15 Қыркүйек 19:21
...

ТОҚАЕВТЫ Орталық Азиядағы қауіпсіздік НЕГЕ алаңдатты?

Фото:

Душанбеде Орталық Азия елдерінің басшыларының бесінші басқосуы өтті. Бұл кездесулер өңірдің ынтымақтастығына жаңа серпін беретіндей бастама көтеріліп отыр.

Мәселен, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Орталық Азия елдерінің қауіпсіздік саласындағы өзара ықпалдастық тетіктерін жетілдіру керек екенін мәлімдеді. Бұған әлемдік тәртіптің көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатқаны түрткі.  

«Нақты алдын алу шараларын әзірлеу үшін 2024 жылы Қазақстанда қауіпсіздік кеңесінің хатшылары деңгейінде Орталық Азиядағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөнінде диалог өткізуді ұсынамыз», – деді президент.

Орталық Азия елдерінің арасында арты ұдайы сиырқұйымшақтанып кететін интеграциялық бастамалар аз емес. Десе де, алпауыттар өзарада күш сынасып жатқан аласапыран заманда Орталық Азия елдері етек жеңін жинап, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, «өз қотырын өзі қаси алатын» аймақ ретінде өзін көрсете ала ма? Бұл сауалға қазақстандық сарапшылардың пікірі төмендегідей болды:

Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы:

Қағаз жүзіндегі ынтымақтастықтың өзі де керек

– Қазақстанның мұндай бастама көтеріп отырғанына таңқалудың қажеті жоқ. Орталық Азия елдерінде халық саны көп болса да, экономикалық мүмкіндігі мен әскери қуаты төмен. Орталық Азияның бір кемшілігі, билікке бағынбайтын басмашы сияқты әскери топтардың пайда болуы ғажап емес.

Оның үстінде, бұл елдердің арасында өзара ынтымақ жоқ. Тәжікстан мен Қырғызстан арасында шекара мәселесі бар. Түркменстан болса, оқшауланып алған. Экономикалық қарым-қатынастары да терең емес.

Бірақ белгілі бір мақсаттарда саяси элиталар ынтымақтасуға мұқтаж. Соның бірі – әскери ынтымақтастық.

Аймақтық ынтымақтастықты бірде керек етсе, бірде керек етпейді. Қауіптенеді. Барлық мемлекеттер де ішкі бақталастық бар. Сыртқы әскери көмекті өз мемлекетінің ішіндегі оппоненттеріне қарсы қолдануы мүмкін. Кейбір мемлекеттерде ішкі тиянақсыздық көрінеді. Әсіресе, бұл Өзбекстанның және Қырғызстанның кейбір өлкелеріне қатысты. Қазақстан болса, «Ресей жағынан қауіп бар» деп күдіктенеді.

Тым құрса, алып көршілерге тиянақтылықты көрсету үшін қағаз жүзіндегі ынтымақтастықтың өзі де керек.

Серік БЕЛГІБАЕВ, саясаттанушы:

Орталық Азия елдерінің ортақ саясаты атымен жоқ

– Орталық Азия елдерінің арасындағы диалог, қауіпсіздік, өңірдегі ынтымақтастық туралы көп айтылады. Бірақ бір шетін жайт бар. Өңірдегі интеграция мәселесі өте күрделі. 1990-жылдардан, яғни, тәуелсіздік алған бері ешқашан байыпты форматтар болған емес. Ұдайы басталады да, аяқсыз қалады. Екі тараптың ғана белсенділігі көрінеді. Бірақ «біз – Орталық Азия елдеріміз, бірге ықпалдасып жұмыс істеп жатырмыз» дейтіндей ұжымдық ынтымақтастық форматы болған жоқ.

Меніңше, бұл ұсыныс – имиджді, декоративті жүріс секілді. Мәселен, Ресейге немесе тағы да басқа бір елдерге «Орталық Азия ынтымақтасып, ортақ саясат жүргізе алады» дегенді көрсету үшін дегендей.

Яғни, шын мәніндегісінен күштірек болып көрінуді көздеуі ғажап емес. Немесе Орталық Азия елдерін ортақ саясаты бар біртұтас майдан ретінде көргісі келетін АҚШ-қа сәлем жолдағысы келетін шығар. Бірақ одан жақсы нәтиже шықпайды. Өйткені, Орталық Азия елдерінің ортақ саясаты атымен жоқ.

Сондықтан, өз басым мұндай мәлімдемелерге баса назар аудармаймын. Мұндай бастамалар көп болған. Және соңғысы да емес деп ойлаймын. 

Қазбек БЕЙСЕБАЕВ, саясаттанушы:

Қауіп-қатер бар

– Жалпы, қауіп-қатер бар. Мәселен, Ауғанстанның билігінде тәліптер отыр. Олар – діндар адамдар, көзқарастары басқаша. Одан бөлек, басқа да мәселелер аз емес. Ең бастысы, су проблемасы. Тәліптер канал салмақ. Онда Амудәрияға құйылатын судың көлемі кемиді. Бұл да – қатер.

Көші-қон мәселесі де күрделеніп жатыр. Африка елдерінен шыққан босқындар Еуропаны қойып, Орталық Азияға да жетті. Бізде кеңес дәуірінен қалған жақсы дәстүр бар. Халық екпе алады. Медицина, сақтандыру мәселесі шешілген. Ол жақтан келген адам екпе алды ма, жоқ па, ол жағын білмейміз. Бұл да қауіпті нәрсе. Сондықтан сырттан келетін кез келген қауіптердің бәріне бірге қарсы тұруымыз қажет. Қол ұшын беру керек.

Әлемде алпауыт елдер текетіресіп, кейбір елдерде соғыс та болып жатыр. Былайша айтқанда, кез келген жағдайға дайын болғанымыз жөн. Қару-жарақтарымызды сайлап, бір-бірімізге қалай көмектесетінімізді анықтап алу керек.

Президенттің ұсынысы орынды. Қауіпсіздік саласында қордаланған мәселе толып жатыр. Кездесіп, талқылау керек. Ынтымақтастық болуы тиіс. Қауіпсіздік кеңесінің хатшылары осы мәселелермен тікелей айналысады.

Тегтер: