Тозығы жеткен қымбат көлік ЕАЭО-ны қағып қирата ма?

Қазақстанды ҰҚШҰ мен Еуразиялық экономикалық одақтан шығуға және Ресеймен барлық интеграциялық үдерістерді тоқтатуға шақырған петиция жарияланды. Мәтіні Аlash.online сайтында жарық көрді. Қазіргі кезде 66 мыңға жуық адам қолдаса, 6 мыңға жуық адам қарсы дауыс берген.
Петицияда ЕАЭО мүддесінің кесірінен бізде автокөліктердің кеден салығы тым жоғары екені айтылыпты. Атап айтқанда, «алғашқы тіркеу» мен заңсыз утильалым. Бұған қарағанда қоғамдағы бұл одаққа деген басты қарсылыққа қымбат ескі-құсқы көліктер себеп болып отырған тәрізді.
Сонымен қатар, «темір перде қайта пайда бола ма?» деген де күдік-күмән бар.
«Қазақстан билігінен ҰҚШҰ мен ЕАЭО-дан шығуды, Ресей Федерациясымен барлық интеграциялық үдерістерді тоқтатуды талап етеміз. Ресеймен тек қана дипломатиялық және экономикалық қатынас алаңында қалу керек. Тіпті, бұл қарым-қатынастың үзілуіне әкелсе де! Олай болмаса, Ресейге кез келген қолдау көрсету елімізді Ресейдің қазіргі кездегі жағдайы секілді әлемнен оқшаулануға әкеп соғады», – делінген петицияда.
Әрине, Еуразиялық экономикалық одаққа қарсы наразылық қоғамда ә дегеннен туындаған еді. Қазақстандық тауарлардың Ресейде еркін сатылуына қойылған сан түрлі кедергілер Астананың да шамына тигені анық. Соңғы кезде рубльдің құнсыздануы қазақстандық өнім өндірушілерді қатты алаңдатып отырған жайы бар. Бұл петицияның жариялануына осы жайттың түрткі болуы ғажап емес.
Билік бұл петицияны назарға ала ма, жоқ па? Саясаткер Дос Көшімнің пікірінше, Астана бұл талапқа қатысты ешқандай шешім қабылдамайды.
«Бұл мәселе 2014 жылдан бері көтерілген. Алғаш рет біз Кеден одағына кіретін болдық. Кейін аты ауысып, Еуразиялық экономикалық одақ болып қайта құрылды. Қоғам ішінде дәл осы бағытта, дәл осындай қарсылық болған. Қаншама жылдан кейін біреулердің оны мәселе етіп көтергеніне таңғалып отырмын», – дейді ол.
Дос Көшімнің айтуынша, бұл одақтан қандай салдарлары бар екені сол кезде айтылған. Бірақ сол кездегі билік келтірілген дәйектерді құлаққа ілмеген.
Өз бағытын дұрыс деп тапқан.
«Әлеуметтік желіні жақсы көрмеймін. Оны дәретхана деп атаймын. Сондықтан мұндай нәрселерге көңіл аудармауға кеңес беремін. Интернетте көтеру – еш кеткен еңбек. Рас, бағыты дұрыс. Кезінде бизнесмендер де, саясаткерлер де көтерді. Бірақ тыңдар құлақ болмады», – дейді саясаткер.
Дос Көшімнің пайымдауынша, бұл мәселе референдум арқылы шешілуі тиіс еді. 2014 жылы референдум өткізу жөнінде бір ғана топ бастама көтеріпті. Ол – «Тәуелсіз бақылаушылар» қоғамдық бірлестігі. Бірақ оның өзі заңсыз деп табылған.
Әйтеуір, қазақстандықтар үшін тозығы жеткен удай қымбат көлік – осы оқшау одақтың символы болып тұр.