22 Шілде 17:17
...

«Трамп жеңсе, Қытай мен Ресейдің жағдайы қиындайды» – Сарапшы

АҚШ
Фото: Leon Neal / Getty Images

Бұл жолғы АҚШ-тағы сайлау науқаны оқыс жайттарға толы болды. Республикалық партиядан үміткер Дональд Трампқа әлдебіреулер қастандық жасаса, оның басты қарсыласы – қазіргі президент Джо Байден жол ортада кандидаттықтан бас тартты. Дұрысы, мәжбүр еткендей. Демократтардың ендігі үміті – Камала Харрис.

АҚШ – әлемді аузына қаратқан алпауыт ел. Сондықтан халықаралық саясаттың бағытын анықтайтын да – Ақ үй. Оның жаңа қожайыны кім болады? Ол әлемдік саясатқа қандай өзгеріс әкелуі мүмкін? Бұл жөнінде саясаттанушы Серік Белгібаев NEGE-ге берген сұхбатында болжам жасап көрді.

– АҚШ-та өтетін сайлауда қызық жайттар көп болып жатыр. Байден аяқ астынан сайлауға түсуден бас тартып, үміткер орнын Камала Харриске берді. Трамп болса: «Оны жеңу – жаңғақ шағудан қиын емес», – деп мәлімдеп үлгерді. Сіздіңше, бұл сайлауда қай партияның бағы жанады?

– АҚШ сайлауына келсек, жағдай өте күрделі болып отыр. Байденнің позициясы бастапқыда-ақ әлсіз болды. Олар осы уақытқа дейін балама үміткерді қарастырмады. Тіпті, дайындаған да емес. Нәтижесінде, қазіргідей жағдайға тап келді. Әсіресе, дебат нәтижелері өзгеріс керек екенін көрсетіп берді. Демократиялық партияның көпшілігі Байденнің кандидат ретінде жарамай қалғанын мойындады. Күдік-күмән туған соң, олар ақыры Байденді сайлауға түсуден бас тартуға көндірді.

Қазір «АҚШ билігіне Трамп қайта келеді» деген пікір жиі айтылып жүр. Бәрі де мүмкін. Десе де, бұл анық жайт емес. Сайлауға дейін небәрі жүз күн ғана қалды. Әзірге сайлаудың нәтижесі қалай боларын болжау қиын. Өйткені, АҚШ-тағы сайлаудың нәтижесі кандидаттардың жеке тұлғасына тікелей байланысты емес.

Айталық, АҚШ-та Демократиялық партияның үлкен әлеуметтік қолдау базасы бар. Камала Харрис қысқа уақыт ішінде осы қолдауды жинақтай алуы мүмкін. Рас, Трамп мығым. Бірақ дауыс берушілердің дені Камала Харристі жақтамаса да, демократиялық партияны қолдағандықтан немесе Трампқа қарсы болғандықтан оған дауыс беруі де ғажап емес. АҚШ-та Трампқа қарсы көңіл-күй күшті. Бұл фактор Камала Харристің есебін түгендеуі ғажап емес. Сондықтан «сайлаудың тағдыры шешілді» деп айтуға әлі ертерек.

АҚШ
Камала Харрис. Фото: ғаламтордан

– АҚШ-тағы сайлау нәтижесі халықаралық саясатқа қандай өзгеріс әкелуі ықтимал? Мәселен, демократтар жеңсе, қандай өзгеріс болмақ? Трамп жеңсе, республикалықтардан не күтеміз?

– АҚШ-тың сыртқы саясаты тұрақты. Өйткені, бірінші әлем елдерінің – яғни, Еуропа мен Солтүстік Американың саясаты Қазақстан секілді елдермен салыстырғанда айырмасы жер мен көктей. Біздегі саясат қарабайыр. Айталық, бір хан бар, оның төңірегіндегілер бар дегендей. Ал бірінші әлемнің саясаты әлдеқайда күрделірек. Біріншіден, оларда легитимді алаңда жұмыс істейтін партиялар бар. Заң алдында бәрі бірдей. Қоғамдық пікір бар. Түрлі топтар бар. Саясат ол жақты өте маңызды. Бағытын дереу өзгерту, бетбұрыс жасайтындай шешім қабылдау өте қиын.

Мәселен, Трамп жеңіске жетуі мүмкін. Бірақ республикалық партия оның бүкіл әрекетіне бас шұлғып отырмайды. Дональд Трамптың бірінші мерзімінде бұл анық көрінді. Көп республикалықтардың өзі Тармпқа сын көзімен қарайды. Трамп қоғамдық қолдауға ие болған соң ғана, лажсыз қолдап отыр. Саясатқа ықпал ету АҚШ-тың саяси жүйесіндегі шешім қабылдаудың күрделі үдерісіне байланысты. Яғни, көп кеңесшілері, республикалықтардың партиясы, әртүрлі ықпалды топтар және тағысын тағылар бар. Бұл жүйенің үлкен инерциясы бар. Трамптың мұның бәрін өзгертуі екіталай дүние.

Бірінші мерзімінде де Трамп сыртқы саясатта радикалды шешімдер қабылдаған жоқ. Оның сайлау кезінде айтқан сөздері риторика деңгейінде қалып қойды. Трамп – популист. Сайлауда жеңіске жету үшін жұмыс істеп жатыр. Ал президент қызметіне келгенде оның әрекеттері басқаша болуы ықтимал. Әрине, сайлаушыларға берген уәделерін орындауға тырысады. Бірақ радикалды қадам жасай алмайды. Жасағысы да келмейді.

– АҚШ-тан тыс өңірлерде не күтеміз? Мәселен, Ақ үйдің Қытаймен қатынасы немесе Украина мен Ресейдің арасындағы жанжалға деген көзқарасы өзгере ме?

– Бұл жерде екі нәрсені баса көрсеткен жөн. Егер Трамп жеңіске жетсе, АҚШ-тың Украинаға беріп жатқан көмегі қысқартылуы мүмкін. Бірақ оның формасы қандай болатыны жұмбақ.

Трамптың өзі және оны қолдаушылардың дені Қытайға қырғи-қабақ. Сондықтан АҚШ-тың сайлаудан соң Қытайға қысым көрсетуге бағытталған шараларға баруы ықтимал. Қытай Ресейге экономикалық тұрғыдан көмектесіп жатыр. Соғыс жүргізіп жатқан Ресей Қытайға көп қарыздар. АҚШ осы жайтты ілік етіп, пайдалануы мүмкін.

Сосын мұнай ресурсы – соғыс үшін маңызды фактор. Газ бен мұнай бағасының жоғарылығы Ресейге үлкен қолдау болып тұр. Бюджетін толтырып, экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етіп жатыр. Трамп бірінші мерзімінде мұнай өндіретін компанияларды белсенді түрде қолдаған болатын. Айта кету керек, АҚШ – әлемдегі ең ірі мұнай өндіруші ел. Трамп өндіріске қойылған шектеуді алып тастауы мүмкін. Бұл, біріншіден, АҚШ-тың мұнай өндірісінің дамуына үлес қосады. Екіншіден, мұнай нарығын тұрақтандырып, бағаның төмендеуіне әкеледі.

Байденнің әкімшілігі бұл салада екіұшты қадамдар жасап келді. Демократтар билікке келгенде ғаламдық жылынуға қарсы күреске, көмірқышқыл газының азайюына қатты мән берді. Байден табиғи сұйытылған газды экспорттауға шектеу қойды. АҚШ-та оны тасымалдайтын ірі терминалдар желісін салу жоспарланған болатын. Трамп келсе, бұл жобалар қайта қолға алынады.

АҚШ
Джо Байден. Фото: KENT NISHIMURA | AFP / SCANPIX

– Демек, бұл мұнай-газ бағасы түседі деген сөз бе?

– Мұнай-газ бағасына келсек, Трамп саясатына байланысты жағдай күрт өзгеруі ықтимал. Бұл жайт Ресейдің экономикалық тұрақтылығына жағымсыз әсер етеді. Ал Украина үшін жақсы әсер беруі мүмкін. Байденнің билікке келуінің өзі Украинадағы жанжалға жағымсыз әсер бергендей көрінеді.

– Ал демократтар келсе, не болмақ? Камала Харрис жөнінде не білесіз?

– Камала Харрис жеңсе, саясаты қандай болатыны жөнінде болжам айту қиын. Өйткені, бұл – жаңа адам. Қандай адам екенін біз әлі білмейміз. Бір анығы, Камала Харрис – либералды көзқарастағы тұлға. Тіпті, Байденнің пікірлерінен де либералды еді. Оның әкімшілігі қандай бағытты ұстанатыны жөнінде қазір сөз қозғауға әлі ертерек. Оның сайлауға қандай бағдарлама ұсынатынын, қандай уәде беретінін енді ғана көретін боламыз.