіргеніңіз 500 теңге, ал 1000 теңге төлесеңіз, бу бөлмесіне үш рет кіріп шығу мүмкіндігіне ие боласыз.
Алакөлдің жанға шипа екенін ескеріп келген жұрттың бір кідіретіні – жағалаудан әжетхана табу. Суға шомылған жандардың қуығын қысып жүгіргенде бұрыш-бұрыштан әрең жолықтыратыны осындай әжетхана.
Мұндай әжетханалар ақылы болғанымен, әркез есігі айқара ашық болса жақсы. Әйтпесе, келушілерге өзі жатқан демалыс орнына жүгіруге тура келеді.
«Шіркін, анау қыруар табыс тауып жатқан пансионаттардың әрқайсысы жағаға бір-бір биотуалет орнатып қойса ғой. Әйтпесе, жел тұрғанда көлдің жағасынан нәжістің исі аңқиды. Табиғаттың берген осы сыйына орай сервисті дамытса болады ғой. Осыны үйлестіретін адам бар ма?!» – деп күйінді Шолпан есімді өскемендік тұрғын.
Демалыс орталықтарында жиі белең алатын көрініс – жарықтың жиі сөніп қалуы. Мұның себебін біз түскен орталықтың қожайыны да дөп басып айта аламады. Ал жалпыға бірдей жарық тарататын трансформатордың пошымы мынадай.
Алакөлге ат арылтып барған демалушылар кешкі тамақтан соң сауық-сайран іздеп, орталықтағы арбатқа ағылады. Мұнда жағалай тізілген кафе мен кәуап орталықтары жетерлік. Балаларға арналған балмұздақ пен тәтті сусындардың түр-түрін таба аласыз. Тирде мылтық атып, атқа мініп, серіппелі арқан арқылы көкке самғай аласыз. Құдды бір Алматының барахолкасы да көшіп келген бе дерсіз. Неге десеңіз, саудагерлер арбатты сауда-саттықтың ортасына айналдырып жіберген.
Шіркін, Алакөлдің тарихымен таныстыратын шағын мұражай мен кинотеатр немесе театр болса, қыдырыстап барған жұрттың біраз рухани азық алып қайтарына сеп болар ма еді. Суретке түсіп мәре-сәре болатын жұрт үшін әдемі субұрқақтың да жоғы көңілге қаяу түсіреді. Осыдан соң «сервисі мықты» деп шетелге ағылатын отандастарымызды сынау орынсыз секілді...